Бейсенбі, 3 мамыр 2012 8:22
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында сөйлеген сөзі қазақстандықтар тарапынан қызу қолдау тауып отыр. Ұлтаралық бірлік отандастарымыздың басты байлығы екені белгілі. Осы тұрғыдан келгенде, еліміздегі бірлік үдерістерін көздің қарашығындай сақтау – ортақ парызымыз.
Бейсенбі, 3 мамыр 2012 8:22
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында сөйлеген сөзі қазақстандықтар тарапынан қызу қолдау тауып отыр. Ұлтаралық бірлік отандастарымыздың басты байлығы екені белгілі. Осы тұрғыдан келгенде, еліміздегі бірлік үдерістерін көздің қарашығындай сақтау – ортақ парызымыз.
Газет редакциясына Мемлекет басшысының ҚХА-ның кезекті сессиясында сөйлеген сөзіне орай еліміздің түпкір-түпкірінен үнқатулар келіп түсуде. Төменде солардың алғашқылары жарияланып отыр.
Елбасының сөзі – даналықтың көзі
Жуырда ғана ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясында сөйлеген сөзін, оның ішінде жастар туралы орамды ойлары мен пайымды пікірлерін жүрегімізге, көңілімізге қондыра отырып, қуанышты түрде қабылдадық. Қазақстанды өз Отаным деп сүйіп, қай салада болса да жемісті еңбек етіп, тұғырлы мемлекетіміздің мерейін өсіре жүріп жеңіспен көріне білген жалынды жастардың асқар биіктері мен асқақ асуларға жетуі Елбасының арқасы деп білеміз.
Біздің құрметті Елбасымыздың жүргізіп отырған сарабдал саясаты мен жастар санасына салған сара жолын «тілі басқа, тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір» әрбір қазақстандықтың тату тірлікте, береке бірлікте өмір сүріп жатқан 140-тан астам ұлт пен ұлыс өкілдері, соның ішінде жастар да жоғары бағалайды.
«Елдің ертеңі – өнегелі, білімді ұрпақтың қолында», деп жастарға зор сенім мен үкілеген үміт артып, жастардың заман талабына сай білім алуына, біліміне сай қызмет етуі мен елдің азаматы атануына жағдай жасап, талай тер төгіп келе жатқан Елбасының еселі еңбегін айтып жеткізу мүмкін емес. Әсіресе, елдегі жетекші партияның «Жас Отан» жастар қанатына артқан зор сенімі мен мол мүмкіндіктері турасында кешегі сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы шегелеп айтқан болатын. Біздің, жастардың ел үшін жасап жатқан қоғамдық-мәдени іс-шараларын жоғары бағалағаны үшін Мемлекет басшысына Маңғыстау аудандық «Жас Отан» жастар қанаты мүшелерінің атынан үлкен алғысымызды білдіреміз.
Біз болашақта да Елбасы артқан зор сенімді сейілтпеуге, үкілеген үмітін ортайтпауға, сондай ақ ел ертеңі үшін жасаған жүйелі жұмыстарын одан әрі мақтанышпен, абыроймен арқалап, кемелді келешектің кірпішін қалауға өз үлесімізді қосатындығымызды айтқымыз келеді.
Елбасының еселі еңбегі мен қалтқысыз қызметі татулығы мен бірлігі жарасқан қазақстандықтардың, көкірегі ояу, көзі ашық, жүректері елім, жерім деп соққан патриот жастарының қазыналы жүректерінен ойып тұрып орын алатынына біз, Маңғыстау жастары, сенімдіміз!
Аллаберген ҚОНАРБАЕВ, Маңғыстау аудандық «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы.
Маңғыстау облысы.
Ортақ мүдде үшін аянбайық
Қазақстандағы барлық этнос өкілдерінің мүддесін қамтамасыз ететін бірден-бір ұйым – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің келісім мен бірлікте тұрмыс кешуі, ең алдымен, қазақ халқының ата дәстүрі мен табиғи кеңпейілдігі, ұлттық ділінің кеңдігі арқасында екендігіне дау жоқ. Халықтың келісімін сақтап қалу, қоғамның барлық күш-әлеуетін бір мақсатқа жұмылдыруды көздеген Президентіміз теңдесі жоқ ұйым Қазақстан халқы Ассамблеясын дер кезінде құра білді.
Қазіргі таңда Ассамблея этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырып, елімізде тұрмыс кешіп жатқан барлық этностардың өзара тең құқықты қатынасын қамтамасыз етіп отыр. Он жеті жылдың ішінде аталған құрылым қоғамдағы тұрақтылықты сақтаушы құралға айналғанын уақыттың өзі дәлелдеді. Әрбір қазақстандық азамат үшін ұрпақтар сабақтастығы арқылы татулықты, сенім мен бірлікті сақтау өте маңызды.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында өткен Ассамблея сессиясының мәні ерекше болды. «Біз бүгін тұрақтылық, бірлік, жаңару ұғымдарын басқосудың күн тәртібіне шығарып отырмыз. Тұрақтылық – біздің татулығымыз берік болуы үшін табан тірейтін тұғырымыз. Бірлік – баға жетпес басты байлығымыз. Жаңғырту – келер күнгі кемел келешекке жетелейтін жарқын жолымыз. Осы үш ұғым біздің мызғымас мемлекетіміздің тұтастығына тірек болып табылады. Үндестігі мол үйлесімді шара, мерейлі мемлекетіміздің қасиетті құндылығы болып табылады», деген Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық татулықтың мызғымастығын қамтамасыз ету, этносаралық келісімді нығайту бағытындағы бірқатар маңызды мәселелерді айқындап берді.
Сессияда Ассамблеяның өңірлердегі күшін нығайту қажеттігі сынды ауқымды жаңа міндеттер мен мақсаттар қойылды. Қазақстан – ортақ мекен. Сондықтан еліміздегі татулықты, бірлікті, ынтымақты сақтау баршамыздың азаматтық борышымыз деп білемін. Сессия жұмысынан қанаттанып қайттым. Елбасы міндеттеген, айқындаған істерді жүзеге асыруда жұмыла жұмыс істеп, ортақ мүдде үшін аянбайық дегім келеді.
Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор.
Алматы облысы.
Ұлтаралық ынтымақтың ұйытқысы
Ақтөбе өңірінде тоқсаннан астам ұлт бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүруде. Әр жылдары тағдырдың жазуымен осында табан тіреген көптеген ұлттар тамырын тереңге жайып, қазақ халқымен біте қайнасып, бірлігін бекітіп, достығын нығайтты. Шыны керек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бастамасымен дүниеге келген Қазақстан халқы Ассамблеясы өзін ұлтаралық ынтымақтың ұйытқысы ретінде әлдеқашан дәлелдеп үлгерді. Ақтөбе облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы құрылып, этностар арасындағы татулық пен тұрақтылықты, бірлікті қалыптастыруда елеулі істер тындырып келеді.
– Оның құрамы 150 адамнан тұрады. Олардың қатарында ұлттар мен ұлыстардың өкілдері, сондай-ақ қала және аудандар әкімдері, облыстық және аудандық мәслихат хатшылары, бірқатар басқармалар мен департаменттер басшылары, өңірдің құрметті және беделді адамдары бар. Ассамблея аймақта ұлтаралық қатынастарды, тұрақтылықты және өзара келісімді қамтамасыз ету бағытында мақсатты жұмыстар жүргізіп отыр, – деді Ақтөбе облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің міндетін атқарушы Зәмзәгүл Бимағамбетова.
Ассамблея құрылғаннан бергі 17 жылдай уақытта этномәдени бірлестіктер саны бастапқыдағы бестен он сегізге дейін өсті. Мұндай бірлестіктерді құруға өзге ұлт өкілдерінің өзіндік мәдениетін, салт-дәстүрлерін сақтай отырып, нәтижесінде жалпы қазақстандық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосуға деген ынта-ықылас негіз болуда. Ассамблея қызметінің басым бағыттары, Елбасы Н.Назарбаев ҚХА сессиясында сөйлеген сөзінде атап көрсеткеніндей, ұлтаралық бірлікті, бейбітшілік пен келісімді нығайту, елімізді мекендеген этностардың тілін, мәдени мұраларын дамыту болып табылады.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығы, «Достық» үйі және этномәдени бірлестіктердің күш біріктіруімен халықтық мерекелер мен атаулы күндерге арналған салтанаттар кең көлемде ұйымдастырылып, ортақ мақсатта өткізілуде. Қазақстан халқының бірлігі күні, Конституция күні, Жеңіс күні, Рухани келісім және «Наурыз», «Сабантой», «Ораза айт», «Масленица» сияқты басқа да мерекелер барша халық қатысатын мәдени-рухани шаралар ретінде атап өтіледі. Мұндай мерекелер этностарды бір-біріне жақындата түседі, өзара байланыстарын нығайтады, – деді З.Бимағамбетова.
Бұған облыстағы он сегіз этномәдени бірлестіктің «Достық» үйінде бір шаңырақтың астында болуы да игі ықпал етуде. Кең де жарық әрі еңселі «Достық» үйінен олардың әрқайсысына қажетті қондырғылармен жарақтандырылған кеңсе бөлінген. Мұнда 300 орындық концерт, хореография және дайындық залдары, оқу сыныптары, лингафондық бөлме, мәжіліс залы, мұражай және кафе бар. Дыбыс жазатын және бейне студия қаралған. Ассамблея жанынан ақсақалдар кеңесі құрылған, оларға барлық этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысады. Оның төрағасы – ұзақ жылдар облыстық газеттің редакторы болған ардагер журналист Нұрқайыр Телеуов. Ақсақалдар кеңесінің басты мақсаты – жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеу, ұлттық салт-дәстүрлерді қайта жаңғыртуға ұйытқы болу. Барлық этномәдени бірлестіктердің көркемөнерпаздар ансамбльдері бар. Бес жастар клубы, он жексенбілік мектеп жұмыс істейді.
– Біз бірыңғай мәдени-көпшілік шаралармен шектеліп қалмаймыз. Этномәдени бірлестіктер көшбасшыларының ой-пікірін білу мақсатында ішкі саяси мәселелер және оларды шешу жолдарын анықтайтын ұсыныстарды ортақ талқылау үшін ғылыми-тәжірибелік конференциялар, дөңгелек үстелдер өткізіп тұрамыз, – деді З.Бимағамбетова.
Этномәдени бірлестіктер өкілдері жоғары және орта арнаулы оқу орындарының, мектептердің ұжымдарымен кездесіп, жастар арасында ұлтаралық келісімді нығайтуға атсалысуда. Мұнда жыл сайын дәстүрлі өткізілетін «Сабантой» мерекесінің ауқымы кеңейіп, маңызы арта түсуде. Мысалы, былтырғы жылы ұйымдастырылған «Сабантой» мерекесіне Астанадан, Оралдан, Атыраудан, Ақтаудан, Татарстан мен Башқұртстаннан өкілдер келді. Бұл халықтар арасындағы достықта шекара жоқ екенінің бір дәлелі болса керек. Осылай барыс-келіс көбейген сайын ұлттар бірін-бірі бұрынғыдан да тереңірек танып, татулықтың тұңғиық тылсымына қаныға түседі. Сондықтан да ұлтаралық ынтымақтың ұйытқысы болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығы елімізді мекендеген өзге ұлттармен байланысты дамытуға, ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық ұстанымын шет елдерге насихаттауға ұдайы атсалысып келеді. Бір сөзбен айтқанда, Ақтөбе облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдағы бейбітшілік пен татулықты, өзара келісім мен қоғамдық тұрақтылықты нығайту бағытында жүйелі де жемісті жұмыс жүргізуде. Бұл бағыттағы жұмыстар ауқымы 1 Мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күніне және Қазақстан халқы Ассамблеясының 19-сессиясына орай бұрынғыдан гөрі кең ауқымда жүргізіліп, жаңаша сипат алды. Осының барлығы ортақ Отанымыз – Қазақстанда қалыптасқан бейбітшілік пен бірліктің, татулық пен тұрақтылықтың арқасы екенін әрбір қазақстандық жете сезінеді және осы бағыттан әсте де айнымайды. Бұған осы бағытта атқарылған және болашаққа белгіленген жұмыстар кепілдік береді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.