• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
05 Қазан, 2012

Қазақтың келіні – Ляна

528 рет
көрсетілді

Қазақтың келіні – Ляна

Жұма, 5 қазан 2012 7:21

Біз өзі қызық халықпыз. Қазақтың қыздары өзге ұлт өкілдеріне, тіпті шетелдіктерге тұрмысқа шығып жатыр деп кәдімгідей қынжыламыз. Бұл қынжылысымыз орынсыз емес, әрине. Өйткені, жүрекке әмір жүрмейді дегенімізбен одан ұлтымыздың саны өспейді. Керісінше, сәл де болса кеми түседі. Қалай десек те, мұндай үрдіс кездесіп тұрады. Мүмкін, өмір болған соң тағдырдың өзі солай жазатын да шығар. Оған не істерсің?! Бақытын тапқанына шүкіршілік етеміз де.

 

Жұма, 5 қазан 2012 7:21

Біз өзі қызық халықпыз. Қазақтың қыздары өзге ұлт өкілдеріне, тіпті шетелдіктерге тұрмысқа шығып жатыр деп кәдімгідей қынжыламыз. Бұл қынжылысымыз орынсыз емес, әрине. Өйткені, жүрекке әмір жүрмейді дегенімізбен одан ұлтымыздың саны өспейді. Керісінше, сәл де болса кеми түседі. Қалай десек те, мұндай үрдіс кездесіп тұрады. Мүмкін, өмір болған соң тағдырдың өзі солай жазатын да шығар. Оған не істерсің?! Бақытын тапқанына шүкіршілік етеміз де.

Сонымен бір мезгілде, өзге ұлт өкілдерінің, атап айтқанда орыс, украин, неміс, кәріс, татар қыз­да­рының қазаққа келін болып түсіп жатқан көріністері де жиі кездеседі. Мұның өзін халқымыз үшін теріс емес, жағымды, оң үрдіс деп қарастыруға болатын секілді. Осы­лай санағымыз келетін себебі, ол келіндер мемлекет құраушы ұлт­тың ұрпағын өсіретін адами және аналық ізгі миссияны атқа­ратынында. Әрі өмір мен тұр­мыс­та мұндай некелердің көп жағ­дай­ларда берік болатыны да байқа­лып жүр. Ал мұндай сүйіс­пен­шілік сезім жөнінде жұмған аузы­мызды аша бермейміз. Әңгіме­міз­дің басында айтылғандай, қызық екеніміздің басты мәнісі де осын­да.

Расында да осындай терең сезім мен махаббат иелері жөнінде неге айтпасқа, неге жазбасқа. Хал­қымыздың арғы-бергі тари­хын­да қазаққа келін болып  түсіп, қазақтың ұрпағын өсіріп, ежелгі салт-дәстүрін дәріптеуге өз үлес­терін қосқан аналар аз емес. Сәл әріректен қозғасақ, есімі елге танымал айтыскер ақын Надежда Лушникованы мысалға келтіре аламыз. Сәл берірек келсек, өзін қазақтың келіні екенін әркез мақ­тан тұтып жүретін Парламент Мә­жілісінің депутаты Елена Тара­сенконың есімі ойға орала береді. Бүгінгі әңгімеміздің басты кейіпкері кәріс қызы, қазақтың келіні, Ақжайық елінің алғысын арқалап жүрген іскер әйел Ляна Тұр­сы­но­ваны да дәл осы қатарға қосуға болады.

Сөзі мен ісінің арасында ал­шақтық болып көрмеген Лянамен кездесіп әңгімелесіп, пікірлесудің өзі бір ғанибет. Адам өзінің ішкі сырын кез келген жанға жария жасай бермейді. Дегенмен, қойған сауалымызға ақжарқын қалтқы­сыз көңілден ашық жауап қай­тар­ғаны үшін де жеңгемізге бір құ­шақ гүл сыйлауға да әзір едік. Қа­зақтың келіні айтқан ашық сыр­дың кейбір нобайы төмендегідей.

Ол Өзбекстанның астанасы – Ташкентте дүниеге келіпті. Тұ­лым­шағы желбіреген он үш жа­сынан бері Орал қаласында оқып тәрбие алып, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын аяқтапты. «Мен өз бақытымды қазақ жерінен таптым. Менің құт мекенім де, Отаным да – Қа­зақ­стан. Оған қызмет ету, қазақ же­рінің бір кәдесіне жарау – менің перзенттік парызым. Кәріс қызы бола тұрсам да, қазақша ойлауға дағдыланып кеткенмін. Менің бүкіл бітім-болмысым қазақ хал­қымен етене жақындасып, бітісіп кеткен. Осындай қасиеттерді ор­нықтыруға арқа сүйер азаматым, сүйікті жарым, қазақ халқының нар ұлдарының бірі Серік Тұр­сы­нов, қоғамдық орта мен өз ұжы­мым ықпал жасады», – дейді Ляна Алексеевна.

Сондай-ақ кәріс қызы бізбен әңгімесінде әлемде көңілі мен ниеті өзінің кең даласындай дархан, қонақжай, мейірімді де қайы­рым­ды әрі кешірімді халық жоқ деп есептейтінін айтып берді. Егер Қазақстанда бүгінде достық пен татулық, бауырластық салтанат құрып отырған болса, оның басты дәнекері мен кепілі – қазақ хал­қының өзі деп тұжырымдады бір сәтте өз ойын Л.Тұрсынова.

Отбасында апалы-сіңлілі төрт қыз болып өсіпті. Өзін қоса есептегенде, оның үшеуі қазаққа келін болып түсіп, өз бақыттарын қазақ жігіттерінен тауыпты. «Қазақ халқы бар мейрімі мен қам­қор­лығын немерелеріне төгіп, олар­ды арқалап жүріп өсіріп, ауыз­да­рына барын тосып елжіреп жата­ды ғой. Немереге деген сондай сүйіспеншілік сезім менің жаным­ды да жылы нұрға бөлейді. Серік екеуміздің үш немереміз – ошақ­тың үш бұтындай. Үлкен немереміз Әділ он үш жасқа келді. Тимурымыз биыл мектеп есігін аттады. Әзеліміз төртке толады. Оның балдай тәтті қылықтарына тоя алар емеспіз. Сонымен бірге, отағасы екеуміз қызымыз Файна­ның болашағынан үлкен үміт күтеміз. Ол қазір АҚШ-та оқып жүр, – дейді асыл ана, абзал әже.

Ол – бүгінде Орал өңірінде асханалар мен ресторандар жүйе­сі­нің дамуына, қолжетімді қоғамды тамақтандыру орындарының ор­ны­ғуына мол үлесін қосып жүр­ген жаңаша тұрпаттағы орта бизнес өкілдерінің бірі. Инновация – тек өндіріске ғана емес, сонымен бірге, аспаздық іске де аса қажет екенін біз жеңгеміздің аузынан естідік. Осы мақсатта ол Оралға шығыстық ас үйлеріне негізделген жапондық қондырғылар мен жабдықтарды әкеліп орнатыпты.

Аспаздық шеберлік жөнінен бұған дейін оралдықтардың аты шығып көрмеген болса, соңғы жылдары бұл жүйедегі рес­пуб­ли­ка­лық және халықаралық байқау­лардағы жетістіктерді Л.Тұрсы­но­ваның есімімен байланыстыруға болады. Оның бүгінгі басты қыз­метінің бірі облыс орта­лы­ғын­да­ғы мектеп асханаларын ыстық та­мақпен және өзге құнарлы да жұ­ғымды, экологиялық тұрғыдан таза өнімдермен жабдықтауға ба­ғыт­талған. Бұл мәселе жөнінде үкіметте бекітілген арнайы сани­тарлық нормалар мен ережелер бар. Оның талабы өте жоғары. Бірін­шіден, мектеп оқушыларына ұсынылатын тағам түрлері сапалы әрі буы бұрқыраған ыстық күйін­де болуы керек. Әрі жеткіншектер тағамы қатаң түрде іріктелген, сұрыпталған, жас та өскелең ағ­за­ға зиянын тигізбейтіндей болуы шарт. Олардың тамақтан уланып қа­луының бетін әрі қылсын деңіз. Міне, іскер жан ұзақ жылдар бойы әлеуметтік маңызы жоғары осы міндетті мінсіз атқарып келеді.

Ел-жұрт «Тұрсынова» асханалар мен ресторандар жүйесі жеке кәсіпорнының қызметін пайда­лануға неге құштар? Өйткені, бұл өнімдер жоғары кәсіби маман­дардың қолымен әзірленеді. Ең бас­тысы – кәсіпорын ұжымы ас­паз­дық өнімдерін сатып алып, оны қайта өңдеп тұрғындарға ұсы­нумен айналыспайды. Оны өздері өндіреді. Өздері әзірлейді. Бұл үшін мүмкіндігі облыс орта­лығындағы мектептерді қамтуға жететіндей үлкен цех құрылған. Оған жоғарыда айтылғандай, әлем­дік деңгейге жауап бере ала­тын жаңа қондырғылар қойылған.

«Ел өңірлерінде қоғамдық та­мақтандыру жүйесін оң жолға қою үшін де оған кәсіби кадрлар қажет. Сөз жоқ, мұндай тап­шы­лық республиканың кез келген ай­ма­ғында кездеседі. Бұл мәселеде жоғары жаққа өкпе айтып, міндетси беруге болмайды. Қажет жағдайда оны өзіміз әзірлеуге тиіспіз. Осыдан бес жыл бұрын кәсіпкерлер конгресінде сөйлеген сөзінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бізге осындай талап қойып еді. Қазір біз сол талап үдесінен шығуға ұмтылып келеміз. Біздің жүйеде шеберлік мектебі жұмыс істейді. Қажет кезінде шеф-аспаздарды Астанадан, Ал­ма­тыдан және Мәскеу мен Ташкенттен шақырып отырамыз», – дейді ол.

Мамандықтың үлкен-кішісі, қа­жетті-қажетсізі болмайды. Ас­паз­шы мамандығына да осындай көзқарас тұрғысынан келген орынды. Осы орайда газет тілшісіне елдегі асханалар жүйесі секілді халыққа қызмет ететін са­ланың кәсіби шебері төмендегідей ұсыныс -пікірін айтты.

Республикадағы барлық кә­сіп­тік мектептердің жанында аспаз­шы мамандығын беретін бөлімдер бар. Бұл тек сыртқы, алдамшы көрініс үшін ғана ашылған деп санаймын. Негізінен оған келетін жас жеткіншектер аспазшы ма­ман­дығын алу үшін емес, орта білім жөніндегі аттестатқа қол жеткізу үшін келеді. Әрі көп жағ­дай­да олардың сабақ үлгерімі төмен, ең нашар оқыған оқушылар бо­лып саналады. Оның үстіне атал­ған мектептерде аспаз маман­ды­ғының қыр-сырын үйрететін маман кадрлар мүлдем жоқтың қа­сы. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі аспаздық мамандық беру жүйесін бұлай қосақтамай, дербес, мақсатты түрде оқытуға көңіл аударса, одан бәріміз де тек ұтар едік.

Әрине, бұл құптауға тұра­тындай ойлы пікір деп есептейміз.

Құдайға шүкір, бүгінгі отан­дық бизнес өкілдері арасында тек өзінің табысын күйттей бермей, өзі өмір сүріп отырған орта мен ел-жұртқа көбірек пайдамды тигізіп, қайырымдылық көрсетсем екен деп ойлайтындар жеткілікті. Солардың бірі Л.Тұрсынова екендігі талассыз. Өйткені, біз білетін Ляна Алексеевнаның табиғи жа­ра­тылысы мен жомарт жүрегі осындай. Ол қашанда адамдарға жақсылық жасауға әзір, бейім тұрады. Орал қалалық мәслихаты депутатының мандатына бірнеше адам таласқан кезде, тұрғындар қазақтың келінін таңдаған болса, оны шуағы мен жүрегінің жылуы мол іскер әйелге көрсетілген үл­кен сенім әрі мойындау деп баға­лағанымыз жөн.

Ең бастысы – ол бүгінде осы сенім үдесінен шығып келеді. Көңілі қашанда сергек, сезімтал, ойы жаңашыл, қайырымы мол кәсіпкер, алғыс арқалаған жан, қазақтың келіні Ляна Тұрсынова халыққа қызмет көрсетуден асқан мерейлі міндет жоқ деп санайды. Оның осы пікіріне біз де қол қоямыз.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан».

ОРАЛ.