Грек-рим күресінен Қазақстан Спартакиадасының жеңімпаздары Мақсат Ережепов мен Азамат Күстібаев финалдық белдесуден кейінгі әсерлерімен бөлісті. Olympic.kz сайтына шағын сұхбат берген олар ел біріншілігіне осал қарсылас келмегенін айтады.
«Ақтық сындағы кездесу мен үшін ауыр өтті. Бірақ мен бұл турнирге тек жеңіс үшін келдім. Барлығына дайын болдым. Финалда қарсыласымнан ұтылып жатсам да, жеңіске жетеріме сендім. Белдесудің аяқталуына екі минут қалғанда қарсы шабуыл жасауын күтіп, сол сәтте әдіске салдым. Маған жүгіретінін білдім десе де болады. Хуйсейн Муцольговпен өмірде доспыз, бірге жаттығу жасап, бірге дайындаламыз. Ал кілемде қарсылас екеніміз анық. Биыл балуандар үшін маусым өте тартысты өтпек. Мақсатым – елімізде өтетін әлем чемпионатына қатысып, Олимпиада ойындарына лицензия жеңіп алу», - дейді Азамат Күстібаев.
Азамат Күстібаев 87 келіде ел чемпионы атанды. Финалда ол қарағандылық Хусейн Муцольговтан айласын асырған еді.
82 келідегі Мақсат Ережепов те әлем чемпионатында бақ сынап, елімізге көптен күткен алтын медальді сыйлауды армандайды.
«Ел спартакиадасына жеңіске жетсем деген ой ғана болды. Балуан үшін басқа қандай мақсат болуы мүмкін? Финалдық кездесу мен ойлағандай оңай болған жоқ. Қиын соқты. Қарсыласым жақсы дайындықпен келген. Оны мерзімінен бұрын жеңемін деп ойлағам. Бірақ бұл ойым жүзеге аспады. Тіпті, белдесу барысында оған екі ұпай сыйлап жібердім. Айқын басымдықпен ұтатыныма сенімді болған ем. Дегенмен, ең бастысы – чемпион атандым. Ендігі бар күш- елімізде өтетін тарихи әлем чемпионатына дайындалу үшін саламын», - дейді Ережепов.
Мақсат финалдық сында қостанайлық Мирас Баршылықовты жеңген болатын.