Бейсенбі, 11 қазан 2012 7:12
Неврология медицинадағы күрделі саланың бірінен саналады. Жүйке ауруларының күн санап өсіп, күрделеніп отырғанын өмірдің өзі де, дәрігерлік зерттеулер де дәлелдеп отыр. Ең өкініштісі, жүйке ауруларының жасарып бара жатқандығы. Алматыда Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтының неврология кафедрасы (АМДБЖИ),
Неврологияның өзекті мәселелеріБейсенбі, 11 қазан 2012 7:12
Неврология медицинадағы күрделі саланың бірінен саналады. Жүйке ауруларының күн санап өсіп, күрделеніп отырғанын өмірдің өзі де, дәрігерлік зерттеулер де дәлелдеп отыр. Ең өкініштісі, жүйке ауруларының жасарып бара жатқандығы. Алматыда Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтының неврология кафедрасы (АМДБЖИ), С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жүйке аурулары кафедрасы және «Смағұл Қайшыбаев атындағы неврология институты» ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Неврологияның өзекті мәселелері» атты халықаралық ІІ ғылыми-тәжірибелік конференцияда неврологияның түйінді мәселелері кеңінен талқыланды.
Қазақстан неврологтары ғылыми мектебінің негізін салушы көрнекті ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Смағұл Қайшыбаевтың туған күніне орайластырылып жыл сайын өткізілетін дәстүрлі жиын қонақтардың құттықтау сөзімен ашылды.– Маған сіздердің араларыңызда болу – үлкен мәртебе, – деді конференция жұмысына сәттілік тілеген Латвия Ғылым академиясының органикалық синтез институтының директоры, академик, И.Калвиньш. – Өйткені, қазақстандық кардиолог, неврологтарды көптен жақсы білемін. Әрі сіздердің мектептеріңіз өте мықты. Институтымыз жайлы айтар болсақ, Кеңес Одағы кезінде екі елдің медицина қауымдастығы қоян-қолтық араласып, ынтымақтаса жұмыс істеген едік. Ол кезде дәріханаларға түсетін әрбір төртінші дәрі бізде дайындалатын. Бүгінде сол байланысымыз қайта жанданып келеді.Ресей неврологтары қауымдастығы атынан академик, Е.И.Гусевтің ыстық сәлемін жеткізген РММУ емдеу факультетінің неврология және нейрохирургия кафедрасының профессоры Е.Чуканова, т.б. жиынның табысты өтуіне тілек білдірді.– Жалпы конференцияны өткізудегі басты мақсат, – дейді АМДБЖИ неврология кафедрасының меңгерушісі, «С.Қайшыбаев атындағы неврология институты» ҒТО директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Н.Қайшыбаев, – ол тәжірибе, білім алмасу, осы кезең аралығында қол жеткізген жетістіктерімізбен бөлісу. Екіншіден, ол жас дәрігерлерімізді, әріптестерімізді, курсанттар мен резиденттерімізді оқыту. Олай дейтініміз, курсанттар үшін профессорлармен интерактивтік пікір алмасуға мұндай мүмкіндіктер бола бермейді. Әр форум, әр конференцияда олар да, дәрігерлер де әлемдік медицинаның дамуынан, ілгерілеуінен көп хабардар болар еді. Неврологияда өзекті мәселелер жеткілікті, бүгінгі конференцияда қаралып отырғаны соның бір бөлшегі ғана.Үш күнге созылып, 300 делегат қатысқан келелі кеңестің күн тәртібіне енгізілген мәселелер төрт блокқа бөлініп қаралды. Олар Транзиторлық ишемиялық соққылар; диагностикасы мен ем-домы; Мидың созылмалы ишемиясы. Заманауи емдеу бағыттары; Неврологиялық бұзылыстарды анықтау мен емдеудің заманауи тәсілдері; XXI ғасыр медицинасындағы ауру мәселелеріне дәстүрлі және балама көзқарас. Міне, осы тақырыптар бойынша Семей ММУ неврология, психиатрия және наркология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Талғат Хайбуллин, Ресей медицина академиясы дипломнан кейінгі білім берудің неврология кафедрасының меңгерушісі Олег Левин, Н.А.Семашко атындағы №38 қалалық аурухананың неврологиялық оңалту бөлімінің меңгерушісі Виталий Ковальчук (Санкт-Петербург), беларусьтік ғалым, дипломнан кейінгі білім беру медициналық академиясы неврология және нейрохирургия кафедрасының доценті Кристина Садоха, Яши клиникалық орталығы, неврологиялық оңалту ауруханасының директоры, профессор Дину Попеску (Румыния), медицина ғылымдарының докторы Вера Черкасова (Ресей), т.б. қазақстандық ғалымдар өз тәжірибелерімен бөлісті.Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,«Егемен Қазақстан».