...Бұдан жарты ғасыр бұрын ару қала – Алматы күн жылынып, жаз шыға ерекше құлпырып кететін. Тау етегіндегі ертегі қала көшелеріндегі жап-жасыл ағаштар, қызылды-жасыл гүлдер көздің жауын алатын. Арықтардағы сылдырлап ағып жатқан мөлдір су қандай еді? Ол кезде көшелерде қазіргідей кептеліс жоқ, трамвай, автобустарға қысылып-қымтырылмай отырып, қалаған жерге жететінбіз. 1968 жылдың күзі. С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің бірінші курс студентіміз. Қасымда Марат Қабанбаев бар, сол күні сабаққа сәл кешігіп шығыппыз, трамвайға мініп оқу орнына бет алғанбыз.
– Оу жігіттер, қайда бет алдыңдар? Сендер де студент шығарсыңдар. Танысып қоялық, біз мына жігіт екеуміз ҚазМУ-дің журналистика факультетінің үшінші курс студентіміз. Менің есімім – Тұрсын. Фамилиям –Байханов, Өскеменнің Самар ауданынанмын. Ал мына мықты Семейден келген Дәулет Сейсенов. Өзі биыл Семейден бізге ауысып келді. Әдебиетке бейімі бар екен. Бірнеше әңгімесі газетте жарияланыпты. Ал сендер қайда оқисыңдар, қай жақтың азаматтарысыңдар? – деп бетінің безеуі бар, ұзын бойлы жігіт баса-көктеп билеп кетті.
Дәулет көп сөзге жоқ, тұйықтау жігіт болып көрінді. Сөйтіп 1949 жылдың арқыраған ақпанында Семейдің Абай ауданының Саржал ауылында дүниеге келген Дәулетпен танысып, жақын араласып кеттік. Дәулеттің курстастары, кейін қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгерлері атанған, ақын-жазушылар Баққожа Мұқаи, Смағұл Елубай, Сұлтанәлі Балғабаев, Шөмішбай Сариев, Аманжол Арғынгелдин, Жақау Дәуренбеков, тағы басқа танымал азаматтармен Виноградов көшесіндегі жатақханада бірге тұрдық. Дәулет сол жатақхананың қарсы бөлмесінде тұратын, шашы бұйра, қараторы әдемі, физика факультетінің студенті Кәден деген қызға жиі барып тұратын, кейін махаббаттары жарасып, екеуі шаңырақ көтерді.
Ой-хой, шіркін студенттік ғұмырдың бес жылы өте шықты. Ұстаздарға мәңгілік қарыздармыз, олар білгенін үйретті, журналистиканың қыр-сырына баулыды. Оқу орнын бітірген соң арман қуған жастар жан-жаққа тарыдай шашырап кетті. Ал Дәулет болса азаматтық борышын өтеп, взвод командирі болды. 1973 жылы әскери қызметін аяқтаған соң «Семей таңы» газетінде жеті жыл бойы қызмет етті. Пысық, білімді де білікті журналисті 1980 жылы партия қызметіне шақырды. Ол облыстық партия комитеті насихат бөлімінің баспасөз жөніндегі нұсқаушы қызметін үш жыл бойы мінсіз атқарды.
Дәулет екеуміздің жолымыз арада бірнеше жылдан кейін «Социалистік Қазақстан» газетінде қайта түйісті. Ол менен бірнеше жыл бұрын Семей облысы бойынша меншікті тілші қызметін атқарып келген. Мен 1990 жылы бұл қызметті ардагер журналист Мұқан Әбуғалиевтан қабылдап алғанмын. Ал Мұқан ағаның алдында бұл қызметті қарымды қаламгер, жазушы Кеңесхан Зәкенов абыроймен атқарған еді. Өкінішке қарай, қазақ баспасөзінің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан, оқырмандарына бірнеше көркем шығарма сыйлаған екі ағамызға көзі тірісінде де, олар өмірден озған соң да ешқандай құрмет көрсетілген жоқ. Биыл Отанымыздың бас газеті – «Egemen Qazaqstanǵa» 100 жыл толады. Мүмкін жергілікті жердегі атқамінерлер бұл тілегімізге құлақ асар деген ойдамыз.
1997 жылдың сәуірінде Семей облысы таратылып, Шығыс Қазақстан облысымен бірікті. Алайда Абай, Шәкәрім, Мұхтар сияқты алыптарды дүниеге әкелген қасиетті өңірге деген құрметпен газет басшылары Семейдегі газеттің тілшілер қосынын сақтап қалды. Облыс жабылып қалса да Семейде қордаланған проблемалар бастан асатын. Өзіне көрсетілген сенімді ақтау оңай шаруа емес. Ал менің досым, әріптесім редакция басшыларының сенім биігінен көріну үшін барлық күш-жігерін жұмсады. Тоқсаныншы жылдардың соңында еліміздің бас газетінде Дәулеттің «Семейліктер қашанғы тоңа береді?», «Жүйке ауруына шалдыққандардың интернат үйі», «Қиындықты талпыныс қана жеңеді», «Нарық жолы жарық», «Өндіріске жан бітті», басқа да сандаған толғағы жеткен өзекті мақалалары бірінен соң бірі шығып жатты.
Екі облыс біріккен соң Шығыстың қос тілшісі қол ұстасып сапарларға жиі шығатын болдық. Тоқсаныншы жылдардың соңы мен екі мыңыншы жылдардың басында газетке жазылу науқанына қызу кірісетінбіз. Алматыдан бұрындары Семей облысында меншікті тілші қызметін атқарған, аузы дуалы, елге сыйлы Мамадияр Жақып ағамыз келетін. Ол кісімен бірге жүрген жақсы әрі қиын. Жақсы болатыны, «Егеменнің» тарихы, газетке жазылудың пайдасы жайлы кеңінен әңгіме қозғайтын. Ал қиыны, артық сөйлеуден қалдық. Көрсеқызарлық, басқа да жат әрекеттерге ол кісінің жаны қас.
Бір жолы Мамадияр ағаны Аягөзден күтіп алдық. Ертеңінде аудандық әкімдікте қала тұрғындарымен кездесу өтті. Аудан әкімі кешігіп жатыр. Не болып қалды дегендей Дәулет екеуміз Мәкеңе жалтақтап қарай береміз. Ол кісі сабыр сақтап отыр. Ақыры жиынды өзі жалғастырып әкетті. Кездесу аяқталған соң әкім бізді менсінбеді ме, неге келмеді деп едік, Мәкең «әкімнің тығыз шаруасы болып қалған сыңайлы, газетке жазылуды аудан басшысының беделімен емес, оқырмандарды қызықтыратын мақалалар арқылы тындырған жөн» деп ақыл қосты. Алдыңғы толқын ағалардың ақыл-кеңесі, олардың өмірлік тәжірибесі бізге зиянын тигізген жоқ. Дәукең әлі күнге Мамадияр ағасымен жиі кездесіп, кейде телефонның сымы қызғанша сөйлесіп, әңгіме көрігін қыздырып тұрады. Жалғыз ол кісі емес, облыстық газетті ұзақ жылдар басқарып, соңынан «Егеменнің» Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі қызметін абыроймен атқарған, Ақтауда тұрып жатқан Жоламан Бошалақпен (марқұм, талантты ақын Гүлжауһар Сейілжанованың өмірлік серігі) жиі хабарласып тұрады. Мәкең де, Жөкең де Семейге күйеу бала, кездесе қалғанда жезделерімен қалжыңдасып, қазақы дәстүр бойынша еркелегенін сан мәрте көріп, сүйсінгенім бар.
Газеттің Семей өңіріндегі меншікті тілшісі қызметін атқарса да Дәукең «шекараны» бұзып, менің «аумағыма» келуді ұнататын. Ондағы мақсат – Катонқарағайдың сұлу табиғаты, Марқакөл мен Зайсан, Күршім, Риддер, Зырян (қазір Алтай) аудандары мен қалаларындағы атқарылып жатқан оң істерді көру, адамдарымен танысып, газетке мақала жазу. Екеуміз бірлесіп жазған біраз мақала оқырмандар тарапынан өз бағасын алған.
«Egemen Qazaqstan» газетінде қызмет еткен ширек ғасырда Дәулет Сейсенұлының қаламынан талай құнды мақалалар жарық көрді. Семей ядролық полигоны жайлы жазған мақаласы Қазақстан Журналистер одағының сыйлығына ие болды. Кейін бұл мақаласын жетілдіріп, 2011 жылы апат аймағының жабылуының 20 жылдығы қарсаңында «Ядролық сынақ аймағы: кеше және бүгін» деген атпен деректі кітап болып шықты. Бұл еңбегі лайықты бағаланып, Елбасының Алғыс хатымен және «Алтын барыс» төсбелгісімен атап өтілді. Семей көне орман белдеуінің проблемасы, Абай ауданындағы атқарылып жатқан оң істер, басқа да мақалалары өткірлігімен оқырмандар тарапынан лайықты бағасын алды. Қазақстан Журналистер одағы мен облыс әкімі тағайындаған сыйлықтарды бірнеше мәрте алуы қаламгерге көрсеткен жоғары баға болса керек.
Ұлылар елінің тумасы журналист-жазушы ұлылар тақырыбына келгенде ерекше шабыттанып, бірінен соң бірі бірнеше жинақ шығарды. Атап айтар болсақ, оның «Шәкәрім» деп аталатын деректі кітабы дала данышпанының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында, ең алдымен Астанадағы «Фолиант» баспасынан «Нартұлға», бұдан соң Алматыдағы «Қазақстан» баспасынан «Ғибратты ғұмыр» сериясымен жарыққа шықты. Ұлыларды ұлықтаған осы және басқа еңбектерімен ол Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің құрметті профессоры атанып, Абай және Әуезов медальдарымен марапатталды. Дәукең сонымен бірге Семей қаласы мен Абай ауданының құрметті азаматы, Қазақстанның құрметті журналисі. Осы жақында ғана жарық көрген «Жәнібек» атты кітабында халқымыздың күміс көмей әншісі, досы Ж.Кәрменов жайлы кеңінен ой толғайды, әншінің біз біле бермейтін қыр-сыры жайлы баяндайды. Әр жылдары оның «Семей елі, Семей жері», «Шежірелі Шыңғыстау», «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» атты кітаптары Астана, Алматы, Семей қалаларындағы баспалардан жарық көрді.
Дәулет Сейсенұлы онға тарта кітаптың және жеті драмалық пьесаның авторы. Оның пьесаларында Абай мен Шәкәрімнің («Абай-Шәкәрім), яғни ұстаз бен шәкірттің арасындағы сыйластық – жасы үлкен ағаның ініге деген ілтипаты мен қамқорлығы, жеке басының үлгі-өнегесі, ал іні тарапынан аға өсиетіне адалдығы сөз болса, «Мұхтардың мұраты» деп аталатын келесі пьесасында атынан көрініп тұрғандай «соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен» хакім ақынның өмір жолын ашып көрсету заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтің басты мұраты болғанын айғақтайды. Ал «Маэстро», «Махаббат вальсі» пьесаларында басынан сан қилы тағдырды өткерген атақты скрипкашы Әйткеш Толғанбаев пен белгілі сазгер Бекен Жамақаев туралы драма тілімен баяндайды. «Жәнібек ән салады» атты драма-реквиемі Семейдегі Абай атындағы драма сазды театрында қойылды. Кітап соңынан кітап шығарып, драмаға ден қойған қаламгердің Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі, осындағы деректі проза секциясының мүшесі ретінде одақ жұмысына белсенді қатысуы досымыздың тыным таппай ізденіс үстінде екенін айғақтаса керек.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері
ӨСКЕМЕН