Бейсенбі, 26 сәуір 2012 7:25
«Жетісу жастары» орталығы жақында «Болашақ бүгіннен басталады» атты республикалық акция аясында қыз-жігіттерді орталық алаңға жинады. Кездесу мерекедегідей өтті. Алаңға жиналған жастарды қала басшылығы мен қоғамдық бірлестік, жастар ұйымдарының көшбасшылары және ардагерлер қарсы алды. «Жетісу жастары» орталығының директоры Р.Алпысбаев ата-баба аманаттаған еліміздің тыныштығын сақтауға, өркендетуге аянбай күш-қайрат танытуға міндеттіміз, деді.

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде көптеген ұлттың басын қосатын студенттер оқып, білім алуда. Олар да аталған акция аясында туған жердің түрленіп, қаланың көркеюіне өз үлестерін қосуға жұмылған. Тілі басқа, тілегі бір студенттердің өз халқына деген жүрекжарды лебіздері де арнасынан асып төгілді. Мәселен, мәдениет және өнер факультетінің 1-курс студенті Ангелина Карапетьянц өз пікірін былай білдірді:
– «Туған анаңдай ақ сүтін беріп, мәпелеп өсірген Отанды сүю – қасиетті борышымыз» деген ұлылардан қалған тамаша сөз бар екен. Ал, қазақпен туғанындай біте қайнасып, жұмылған жұдырықтай жұмыс жасап, ұрпағын өсіріп жатқан қаншама ұлт өкілдері Қазақстанда тату-тәтті өмір кешуде. Қай елде өмір сүрмесін оның тілін, тарихын, мәдениетін құрметтеу – кімге болса да парыз. Осы орайда менің ұлтым орыс болса да, Қазақстанды туған Отаным, ал қазақ тілін білуді Отан алдындағы парызым деп білемін, – деді ол.
Әңгімеге араласқан гуманитарлық факультеттің 4-курс студенті Зара Сыдықова да тебірене сөйледі. «Мен қазақ тілін білгенімді мақтан тұтамын, – деді ол. – Менің ұйғыр достарыммен бірге, қазақ достарым да өте көп. Аталған университетте 10-нан астам өзге ұлт өкілдері жоғары білім алып жатыр. Біз барлық шараларға қатысып, бірлікті, ынтымақты, достықты дәріптейміз. Қазіргі таңда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қолдану аясын кеңейту керектігін аға буын өкілдері жиі көтеріп жатады. Ал мен бұған қазақ тілін білу арқылы, сол тілде сөйлеу арқылы үлесімді қосып жатырмын десем артық айтпағаным. «Халқын сүйген – салтын да сүйер» дегендей, қазақ халқын қаншалықты құрметтесек, тіліне де соншалықты құрметпен қарауымыз керек. Ендеше, біздер – өзге ұлт өкілдері қазақ тілін, салтын құрметтеп, ұлттық байлықты сақтауға атсалыссақ, одан ұтпасақ, ұтылмаймыз».
Иә, жастар – қашанда жақсы істердің жаршысы. Олардың бүгінгі белсенділігі жоғары сенім білдіруге әбден лайық.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.