Облыс орталығындағы Ж.Аймауытов атындағы музыкалық драма театрында «Ұлы даланың көне сарындары» фестивалі өтті. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласымен орайласа келген «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20 жыл толуына орай басталған фестивальға еліміздің әр өңірінен әншілер мен күйшілер жиналды.
Дәстүрлі ән кешін жыршы-термеші Алмас Алматов жүргізді. Залға жиылған қауым күйші Батыржан Мықтыбаевтың орындауындағы Құрманғазының күйлерін тыңдап бір серпілді. Сахна төрінде әуелетіп ән төккен әншілер Ерлан Рысқали, Гүлмира Сарина, Әділ Тұрғамбаев, Гүлдана Ноғайбаева, сондай-ақ жыршы Алмас Алматов, термеші Жәкен Омаров, Жетісу дәстүрлі ән мектебінің өкілі Шолпан Дәржановаларға жұртшылық қуана қол соқты.
Дәстүрлі өнер иелерінің киген ұлттық киімдерінің өзі көненің көзіндей, сол бір заман қалпын, қалыбын сақтаған күйінде, еш жасандылық жоқ. Фонограмма, алдын ала жазып қою, техника дегеніңіз жоқ, нағыз далалық, табиғи, таза өнер.
– Меніңше, әсіресе қазіргі уақытта эстрада әншілерінен бұрын дәстүрлі әншілердің концерттерін жиі өткізу қажет. Ұмытылып бара жатқан сияқты еді, енді бүгін міне, қайта жаңғырды. Халық әндерін тыңдап, көңіл жадырап қалды. Мұндай жобаларды қуана қарсы аламыз. Дәстүрлі әндерімізді, ұлттық өнерді құрметтейік, – деді ақын Айгүл Молдаш концерттен алған әсерімен бөлісіп.
Иә, халқымыздың ұлы мәдениеті өткен мен бүгінді жалғастырып, болашаққа ашылар рухани қақпа бола алды. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы төл мәдениетіміздің шексіздігіне терең үңілтті.
Бұл қазіргі жаһандану заманында дала фольклорының көне сарынды үнін, мәдениетін жаңғыртуға мүмкіндік береді.
– Басты мақсатымыз – осы мәдени жоба арқылы еліміздегі әр өңірдің халық әндерін айтудағы өзіндік ерекшеліктерін, дәстүрін жұртшылыққа таныстырып, жандандыру, – деп атап өтті «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев.
«Ұлы даланың көне сарындары» дәстүрлі музыка фестивалінде өңіріміздегі Иса Байзақов атындағы облыстық филармония әншілері, «Еркеназ» ансамблі, музыка мектебінің оқушылары, колледж студенттері де домбыра, сыбызғы, сырнай, жетіген сынды аспаптардың сүйемелдеуімен өнер көрсетті.
Қазіргі күндері Астанадағы Ұлттық өнер университетінде, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясы, Құрманғазы атындағы консерваторияда дәстүрлі әннің тарихын, орындалу мәнерін үйрететін факультеттерде біздің өңірімізден де түлектер оқып білім алуда. Дәстүрлі әншілер Медғат Манап, Серік Сыздықов, Әсел Арынова, Нәзира Омар, Архат Қайратұлы, Жанболат Байсолтан Естайдың, Кенен Әзірбаевтың, Майраның әндерін әуелетіп, Құрманғазының күйлерін тартып, Майлықожаның жыр-термелерін шырқады.
– Әрине, Естай, Иса, Жаяу Мұса мен Майра туған жердің ұл-қыздарының ән салып, күй тартпауы мүмкін емес! – дейді Алмас Алматов.
– Жалпы, фестивальдың мақсаты – даланың дәстүрлі әуендерін бүгінгі ұрпаққа ән арқылы жеткізіп, ұлттық рухта тәрбиелеу. Сахнада өнер көрсететін дарабоз әнші-күйшілердің қатарына жергілікті жас өрендерді де қостық. Партия бастамасының жас өрендерге жол ашары сөзсіз. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы халқымыздың бай мұрасы – көне сарындардың жаңғыруына себепші болғандай, – деді фестивальда сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев.
– Атының өзі айтып тұрғандай-ақ «Ұлы даланың көне сарындары» деген жоба біздің өңірге де рухани сән беріп, әсем әуендер көшіп келгендей болды. Елбасы «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажеттігі жайлы да «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтты. Кереку өңірі – Иса мен Майраны, Естай мен Иманжүсіпті өмірге әкелген жер. Бүгінгі концерт – ертеңгі тарих. Келер ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесіміз деп білемін, – дейді Медғат Манап.
Фестивальда залдағы көрермен кең даладай, таза, табиғи үнді естіді. Өткеннен жеткен құпиясы сан тарау сырлы, мұңлы әуен. Көксеу деген осы. Сізді еріксіз жетелеп, ғасыр қойнауларына алып кетеді.
Ал партияның еліміздің рухани өміріне көнеден жеткен әуендер күмбірін сыйлаған жобасының қорытындысы Жетісу жерінде, Талдықорған қаласында аяқталмақ.
Фарида БЫҚАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
ПАВЛОДАР