Бейсенбі, 26 сәуір 2012 7:23
Қанатының аясына қаншама ұлт пен ұлыс ұйысқан, бәрі қасиетті шаңырақ тұтатын Тәуелсіз Қазақстан Республикасының құшағы кім-кімге де айқара ашықтығымен аян. Сондықтан да болар, Қазақстанды Отаным деп білетін қазақстандық ұйғырлардың алдыңғы үлкен бір шоғыры Жетісу өңіріне XVIII ғасырдың ортасында келіп, құтты мекенге айландырса, содан жайылған тамыр қазір жасарып, жайқалып өсуде. Тұрғылықты халық – тамыры да, діні де, ділі де, тілі де бір бауырлас қазақ халқымен мақсат-мүддесі бірге тұтасып, берекелі Жетісу өңірін одан әрі гүлдендіруге бар күш-қуатын жұмсап келеді.
Бейсенбі, 26 сәуір 2012 7:23
Қанатының аясына қаншама ұлт пен ұлыс ұйысқан, бәрі қасиетті шаңырақ тұтатын Тәуелсіз Қазақстан Республикасының құшағы кім-кімге де айқара ашықтығымен аян. Сондықтан да болар, Қазақстанды Отаным деп білетін қазақстандық ұйғырлардың алдыңғы үлкен бір шоғыры Жетісу өңіріне XVIII ғасырдың ортасында келіп, құтты мекенге айландырса, содан жайылған тамыр қазір жасарып, жайқалып өсуде. Тұрғылықты халық – тамыры да, діні де, ділі де, тілі де бір бауырлас қазақ халқымен мақсат-мүддесі бірге тұтасып, берекелі Жетісу өңірін одан әрі гүлдендіруге бар күш-қуатын жұмсап келеді.
Саны көп болсын, аз болсын, қай этностың да өзіндік ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді сақтап, ана тілін қастерлеп, өркендеп дамуына мүмкіндігі кеңейіп, жолы даңғылдана түсуде десек, бұған айғақ-дәйектер жетіп-артылар еді. Солардың бірі – біз, ұйғырлардың да қоғамдық ортадағы белсенді өмірін, еліміздің мерейі мен беделін асырудағы ынтымақтастықтың іс-қызметін, ортақ жетістіктерге қосудағы сүбелі үлестерін атап айтуға жарасады. Бүгінде қазақстандықтар қатарында еліміздегі 260 мыңнан аса ұйғырдың 80 пайызы Алматы облысында тұратындығын еске алсақ, облыстың өркендеуіне қосылып жатқан үлестің қомақты екендігін, елдің ынтымағы мен достығына, мемлекетіміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне адал қызмет еткендігін бірден білеміз.
Қазақстанда аз санды ұлттарға жасалған жағдай әлемнің еш елінде жоқ. Қазақстанға ғана тән демократиялық жаңашылдық – тек біздің елімізде ғана мемлекет аумағында тұрып жатқан этностар жоғары заң шығару органына – Парламентке өз депутаттарын сайлай алады. Осынау жылдарда Қазақстан халқы Ассамблеясы және оның аймақтардағы филиалдары да өзінің тиімділігін іс жүзінде көрсетіп, халқымыздың бірлігінің нығаюына тигізер пайдасы мол екенін өмір көрсетуде.
Біз бүгін қарымды қадаммен қарыштай басып, 20 жылдық тәуелсіз тарихты артқа қалдырып, жаңа онжылдықтың пердесін ашып отырмыз. Халқымызда өткенге тағзым ет деген сөз бар. Елімізді әлемге танытқан Елбасының еңселі еңбегі арқылы жемісті болған 20 жылға рахмет айтып, алға белгіленген істен таймай, ұлы мақсаттарымызға қол жеткізуге жол басталды.
Қазақ жері кеңбайтақ, көңілі дархан, талай тар жол, тайғақ кешулерде тығырықтан шығып қана қоймай, небір қилы заманда шеттен келген басқа ұлт өкілдерін жатсынбай қарсы алып, бауырына басып, төрін беріп, бір жапырақ нанын бөлісіп жеді. 1995 жылы түрлі ұлт өкілдірінің басын қосып, татулық пен бейбітшіліктің елімізде салтанат құруын мақсат тұтқан Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру жөнінде бастама көтеріп, ол жүзеге асты.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2010 жылы өткен және жұмысына өзім қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясының XVI сессиясында сөйлеген сөзінде: «Осыдан 15 жыл бұрын іргесі қаланған Ассамблея өркениетті әлемге өзінің өміршеңдігін дәлелдеп берді. Қоғамдық келісімнің кепілі болған Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі тұтастықтың тұтқасына, бірліктің діңгегіне, достықтың дәнекеріне айналды. Еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың берекелі бекетіне айналуына Ассамблея үлкен үлес қосып келеді» деген болатын.
Еліміздегі халықтар достығы мен татулыққа өзім басшылық ететін «Бірлік» қоғамдық қорының да қосып келе жатқан үлесі қомақты деп білемін. Ұйғыр жастарының басын қосқан бұл ұйым өз жұмысын жыл сайын жетілдіріп, жастарымыздың қоғамдық белсенділігін қолдан келгенше қолдап келеді. Енді «Бірлік» қоғамдық қоры жанында ашылған «Атилла» әуесқой спорт клубы мүшелерінің саны мыңға жақындап қалды. Жастар саламатты өмір салтын қалыптастыру бойынша да жасөспірімдерге үлгі болып келеді. Сондықтан да олар бос уақытын тиімді өткізу мақсатында спорт клубына келіп, шығыс жекпе-жек күрестерінің бірнеше түрімен шұғылданады. Бірнеше этнос өкілдерін қамтыған «Атилладан» Еуропа, Азия және әлем чемпиондары да шықты. Олар еліміздің Әнұраны әлем төрінде орындалуы үшін әртүрлі турнирлер мен чемпионаттарда намысты қолдан бермейді.
«Бірлік» қоры болса, жастардың әрқандай бастамасын қолдай отырып, қаржылай көмегін де аямайды. Мысалы, жуырда ғана 16-30 жас аралығындағы қыз-жігіттердің «Шахзадә вә Шаһинә – 2012» ән-би байқауын, аталмыш қордың қолдауымен ұйғыр жастарының бірнеше КВН клубтары құрылып, олар 8 сәуір күні КТК (КВН) фестивалін өткізді. Ендігі жерде қор ұйғыр ақын-жазушыларының еңбектерін баспадан шығару үшін оларға да жәрдем қолын созып келеді.
Өзім өткен жылы қазақ тілінде шығатын республикалық «Мәдениет» журналына 1 миллион теңге көлемінде қолдау көрсеттім, марқұм жазушы және драматург Ш.Шаваевқа ескерткіш орнатуға да біз дәнекер болдық. Айта берсек, мұндай жұмыстарымыз өте көп. Бірақ мәселе бұларда емес, мәселе біздің өсіп-нығаюымызға елімізде болған барлық жағдайдың жасалғанында. Иә, нәтиже де ырысты, ынтымағы ұйыған жерде болады. Оны қазақстандық ұйғырлар жүректерімен ұғып, игілікті істерімен дәлелдеп келеді.
Адилжан ЗӘЙНАУДИН, ҚХА мүшесі, «Бірлік» қоғамдық қорының президенті.
Алматы.