Өнер ортақ. Онда шекара болмайды. Оған Шымкенттегі өзбек драма театрында қойылған белгілі қарақалпақ драматургі Оразбай Абдурахмановтың «Ужарлар» («Қырсықтар») комедиясы дәлел. Жавлон Сайитов сахналаған көркем туындыны өзбек тіліне Нурилло Аббосхон тәржімалаған. Туындыны сахналаған театрдың бас режиссері, Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов.
Бұл комедияда театр актерлері аса бір шеберлікпен қоғамда белең алған «менікі жүре тұрсын, сенікі тұра тұрсын» деген өзімшілдікті мысқылдап, аяусыз әжуалап көрсетеді.
Оқиға қарақалпақ ауылдарының бірінде орын алады. Матриза мен Халмурад есімді ел ағалары шай үстінде өсіріп отырған ұл мен қызына құдалық туралы сөйлеседі. Осы екі ортада аузы дуалы ауыл ақсақалдарының араласуымен қыздың қалыңмалына қос құда келісімге келеді. Кенеттен дастарқан басында орын алған өнбейтін дауға бола өз айтқандарынан қайтпай, тәп-тәтті қанттай құдалық бұзылады.
Көркем туындыда күлкілі диалогтер мен ебедейсіз әрекеттер арқылы «тек менің айтқаным ғана болады» деп іс қылатын жандардың өзімшіл бейнесі айпарадай ашылады. Комедияда ұлттық құндылықтар бастан-аяқ аса бір сезімталдықпен көрерменнің көңіл таразысына тартылады.
Болашақ құдалар Матриза мен Халмурадтың қырсықтығы мен менмендігі салдарынан перзенттері Қаракөз бен Сафардың арасындағы нәзік сезімге сызат түседі. Алайда, сөз байласқан қос ғашықтың пәк махаббатын үлкендердің ожар мінездері тоқтата алмайды. Ташкентте білім алып жатқан студент жастар түрлі кедергілерге қарамастан некелеседі. Уақыт көшімен даукес құдалардың мінезіндегі қыңырлық сол баяғысынша жалғаса береді. Араға жылдар салып немерелері дүниеге келеді. Енді екі әулеттің отағасылары татуласпаса болмайтындай жағдайға жетеді. Қойылым соңында немерелерін бірге еркелеткен құдалар ұрпақтарының бақыты мен байлығы үшін төс қағыстырып татуласады. Бастарынан өткен күлкілі жағдайлардан қоғам болып сабақ алуға шақырады.
Құрылғанына 15 жылдан асқан өзбек театрының шығармашылық ұжымы сайрамдықтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлау үшін барын салғаны көрініп тұр. Әсіресе қос құда рөлін сомдаған Сайдикарим Махмудов пен Одилжон Туғонбоевтың, ауыл абызы Жандулланы айнытпай ойнаған Улугбек Носировтің актерлік шеберлігіне қол соқпай тұра алмаймыз.
Қойылым соңында театр директоры Икрам Хошимжанов көрермен көп көңіл аудара бермейтін бір қызық жайтты айтып берді. «Жалпы, театр уақытын кешке жоспарлауымыздың да өзіндік сыры бар. Себебі келіндер мен енелер күні бойы үйде бірге тұрады. Бірақ күйбең шаруамен бір-бірімен көп әңгімелесе бермейді. Олардың тісінің ағын көрсетіп, тіл қатысатын шағы кешкі ас әзірлейтін уақыт. Дәл сол сәтте үйде керіс болмас үшін енелерді өнер тамашалауға шақыру арқылы ене мен келіннің демалысын тиімді ұйымдастырып отырмыз», дейді театр директоры.
Бір қарағанда салт пен дәстүрге берік қарақалпақ, өзбек халықтарының басындағы бұл жайт біздің қоғамға да жат емес. Сол баяғы өлетұғын тай мен көшетұғын сай үшін желке терісі құрысып, мыңжылдық құдаларымен күнара дауласып жүрген ағайын қазақта да бар. Бірақ осы адамзатқа ортақ ескіден келе жатқан ерсіліктің жеңіліс табатын, сөзге тоқтайтын тұсы да жоқ емес. Ол – сәбидің іңгәлағаны, немеренің шат күлкісі. Бір сөзбен ұрпақтар сабақтастығы. Күлкіге қарық еткен комедияның түйіні де осы еді.
Нұршат ТӨКЕН,
«Egemen Qazaqstan»
Шымкент