Астананың Сарыарқа ауданына қарасты Көктал-1 шағын ауданындағы жер үйде болған өрттен қаза тапқан бес бүлдіршін мұсылмандық жолмен жер қойнына тапсырылды. Бес бірдей бейкүнә сәбиді бақиға шығарып салу барша қазақстандыққа, қазақ қоғамына оңай тиген жоқ.
Жұртшылық бір-бірін жұбата жүріп көз жұмған сәбилер үшін Алладан дұға тілеп, олардың ата-анасына, ағайын-туыстарына көңіл айтып, сабырлы болуға шақыруда, қолдарынан келген көмегін ұсынып, өздерінің шынайы ниеттерін білдіруде. Қаралы отбасына Мемлекет басшысы Н.Назарбаев көңіл айтты. Сондай-ақ Үкімет мүшелері, депутаттар мен орталық мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, азаматтық қоғамның өкілдерінен бастап қарапайым жұртшылыққа дейін көңіл айтуда.
Парламент Сенатының төрағасы Қ.Тоқаев өзінің Туиттердегі парақшасында: «Астанадағы өрттің салдарынан бес баланың қаза болғаны туралы қаралы хабар қабырғамды қайыстырды. Бұл нағыз қасірет. Қаза болғандардың туыстарына қайғырып көңіл айтамын» дей келе, бұл оқиға тиісті мемлекеттік органдарға және жалпы қоғамымызға сабақ болуы тиістігін атап көрсетті.
Ал «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев: «Расымен, бес бірдей бүлдіршіннің қапыда қаза болуы тұтас халықтың қабырғасын қайыстырып жіберді. Өкініштен өзегіміз өртенеді. Бірақ амал жоқ. Енді осындай қасіреттің қайталанбауы үшін әрекет етуіміз керек, – деп жазды Фейсбук әлеуметтік желісінде. – Бұл жайт қоғамдағы кейбір өзекті мәселелердің кезек күттірмей шешуді қажет ететінін көрсетіп берді. Шын мәнінде, көп балалы отбасыларға жүйелі қолдау көрсету, жұмыс істейтін аналарға лайықты жағдай жасау және балалар құқығын қорғау мәселесінде әлі де болса жетілдіретін тұстардың бар екені сөзсіз. Сондықтан да халықтың жәрдемақы, баспана мәселесіне қатысты айтып, жазып жатқан сөздері орынды. Осыған орай «Нұр Отан» партиясы бұл бағыттарда нақты ұсыныстар дайындауда. Алдағы уақытта сол бойынша Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеп, жағдайдың жақсаруына өзіміздің үлесімізді қосамыз деп сенемін. Сонымен бірге партия жанынан Балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңес құру туралы шешім қабылданғанын жеткізгім келеді. Осы бағытта да бүкіл қоғам болып жұмылып, өскелең ұрпақтың жарқын болашағы жолында бірлесіп жұмыс істейік».
Әрине, «тас түскен жеріне ауыр». Сондықтан көз жұмған сәбилердің ата-анасының қандай күй кешкенін сөзбен айтып жеткізу қиын. Оны бәріміз түсінеміз.
Қабырғаны қайыстырып, жас өскіндерді жалмап кеткен бұл оқиға Астанада болғандықтан, қала әкімі Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысында бақытсыздыққа душар болған отбасына жан-жақты қолдау мен көмек жасалатынын мәлімдеді.
– Бүгінде Астана қаласы әкімдігі тарапынан тиісті барлық жәрдем берілуде. Арнайы комиссия құрылды. Қазір ата-аналарымен де жұмыс істеп жатырмыз. Одан әрі қандай жәрдем көрсетілетіндігі келесі шараларда шешімін табады. Жан-жақты көмек көрсетіледі, – деді қала әкімі. Оның айтуынша, осы іспеттес жағдайлардың алдын алу үшін аудан әкімдеріне, төтенше жағдайлар департаментінің, полиция департаментінің басшыларына бірлесіп түнгі рейд жүргізу жұмыстары тапсырылды. Ал күндізгі барлық от жағып отырған жер үйлер мен нысандардағы тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау түсіндіріліп, тексеру жүргізу жұмыстары жалғасады.
Айта кетейік, Астана қаласы Көктал-1 шағын ауданы Шыңғыстау көшесінде болған өрттен қаза тапқан бүлдіршіндердің үлкені 13-те, ал ең кішісі үш айлық болған. Қаза болған балалардың әкесі Техникалық қызмет көрсету стансасында істейді екен. Түнде жұмыс берушісі оны шұғыл істермен жұмыс орнына шақыртып алған. Ал полиэтилен кәсіпорындарының бірінде істейтін анасы түнгі ауысымда болыпты. Өртенген үй балалардың анасының үлкен апасына тиесілі көрінеді. Өрттің шығу себептері анықталуда.
«Қайғыны бөліссе азаяды» деген халқымыз осы күндері бір кісідей ынтымақ танытып, қара жамылған отбасына рухани қолдаудан бөлек, материалдық көмек ұйымдастыруға да жұмыла кірісіп жатқанын атап өту керек. Мысалы, ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұйымдастыруымен жиналып жатқан қаражатқа баспана алып берілетінін айтты. Бұдан бөлек, түрлі деңгейлі мекемелерден, мешіттерден, жекелеген азаматтардан бес бүлдіршіннің ата-анасының есеп-шотына қаржы салып жатқан, бір күндік еңбекақысын аударуға асыққан азаматтардың қарасы қалың. Осы ретте «Egemen Qazaqstan» газетінің ұжымы да қара жамылған отбасының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады және бір күндік жалақыларын есеп-шотына аударады. Жаратушы иеміз күнәсіз балдырғандардың алдарынан жарылқасын, ата-анасына сабыр берсін.
Жолдыбай БАЗАР,
«Egemen Qazaqstan»