Алматыда Қазақтың онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында (ҚазОРҒЗИ) өткен “Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі шеңберінде қатерлі ісікпен ауыратын науқастарға көмек көрсету” атты республикалық конференцияда отандық онкологтар бас қосып, өткен жылда атқарылған жұмыстарын қорытындылап, алдағы межелерін белгіледі. Конференция жұмысына Денсаулық сақтау вице-министрі Елжан Біртанов қатысып, еліміздегі онкология саласына, биылғы жылдың басынан енгізілген Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне (БҰДСЖ) қатысты туындаған мәселелер төңірегінде ой бөлісті.
Жалпы республикадағы онкологиялық аурулардың ахуалына келсек, Қазақстанда соңғы 5 жылда тұрақтылық байқалған. Мәселен, 2005 жылы 29153 мың науқас болса, 2009 жылы 29071 адам ауырған. Яғни, өзгеріс жоқ, орнықты. Онкологтарды қуантып отырғаны, бес жылда өлім көрсеткішінің динамикалық азайып, 100 мың адамға шаққанда 114-тен 107-ге төмендеген. Оның себебі, онкологияда жұмыс жасайтын үш бағдарламамен байланысты. Соның бірі – ауруды ерте анықтау. Ерте анықтаудың көрсеткіштерін жақсартуда екі үлкен бағдарлама жұмыс жасады. Оны енгізудің алдында министрлік дайындық кезеңінде Қазақстанның барлық ауданы мен облыстарына 100 шақты жаңа маммографтар алып орнатса, маммография мен цитология бойынша рентгенолог мамандарын оқытқан. Осы бұйрық шеңберінде 2008 жылдан сүт бездері қатерлі ісігінің маммографиялық скринингін өткізу мақсатында 50-60 жастағы дені сау әйелдер мен 35-60 жастағы әйелдердің жатыр мойны қатерлі ісігі бойынша тексеру жүргізілген. Бір айта кетерлігі, мұндай бағдарлама бұрынғы ТМД елдерінің бірінде жоқ. Осы уақыт аралығында 800 мыңдай әйел маммографиялық, ал цитологиялық тексеруден 1 млн. астам әйел өткен. Сөйтіп, сүт безі қатерлі ісігінен 1163, жатыр мойны қатерлі ісігінен 277 жағдай анықталған. Екінші бағдарлама, 2006 жылдан барлық онкодиспансерге халықаралық протоколдар енгізіліп, оған қажетті өте қымбат химиопрепараттар республикалық және жергілікті бюджеттен жеткілікті бөлініп отырған. Үшінші бағдарлама – сәулемен емдеуде 18 онкодиспансерде 4 аппараттан 72-сі жұмыс жасауда (34-і жаңадан алынған). Сөйтіп, науқастарды емдеуде қатерлі ісікті ерте анықтау мен науқастарға ең тиімді емді ұсынудың нәтижесінде осындай жетістікке қол жеткізген.
– Онкологиялық ауруларға тиімді медициналық қызмет көрсетуде, әсіресе, сапалы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету өте маңызды, әрі қиын мәселе, – деді вице-министр Елжан Амантайұлы. – Елімізде онкологиялық ауруларды емдеуде тек халықаралық, еуропалық емдеу стандарттарын пайдаланғандықтан, қолданатын дәрі-дәрмектер өте қымбат. Оның үстіне, жыл сайын онкологияға бөлінетін қаражаттың көлемі көбейе түсуде. Бірақ, ұлттық жүйенің енгізілуіне байланысты бүгінде дәріні қалай жеткіземіз, қалай бақылаймыз, оны бірыңғай дистрибьюторлық жүйенің арқасында қалай шешуіміз керек деген мәселелер туындап отыр.
Вице-министрдің айтуынша, жылдың басында кейбір облыстарда осындай біраз мәселе көтерілген. Себебі, өткен жылдарда дәрі-дәрмек санын жоспарлау дұрыс шешілмеген. Бұрын республикалық бюджеттен денсаулық сақтау саласына бөлінген дәрі-дәрмектерді жылдың ортасына дейін жоспарлап, сатып алатынбыз. Оның себебі, жыл сайын тендер өткізгенде ұйымдастыру жағынан қиындықтар көп болатындықтан, науқастар қиналмау үшін екі-үш айға қор дайындап қоятынбыз. Жаңа жылдан бастап атқару тетігі өзгерді. Енді емдеу мекемелері ауруға қанша, қандай дәрі керек екенін өздері шешетін болады. Яғни, өздері шешетін болғандықтан тікелей дистрибьютормен жұмыс істемек.
Жиында Қазақтың онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Жеткерген Арзықұлов 2010 жылға арналған жоспар бойынша жан-жақты баяндама жасады. Сондай-ақ, жаңа ұлттық жүйенің артықшылықтарына тоқтала кетті.
– Бұрынғы жүйеде қай емдеу мекемесінің болмасын өз бюджеті болды, – деді Жеткерген Әнесұлы. – Бюджетте белгіленген соң, бөлінген ақша еш кедергісіз мекемеге барды. Ал мына жүйенің өзгешелігі, қаржы бөлінген соң міндетті түрде нәтиже болуы керек. Өйткені, нәтиже болмаса, онда ол дұрыс пайдаланылмады деген сөз. Меніңше, бұл жүйе керек. Неге? Егер сен басқаларға қарағанда, тиімді де сапалы ем жасап, науқастың бәрі сенің клиникаңа келіп, дәрігерлеріңді таңдайтын болса, онда бүкіл ақша сол мекемеге барады. Өйткені, кім еңбектенеді, соған ақша беріледі. Бұл уақыттың сұранысы. Өмірде де солай, бәсеке болмаса, қимыл болмайды, сол сияқты дәрігерлердің, клиниканың арасында бәсеке керек. Егер көрші клиникаға науқас көбірек барып, дәрігерлерге жоғары айлық беріліп, клиника деңгейі көтеріліп жатса, басқалар да әрекет жасайды.
Елімізде онкологиялық ауру саны көбеймегенмен, олардың арасында бірінші орында өкпе қатерлі ісігі 12,3, сүт бездерінің қатерлі ісігі 11,3, тері қатерлі ісігі 10,6, асқазан қатерлі ісігі 9,2, жатыр мойны қатерлі ісігі 4,6 пайызға жетіп отыр. Соған байланысты өлім де осы ауруларда ең жоғары. 2009 жылы ауру (заболеваемость) жағынан да, өлім көрсеткіші жағынан да Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары алда келеді.
Дәрігерлердің айтуынша, егер сүт безі мен терінің қатерлігі ісігін алғашқы сатыда анықтап, емдейтін болса, өте жақсы нәтиже береді. Біріншіден, науқасқа соншалықты үлкен операция жасалмай, ары қарай аналық парызын орындап, бала сүйе алады. Ол үкіметке де тиімді. Өйткені, химия терапия емі керек емес. Бүгінгі протокол бойынша химия терапияның он курсының әрқайсысы 1 мың доллардан 10 мың доллар аралығында. Яғни, ем қымбатқа түседі. Бірақ, оған қарамай мемлекетіміз қажетті дәрі-дәрмекті жеткілікті бөлуде.
Жиын барысында Шығыс Қазақстан облыстық онкодиспансерінің бас дәргері Жомарт Кенжалинге жолыққанымызда, ол аймақта қатерлі ісіктен қайтыс болатын адамдардың саны төмендеп келе жатқанын, оның себебін тек сапалы емдеу ғана емес, ерте бастап анықтап, ерте бастан аурудың алдын алумен байланыстырды. Қазір 17 ауданда онкологиялық кабнеттер ашылған. Сүт безі мен жатыр мойны қатерлі ісігіне жүргізіліп жатқан скрининг бағдарламасы да жақсы көрсеткіш көрсетуде. Қатерлі ісіктің асқынған сатылары төмендеп, науқастың бес жылдық өмірін ұзарту да жоғарылап келеді.
– Семей, Өскемен қаласындағы екі онкодиспансерде 17 мың адам есепте тұрса, жылына 2300-2400 адам жаңадан тіркеледі. Ең бірінші кезекте өкпе, омырау безі, асқазан, тоқ ішек ауруы. Дәрі-дәрмек жеткілікті, орнықты. Ал басты проблема – облыстағы 1,5 млн. тұрғынға 520 дәрігер жетіспейді. Шалғайдағы елді мекендерге дәрігерлер бармайды. Өкпе ауруының жоғары болуына байланысты аудандарда жетіспейтін рентген аппаратуралары, маммографтар, эндоскопиялық аппараттар алынса, – дейді бас дәрігер.
БҰДСЖ жайында Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетінің профессоры, белгілі маммолог Әскер Есенқұлов та өз ойымен бөлісті.
– Бұрын кім қалай жұмыс жасап жатыр: орташа ма, өте жақсы ма, бағаланбайтын. Бәріне бірдей қарайтынбыз. Айлығы да тең. Қазір мына ұлттық жүйеде науқас қалай емделді, жазылды ма, жазылмады ма, болмаса о дүниелік болып кетті ме, яғни емнің тікелей нәтижесіне сәйкес жалақы берілмек. Ол жақсы ма, жаман ба? Меніңше, жақсы. Әр дәрігердің жұмысына баға беріліп, айлығы көбейіп, тұрмысы жақсарады. Яғни, дәрігердің өзінде ұмтылыс болады. Бұл жағынан жаңа жүйе пайдалы болмақ. Екінші мәселе, квота онкологиялық ауруға жүрмеуі керек. Өйткені, квотаны алғанша аурудың өзі бір жайлы болуы мүмкін. Ал онкологиялық ауруды емдеуді бір күн де кешіктіруге болмайды,–деді ол.
Сонымен, үш күн бойы отандық онкологтар бас қосып, келелі, пайдалы әңгіме өткізіп, алдағы жылда атқарар міндеттерін де айқындап алды. Ал соңында жиынға қатысушылар 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша жүргізілген сүт безі мен жатыр мойнының қатерлігі ісігін ерте диагностикалаудың скринингін тұрақты жүргізуге, маммография, цитологиялық диагностикада мамандарды дайындау мен қайта даярлауды жетілдіруге т.б. мәселелерге байланысты қарар қабылдады.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.