Сәрсенбі, 9 мамыр 2012 7:38
Әмірбек Қойшыбекұлы майданнан келген соң түрлі ұлттың тоғыз баласын бауырына басып өсірген
…Бір аяғын майдан даласына қалдырып, елге оралған Әмірбек Қойшыбекұлы үйіне кіріп келгенде көздері жәудіреген әр ұлттың балаларын көріп, таң-тамаша болды. Өшкені жанып, өлгені тірілгендей болып жатқан анасы Ұлтудың құшағында тұрғанда да қос жанарын көгенкөздерден алар емес.
Сәрсенбі, 9 мамыр 2012 7:38
Әмірбек Қойшыбекұлы майданнан келген соң түрлі ұлттың тоғыз баласын бауырына басып өсірген
…Бір аяғын майдан даласына қалдырып, елге оралған Әмірбек Қойшыбекұлы үйіне кіріп келгенде көздері жәудіреген әр ұлттың балаларын көріп, таң-тамаша болды. Өшкені жанып, өлгені тірілгендей болып жатқан анасы Ұлтудың құшағында тұрғанда да қос жанарын көгенкөздерден алар емес.
Мәселе былай болыпты. Бұл соғысқа аттанған соң, шешесі жер ауып келген тоғыз бірдей жетім баланы қамқорлыққа алып, үйіне паналатады. Сонда бірінші аузы жүретін кейбір әйелдер сыртынан: «Ұлтудың асырап алған балаларының ішінде неміс те бар екен. Онысы несі, әрі-беріден кейін орыс па, чешен бе, қарашай дей ма, қайдағы ұлттың балаларын бағатын заман ба?» деп өсекті зулатып та жатты. Мұндай сөзді Әмірбектің де құлағы шалады.
«Қан майданда бүтіндей кеңес жауынгерлері болып, жауға бір атаның баласындай атой салған жоқпыз ба?! Барлауға Шәміл есімді чешен жігітімен талай рет бірге барып, «тіл» әкеліп едік қой. Отан үшін жанын беруге бар еді-ау азамат. Мына омырауымдағы ІІІ-дәрежелі «Даңқ» орденді сол жауынгер досыма да беріп еді. Соңғы шайқаста ауыр жараланып, ес-түссіз жатқанда рота командирі, орыс ұлтының өкілі Мерзлаков өзі ит тартқан санитар шанасына салып, госпитальға жеткізгенін, сонда бір аяқты кестіргеніммен жарық дүниеге қайта келгенімді мына жұрт қайдан білсін».
Санасын осындай ой шарлап өткен жаралы жауынгер бірі баласынан, бірі бауырынан, енді бірі қосағынан айырылған мұңдықтарға не десін. Орыс, неміс, чешен, қарашай, барлығы тоғыз ұлттың баласын асырап алған анасының адамгершілік қасиетіне риза болды. Алғашқы күннен балаларды іш тартып, жаны қалмады. Біріне бас киімін, енді біріне белдігін, тағы біріне жейдесін үлестіріп берді.
Жылдар жылжып өтіп жатты. Анасы бақилық болған. Әлгі саясаттың жазықсыз жас желкендері де есейді. Майдангер азамат оларды өз балаларынан кем көрмей, тәрбиелеп, өсірді. Жетеуі кейіннен балалар үйіне өтті де, екеуі осы үйде жүріп, отау құрды. Саналы азамат болып қалыптасқан соң, ардагер өкіл әкелеріне өз құрсағынан шыққандай аналық мейірімін төккен майдангердің жары Дәрікүл апаларына алғыстарын жаудырып, жан-жаққа кете барды.
Соғыстан бір аяғына «ағаш» байлап қайтқанына қарамай атақты «Талас» қаракөл қой совхозында әр салада жемісті еңбек етті. Бейбіт өмірде де марапатты аз алған жоқ.
Ата-анасыз тұл жетім қалған балаларды бауырына басқанын құдіреті күшті бір Алла көрді ме, тектілік қасиетінен айнымай 90 жыл ғұмыр кешті.
Кемпірі екеуіне жаратқан екі қыз бен екі ұл берді. Тұңғыштары Бибіжан мен одан кейінгі Жаңылғаны өздерінің саналы ғұмырларын ұрпақ тәрбиесіне және сауда саласына арнады. Екеуі де зейнетте. Бірі Қаратау, енді бірі Тараз қаласында тұрады. Ұлдың үлкені Сұлтан облыс орталығындағы «Темір жол жылу» кәсіпорнында директордың орынбасары, балалардың кенжесі Серік Алматыда құрылыс фирмасын басқарады.
Майдангердің балалары ата-ана рухына бағышталатын құранын үзген емес. Жеңіс күні де Ақкөл ауылында әкелерінің 100 жылдығы мен аналарының 95 жылдығына тағзым етіп, түрлі мәдени шаралар өткізеді.
Амангелді АБЫЛАШҰЛЫ, журналист.
Жамбыл облысы.