Бүгінгі күні Ақтөбе аймағында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әрі бұл бағытта импортты алмастыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыру ісі жақсы нәтижелер беріп келеді. Айталық бұған дейін өңірде тұрғындарды жылыжайды өсірілген көкөніс өнімдерімен қамту ісі оң жолға қойылса, биылғы жылдың басынан оның ауқымы одан әрі арта түсті.
Облыс орталығында «Грин Капитал» ЖШС өнеркәсіптік негізде тұрғызған тағы бір ірі де іргелі жылыжай кешені алдыңғы пікіріміздің басты бір мысалы. Мұнда негізінен қызанақ және бұған қоса көкөністің өзге де түрлері өсіріледі. Қазірдің өзінде қызанақтың алғашқы жиналымы сатыққа шығарылып, тұрғындардың қолына тиіп отыр.
Алдағы жылы жылыжай кешенінің жалпы аумағы 20 гектардан асады деп күтілуде. Ал жобаға сәйкес салынатын жеке инвестицияның көлемі 20 миллиард тенгеден аспақ. Дл қазіргі күні 7,2 миллиард тенге инвестициялық қаражат салынған. Аталған жылыжай кешенінің жетекшісі Анастасия Попованың айтуынша қысы-жазы көкөніс өнімдерін өндіруге арналған нысан ең соңғы климаттық жағдайлар мен заманауи сындарлы шешімдерді ескере отырып тұрғызылған. Бұған дейінгі тәжірибелер жылыжайда өсірілген қызанақ пен қиярдың дәмі дәл табиғаттың өзінде өскен осы тектес өнімдерге қарағанда қайтыстау, дәмсіздеу болып келгенін көрсетеді. Бұл орайда «Грин Капитал» өсірген сорттардың дәмділігі мен құнарлылығы күн астында дадалық алқапта өсірілген өнімдерден бірде-бір кем емес екендігін байқуға болады. Мамандардың тұжырымдауынша мұның сыры табиғи өсімдіктің табиғи моделі қолданылуында. Табиғи тозаңдану, яғни бәрі де дәл табиғаттың өзіндей жасалуында көрінеді. «Грин Капитал»
ЖШС іске асыра бастаған жаңа жоба қызанақпен және бұрыш түрдерімен тек ақтөбеліктерді ғана емес, соныме бірге шетелдік тұтынушыларды да қамтуды қарастырады. Яғни мұның өзі бірінші кезекте көкөністерді ішкі нарыққа өткізуге басымдық беріліп, артылғаны экспортқа бағытталады деген ұғымды білдіреді. Аталған жылыжай кешенінде жылына шамамен 1,5-2 мың тонна өнім жинау жөнінде биік меже белгіленген. Бүгінгі күні мұнда өнім түрлерін көбейту мен молайтудың іс-жоспарлары жасақталу үстінде.
Темір Құсайын,
«Egemen Qazaqstan»
АҚТӨБЕ