• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 06 Ақпан, 2019

100 жасқа дейін темекі шегуге тыйым салынады

1364 рет
көрсетілді

Гавай аралдары темекі сатып алуға рұқсат етілген жас мөлшерін 100-ге дейін көтеруді көздеп отыр деп хабарлайды BBC News ақпараттық агенттігі.

Гавай аралдары заң жүйесіне темекі сатып алу жасын біртіндеп көтеретін өзгеріс енгізілмек. Бүгінде аралдар елінде 21 жастан бастап жеткіншектердің темекі сатып алуға мүмкіндігі бар. 2020 жылға арналған жоба бойынша бұл межені 30 жасқа дейін, ал 2021 жылы – 40, 2024 жылы 100 жасқа дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Бірақ бұл шектеу электронды темекілерге, шайнайтын темекілерге қатысты емес. Заң жобасының бастамашысы – бұрынғы врач-реаниматолог, демократ Ричард Крейган. «Темекіге деген тәуелділігі шектен асқан адамдар бар. Менің ойымша, оларды темекі өндірушілер өздерінің құлы еткен. Сондықтан зиянды екенін біле тұра бас тарта алмайды», деді ол «Hawaii Tribune-Herald» газетіне берген сұхбатында.

Олар ұсынған заң жобасында гавайлықтардың темекіден қатты зардап шегіп отырғаны айтылады. Алайда, бұл қиындық жыл сайын мемлекеттік бюджетке 100 млн доллар көлемінде пайда әкелетін темекі салығынан түсетін қаржының кеміп қалуымен байланысты емес.  Заң жобасын жасаушылар жоспарлары жүзеге асқан жағдайда бұл қаржының орнын толтыратын басқа дүниелер жасау керектігін алға тартты. Сондай-ақ, бұл жоба дүкен сөрелерінің темекіден толығымен тазаратынына кепіл. Алайда, елге келген туристерге бұрынғыдай өздерімен темекі алып келуге рұқсат етіледі.

Алпауыт ел АҚШ-та 18 жасқа дейін жасөспірімдерге темекі сатуға тыйым салынған. Бірақ, Гавай аралдарында бұл заң қаталырақ. Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, АҚШ-та ересектердің 16%-ы темекіге әуес болса, әйелдердің 13,5%-ы, ерлердің – 17,5%-ы темекіге тәуелді. 2018 жылғы деректерге сүйенсек, ең темекіге тәуелді ел – Кирибати. Бұл мемлекетте ерлердің 66%-ы, әйелдердің 34%-ы темекі шегеді. Ал Еуропа аумағында темекіге құмарлар ең көп тіркелген аймақ – Черногория. Мұнда ересектердің 46%-ы шылымға әуес. Әйелдердің темекіге тәуелділігі ерлерден жоғары жалғыз ел – Дания. Мұнда ерлердің 18,9%-ы, әйелдердің 19,3%-ы темекі шегеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, жыл сайын 7 миллионға тарта адам темекі тудыратын аурулардан қайтыс болады.  

Салтанат ШЫНӘДІЛ