Бейсенбі, 12 қаңтар 2012 7:30
Менің кіші қызым Светлана қазақ жігіті Мұратқа тұрмысқа шықты. Екеуі мектеп қабырғасында жүргенде, он төрт жасынан достасты. Достығының соңы сүйіспеншілікке ұласып, екеуі отау тікті. Міне, он бір жылдан бері тату-тәтті тұрып жатыр. Бір қыз, екі ұлы бар. Екі жас үйленеміз дегенде біз, корейлер жағынан ешқандай қарсылық болған жоқ. Қарсы болмағаным, Мұрат – қызымның таңдауы. Үйге Светамен бірге келіп жүргенде оның тәрбиелі отбасынан екенін байқадым. Қазақтың жерінде отырып, қазақпен қалай құда болмайсың!
Бейсенбі, 12 қаңтар 2012 7:30
Менің кіші қызым Светлана қазақ жігіті Мұратқа тұрмысқа шықты. Екеуі мектеп қабырғасында жүргенде, он төрт жасынан достасты. Достығының соңы сүйіспеншілікке ұласып, екеуі отау тікті. Міне, он бір жылдан бері тату-тәтті тұрып жатыр. Бір қыз, екі ұлы бар. Екі жас үйленеміз дегенде біз, корейлер жағынан ешқандай қарсылық болған жоқ. Қарсы болмағаным, Мұрат – қызымның таңдауы. Үйге Светамен бірге келіп жүргенде оның тәрбиелі отбасынан екенін байқадым. Қазақтың жерінде отырып, қазақпен қалай құда болмайсың! Екі жастың тойы болғанда мен құдаларыма қазақтың салтымен оюлап дорба тігіп, жол-жоралғыларыммен бардым. Өзімнің ең жақын құрбым да қазақтың қызы, екеуміз ақылдасып осылай шешкен едік. Құдам Әмірбек пен құдағиым Ғалия біздің үйге келген сайын қуанышымызда шек болмайды. Ғалия: «Амансыңдар ма, менің кәрістерім!» деп саңқылдап кіреді үйге. Мен дастарқанымды толтырып, барымды алдына тосамын. Қазақтардың құданы құдайындай сыйлайтынын мен білемін. Қызымды өздерінің қызындай аялап ұстап отырған қазақтарымнан мен немді аяйын. Күйеу балам Мұрат та біздің алдымыздан көлденең өтпейді, құрақ ұшып сыйлайды. Құдам Әмірбек те сондай ақжарқын, аяулы адам. «Клара құдағи, мен шөп жеп кетейін деп келдім», дейді әзілдеп. Біз корейлер дастарқанға салаттың түр-түрін қоямыз ғой, маған соны меңзегені ғой құдамның. Біз қазақ құдаларға барғанда табақ-табақ ет жейміз. Ғалия құдағидың пісірген бауырсағы қандай дәмді десеңші. Дастарқанның көркі де, қазақтардың көңілі де мол етіп пісіретін бауырсақтан көрінетіндей.
Мұрат пен Светаның үлкен қызы Алуа Қостанай қаласының орталығындағы С.Мәуленов атындағы қазақ гимназиясында үздік оқиды. Екінші ұлы Тимур да сол мектепте оқып жүр. Немерелердің тәрбиесінде құдам мен құдағиымның еңбегі зор. Немерелер – ортақ қуанышымыз, Егубаевтардың балалары тәрбиелі, үздік оқиды деп айтып жатса, біз де қуанып отырамыз. Біз қызымның отбасының ішкі тірлігіне араласпаймыз. Өзі қалап қазаққа шықты екен, оның балалары да қазақ болуы, қазақша тәрбиеленуі, халқының салтын, дәстүрін, тілін, дінін білуі тиіс! Егубаевтар бізді өздерінің отбасылық қуаныштарынан ешқашан қалдырмайды, ылғи да төрінде отырамыз. Қазақтар мен корейлер әзілдесіп-қалжыңдасып, күлкіден езуіміз жиылмайды. Құдалардың арасындағы шынайы сыйластықты балалардың арқасында жеткен бақытым деп білемін.Қазақ пен корейдің тілі, діні бөлек болғанмен де, ұқсас тұстары жоқ емес. Үлкенді құрметтеу, сыйлау – екі халықтың да ең жақсы қасиеті. Сыртқы түріміз де келіңкірейді ғой. Ал біздің аталарымыз қырқыншы жылдары азып-тозып келгенде, қазақтардың арқасында аман қалды. Олар өздері жырғап отырмаса да, бір үзім нанын бөліп берді. Бұл халықта адамгершілік, мейірім бәрінен жоғары тұрады. Оны өзім құда болған соң да анық көріп отырмын.Қызым Светланаға ата-анаңды сыйла деп айтып отырамын. Құдағиым Ғалия да келінін жақсы ұстайды, екеуі сырлас құрбы сияқты. Осының барлығы да Қазақстандағы ұлттар татулығының, бейбіт өмірдің жемісі. Құдайым бізді осы күннен айырмасын, немерелердің болашағы шуақты болсын!Клара КИМ. Қостанай.