• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Ақпан, 2019

«Цеснабанктың» бақылау пакеті сатылды

331 рет
көрсетілді

«Цеснабанк» акцияларының бақылау пакетін «First Heartland Securities» акционерлік қоғамы сатып алды Бұл туралы Ұлттық банк мәлімдеді. 

 

Ұлттық банктың мәлімдемесіне сүйенсек, банктің капиталына жаңа инвестор тартып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге қосымша қолдау көрсету және олардың жылдам қалыпқа келуі үшін жағдайлар жасалды. Соның негізінде «First Heartland Securities» компаниясы «Цеснабанк» акцияларының бақылау пакетін сатып алды.

«Цеснабанк» АҚ-тың үлесіне валюталық кредиттер түріндегі жүктемесі бар агроөнеркәсіптік сала кредиттік портфелінің 65%-ы тиесілі екендігі белгілі. Сыртқы нарықтардағы жылдам өзгеретін ахуалдың қысымымен ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қаржылық орнықтылығы нашарлады. Өз кезегінде бұл Банктің қаржылық орнықтылығына әсер етті», делінген хабарламада.

Сондай-ақ «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ «Цеснабанктен» 604 миллиард теңгеге ауыл шаруашылығы несие портфелін сатып алды.

«Ұлттық Банк пен Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен «Цеснабанк» АҚ-ның қаржылық тұрақтылығын жақсарту және агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға бағытталған шараларға сәйкес агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) кәсіпорындары үшін бірыңғай борыштық саясатты жүзеге асыру мақсатында «Проблемалық кредиттер қоры»  «Цеснабанктің»  ауыл шаруашылығы несиелері портфелін 604 млрд. теңгеге сатып алды», делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, 25 қаңтарда «Цеснабанктың» қаржылық көмекке мұқтаж екенін туралы ақпарат шыққан болатын. «Цеснабанкке» көмек көрсету жоспары Қазақстанның банк жүйесінің жай-күйі туралы сұрақ тудырады. Өткен жылдың сәуір айында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев секторды тазарту үшін билік 10 миллиард доллар жұмсағанын, енді банктерге көмектесе алмайтынын айтқан болатын.

Ұлттық Банктің деректері бойынша, 1 қаңтардағы жағдай бойынша Цеснабанк активтері 1 трлн. 711 млрд. теңгені құрады (банк секторының активтерінің 6,77% -ы). Мерзімі кешіктірілген кредиттер 39,19% (жүйе бойынша барлығы 14,51%) деп бағаланды. Ақпаратқа сәйкес, ағымдағы жылдың басында «Цеснабанк» АҚ тұрғындарының салымдары 380 миллиард теңгені құрайды. Банктегі заңды тұлғалардың депозиттері - 320 миллиард теңге. «Цеснабанк» - Қазақстандағы коммерциялық банктің екінші ірі несие портфелі.

Ұлттық Банк пен Үкімет іске асырған шаралар кешені және «Цеснабанк» АҚ-қа жаңа инвестор тарту «Цеснабанк» АҚ-ты қалыпқа келтіруге мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта банктің Ұлттық Банктің ең төменгі талаптарынан асатын капиталдандыру және өтімділік көрсеткіштері, кредиторларға қаражаттың қайтарылуын қамтамасыз ететін, теңгемен ұзақ мерзімді қорландыра алатын тұрақты қоры бар.

«Цеснабанк» АҚ-ты қаржылай қалыпқа келтіру жоспары қазіргі акционерлерінің теңбе-тең қатысуымен не жаңа инвесторларды тарта отырып мемлекет тарапынан қолдау көрсетудің негізділігі; провизиялардың, капиталдың және өтімділіктің тәуекел-бейініне сәйкес келетін қажетті қорын жасау қағидаттарымен; және тиімді менеджментті тарта отырып, қаржы институтының бизнес-моделін кейіннен өзгерту арқылы іске асырылды.

«Цеснабанк» АҚ өзінің салымшылары, кредиторлары мен инвесторлары алдындағы міндеттемелерін орындап жатқан, орнықты қаржы институты ретінде жұмыс істеуін жалғастырады. «Цеснабанк» АҚ-тың одан әрі даму стратегиясын FHS акционерлері айқындайды.