• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Ақпан, 2019

Әке аманатына адалдық

674 рет
көрсетілді

Бір қауым елге тірек болып, тынысын ашып, ажарына әдемі сәуле себезгілеп отырған екі бірдей, бәйтеректің қос бұтағы тәрізді жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер. Өтпелі кезеңде бірер отбасы қоныс аударып кетсе, соңғы жылдары бұл ауылға көшіп келуге тілек білдіргендер көп-ақ. 

Серіктестік ширек ға­сыр бұ­­­­­рын құрылған. Кейін екіге бө­лінді. Біреуі бұрынғы «Бай­да­лы» атауын иеленсе, екіншісі «Бай­далы-2» ауыл шар­уа­шылығы кәсіпорны деп аталады. Екіге бө­лінгенімен, мақсат бір, мұрат ортақ. 

– 1992 жылы әкем Аман­дық Байдалыұлы осы жауап­кершілігі шектеулі серіктестіктің алғашқы директоры болған еді,–дейді «Байдалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бағдат Оразалин, – әкеміздің ұзақ жыл жинаған бай тәжірибесі, ауыл шаруашылығының тыныс-тіршілігін жақсы білетін білігі және қажырлы еңбегі зая кетпей, аз уақыттың ішінде қау­қар­­лы шаруашылыққа айналды. Өкі­нішке қарай, екі жыл бұрын өмір­ден өтті. Өзі өмірден өтке­ні­мен, артында мол мұрасы қал­ды. Таратып айтатын бол­сақ, ол мұра материалдық игілік­тен бөлек иманды дәстүрі, адам­гершілікке толы ақиқат іс­те­рі.­­ Мәселен, әкеміз көп­ші­­лік­ке­ қайырымды болды. Әсі­ре­се, ауыл­дағы білім ошағына мейі­рімін көп төгетін. «Болашақ ба­­­ла­ларда» деп есептегендіктен бо­лар, білім ошағына жиі барып, мұң-мұқтажын тыңдайтын. Құла­ғына тиісімен бірден мәселені шешуге тырысатын. Оның өз жөні де бар, мәселен, 1994 жылы осы мектепке біздің атамыз, Со­циа­листік Еңбек Ері Байдалы Оразалиннің есімі берілген. Ата­мыз бұл жоғары награданы сонау 1957 жылы алған екен. Міне, ата есімі берілген білім ошағына ке­йінгі ұрпағы қолынан келіп тұр­ғанда қамқорлық жасау керек деп түйсінген болар, әкеміз осы мек­теп­ке көп қамқорлық көр­сетті. Кейін бізге аманат етті.

Әке аманаты бүгінде бұл­жы­­­май орындалуда. Жаңа оқу жы­лы қарсаңында Веселое орта мек­те­бінің жанында көпбейінді спорт алаңы ашылыпты. Шағын футболдан алғашқы турнир өт­­кізілген. Бұл жарысқа осы ауданның ғана емес, Целиноград және Аршалы аудандарының спорт­шылары да қатысқан. Ба­лаларының айтуына қарағанда, әкелері үлгере алмай кеткен бір арман осы екен. Спорт алаңын салып берумен қатар, мектеп оқушыларының спорттық бұ­йым­дарына 20 миллион теңге бөл­ген. 

Ағайынды Оразалиндермен бірге білім ошағын аралап көрдік. Құрылысшының қалағының ізі сайрап жатыр. Еңсесі түсіп, ескірген мектепті күрделі жөн­деу­ден өткізіп, жұтындырып қо­йып­ты. Іші кірсе шыққысыз. Жаңалық жалғыз қабырғалар мен шатырларда ғана емес, ішінде де бар. Мәселен, өңірдің өткенін сабақтайтын мұражай. Мұндағы жәдігерлер ел тарихын екшеп, осы мектепте білім алып жатқан оқушылардың ғана емес, келімді-кетімді кісілердің де көкірегіне көрік­ті ой салып, тылсым сыр шер­тіп тұр. Айтқандайын, мек­­теп­­тің дәл алдында Байдалы Ора­­­залинге қойылған ескерткіш бар­ екен. Ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары еңселі ескерт­кішті өз қамқорлықтарына алып, маңайын абаттандырып, көрік­тендіріп тұратындығы ешкім айтпаса да аңғарылады. Бұл да ұлы еңбекке тәрбиелеу, қоғам байлығын еселеуге бойындағы бар қажыр-қайратын жұмсаған Еңбек Ерінің еңселі бейнесі ар­қылы өнеге беру. 

Өнеге беретін ізгі іс аз емес екен. Осыдан біршама уақыт бұ­рын аумағы ат шаптырым ме­шіт пайдалануға беріліпті. 

– Әкеміздің тағы бір арманы имандылықтың ұясы – мешіт салу еді, – дейді «Байдалы-2» ауыл шаруашылығы кәсіпорнының басшысы Бағдат Байдалыұлы, – 2017 жылы жаңа мешіттің ір­ге­тасын құя бастадық. Содан соң құрылыс материалдарын тасы­дық. Әдемі мәрмәр тастарды Иран­нан алдырдық. Алдында бір себеппен Шығыс Қазақ­стан облысында болған кезімде сәу­летті мешіттің үлгісін көрген болатынмын. Әкеміз жобалаған, ғұмыр бойы қиялында жүрген үлгі осындай болар деп ойладым. Мешіттің жанын түгел абат­­тандырып, көгалдандырып біт­кенімізше бір жыл өте шықты. 

Қос серіктестіктің басшы­лары Бағдат пен Марат Ораза­линдер серіктестіктің әуел бас­­тағы ізгілікті дәстүрлерін жалғас­тыруда. Соның бір мысалы, жергілікті отбасылық-дәрігерлік амбулатория. Шаруашылық басшыларына ілесіп барып көрдік. Маңайы мұнтаздай таза, неше алуан гүлмен көмкерілген. Сол тазалық ішке өзіңмен бір­ге кір­гендей. Медициналық құрал­дармен жабдықталған бөлмелер сыңғырлап тұр.

– Біздің дұрыс жұмыс істеуіміз осындағы екі серіктестіктің шы­найы қамқорлығының арқа­сын­да, – дейді дәрігер Жібек Ора­залина, – осындағы алты медбике Веселое ауылымен қоса төрт ел­ді мекеннің тұрғындарына тұ­рақты қызмет көрсетеді. Орта­лықтандырылған жылу жүйесіне қосылғанбыз. Ыстық су, суық суымыз бар. Қажет кезінде нау­қастарды аудан орталығы – Бал­кашин ауылына тасымалдау үшін көлік бөлінеді. Бұл мәсе­леде ешқашан кідіріс болып көрген емес. 

Отбасылық-дәрігерлік амбу­ла­торияның іргесінде шалғайдағы шағын елді мекендерде жағымды жаңалық болып есептелетін цех жұ­мыс істеп жатыр екен. Бұл жер­де пластикалық терезелер шығарылады. Игілікті іске осы ауылдың тұрғындары ғана емес, өңірдің адамдары да назар аударып, тапсырыс бере бастаған. Одан сәл әріректе қоғамдық мон­ша, наубайхана жұмыс істеп тұр. Бір айта кетерлігі, наубайха­на ауылдық округтің бес елді ме­кені тұрғындарын сапалы нанмен қамтамасыз етуде. Нан бағасы 60 теңге. Оған жалғас жай­­­­лы жатақхана орналасқан. Жатақхана негізінен шеттен келіп серіктестікте жұмыс істейтін адам­­­дарға арнайы салынған. Одан бөлек бұл өңірге жолы түс­­­кен адамдарға да қызмет көр­сетеді. 

– Екі серіктестік басшылары да ауылдағы мәселелерді ше­шуге көп көмектеседі, – дейді ауыл­дық округтің бас маманы Дина Тасмұратова, – жыл сайын ауыл көшелерін қатты жа­мылғымен қаптап жол салу­да. Таяуда ғана Веселое-Но­воселовка бағытындағы 26 ша­қырым жолды жөндеп шықты. Ал бұрын бұл жол адам жүргісіз бо­латын. Жергілікті бюджетте мұншалықты қаражат жоқ. Осын­д­ай игілікті істердің басым көп­­­­шілігі ел жайын ойлайтын қайырымды адамдардың жана­шыр­лығы арқасында жүзеге асу­­да. 

Мұндай пікірді ауылдағы ег­­де зейнеткер Лидия Якимова және еңбек ардагері Валентина До­ценко мен Александра Соля­никовалар да айтып отыр. Айтса айтқандай, қай кезде де туған жерін есінен шығармайтын аға­йынды Оразалиндердің қайы­рымдылық істері өз алдына бір жыр. Мәселен, серіктестіктердің 455 пай үлескерлері өз қалау­­­ларына орай шөппен, отынмен, көмі­рмен үлестерін ала алады екен. Нақты есептерін таратып айтатын болсақ, былайша өрі­лер еді. Бір пай 17 гектарға тең. Се­рік­тестік осы жер көлемін пай­даланғаны үшін пай иесіне 30 000 теңге өтемақы төлейді. Ал, көршілес шаруашылықтар 17 000 мыңнан 22 000 теңгеге дейін төлеуде. Айырмашылығы көрініп-ақ тұр емес пе? Серіктестік жұмысшыларының еңбекақысы атқарған шаруаларына орай орта есеппен жүз мың теңгеден айналады. Егер жұмысшының отбасында жарық дүниеге нәресте келе қалса шаруашылық есебінен 100 мың теңге көмек көрсетіледі, екінші балаға 150 мың теңге. Егер жоғары оқу орнында оқып жатқан жастардың мамандығы ауылда сұранысқа ие ма­мандық болатын болса, арнайы келісімшарт жасалып, олардың оқу ақылары төленіп отырады. Міне, сондықтан да бұл жерде мұғалімдер мен медицина қызметкерлерінің тап­шылығы жоқ. Өйткені әуел баста келі­сімшартта жас маманның ке­мінде бес жыл міндетті түрде жұ­мыс істейтіндігі көрсетілген. Ша­руашылық есебінен оқып білім алған жастардың дені бес жыл жұмыс істеген соң бауыр басып, тұрақтап қалады. Өйткені, мұн­да тіршілікке қажетті барлық жағ­дай жасалған.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan» 

Ақмола облысы,

Сандықтау ауданы