Ұстаз дегенде... Мектепте алғаш әріп үйретіп, білім жолымен жетелеген адамдардың барлығы бізге ұстаз. Біз олардың берген білімін, тәлім-тәрбиесін өз кәдемізге жаратып, болашақ мамандығымызды меңгеруге жол ашамыз. Сонымен қатар шәкірт оқыту мен білім беруді кәсіп тұтпаса да, өзінің бүкіл болмысы, жүріс-тұрысы, ұстанымы, өмірге деген көзқарасы, айтқан ақылы арқылы саған ешбір оқу ордасы оқыта алмайтын өмірлік сабақ беретін адамдар да болады. Олар – өмірдегі ұстаздарың. Осындай ұстаздардың бірі Сәрсенбаев Есенәлі аға еді.
Мен өткен ғасырдың 70-ші жылдарының соңы 80-ші жылдарының басында бұрынғы КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары милиция мектебінде тыңдаушы болдым. Ол кезде бұл мектепте оқу оңай болған жоқ. Мен мысалы, осы оқу орнына орта мектепті бітіре сала 16 жасымда түстім. Біздің арамызда мектеп қабырғасынан келіп түскен балалар көп болды. Сонымен қатар әскери борышын өтеген, өмір көріп, тіс қаққан жігіттер де баршылық еді. Оқуға түскендердің едәуір бөлігін милиционер қызметін атқарып, иықтарына сержант, старшина погондарын тағып келгендер құрады. Олардың ішінде отбасын құрған, бала-шағалы азаматтар да болды. Солармен салыстырғанда 16 жастағы біз – бұғанасы бекімеген, қабырғасы қатпаған, бір сөзбен айтқанда, «сарыауыз балапан» едік. Соған қарамастан, топтағы сақа жігіттер арасында қатал әскери тәртіпке шыдамай, оқуын орта жолдан тастап кеткендер аз болған жоқ.
Ол кезде Қарағанды жоғары милиция мектебінде тек қана жігіттер оқитын. Қыздарды оқуға қабылдау тек 90-шы жылдардан бастап қана жүзеге асырыла бастады. Оқу орнындағы тәртіптің қаттылығына, бәлкім, бұл да әсер еткен болар. Дегенмен, сол шақта Қарағанды жоғары милиция мектебі бүкіл Одаққа өзінің темірдей тәртібімен ғана емес, білім үлгерімімен, аса білікті ұстаздарымен де белгілі болды. Оқу орнының басшысы генерал-майор Б.Бейсенов осы оқу ордасының іргесін қалап, қабырғасын нығайтып қана қоймай, оны мықты ұстаз-ғалымдармен де толықтыра білді. Олардың әрбірі үлкен тұлға болатын. Кеңес өкіметі кезінде Қазақстандағы заңгерлер үшін ең алдыңғы қатарлы кітапхана да осы оқу орнында болды. Әйгілі қолбасшы, біртуар батыр Баукең «тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп айтпақшы, Қарағанды жоғары милиция мектебі мен оның барлық түлектерінің бүкіл жетістігі осы тәртіп пен тәрбиені, білім мен біліктілікті шебер ұштастыра білуде болса керек.
Шынында да тәртіп өте қатаң болды, оның қатаңдығы сонша, сәл ғана тәртіп бұзушылық үшін оқудан шығарып жіберетін. Тыңдаушылардың бәрі әрдайым сап түзеп жүретін. Таңертең міндетті түрде денешынықтыру жасайтынбыз. Жеке құрамның бәрі төрт жыл бойы казармада тұрды.
Арамыздағы бірен-саран отбасылы адамдар ғана қалада тұруға рұқсат алды.
Сол тәртіпке шыдап, бағынып, сапалы білім алған шәкірттер ғана болашақ қызметке жоғары дайындықпен келді. Осындай түлектерден нағыз білікті мамандар шықты. Ал оларды оқыту, тәрбиелеу ісінде курс офицерлерінің, курс басшыларының рөлі жоғары болды. Олар тыңдаушылардың не істеп, не қойып жатқанын ғана емес, не ойлап, нені мақсат тұтып, не армандап жүргенін де білуге тиіс еді. Курстың басшысы курстағы 200 баланың әрбірі үшін басшылық алдында, олардың ата-аналары алдында жауап берді. Сондықтан да ол әрбір тыңдаушының оқуын, тәрбиесін күн сайын қадағалап, біліп, қажет болса тиісті шаралар қабылдап жүрді. Бір сөзбен айтқанда, оның бүкіл жұмысы осы курспен толық байланысты болды. Мұндай курс басшылары арасында бұрыннан келе жатқан, милиция жұмысында әбден ысылған, тәжірибесі мол офицерлер де, оқуын енді аяқтап, жұмысын жаңадан бастап жатқан адамдар да болды. Солардың ішінде Есенәлі аға өзінің білімімен, біліктілігімен, беделімен ерекше көзге түсті. Ол кісі 1963 жылы Орджоникидзе қаласында (қазіргі – Владикавказ)С.М.Киров атындағы әскери училищені үздік бітірген 1977 жылы Қарағанды жоғары милиция мектебі басшылығының арнайы шақыруымен әскери басшылық лауазымынан ауысып келген еді.
Есенәлі аға нағыз әскери адам еді, ол нық дауыспен, басы артық сөзсіз, нақты әрі анық сөйлейтін. Оның дене бітімі де, бет-ажары да келісті, денесі тығыршықтай, сүйегі ірі, орта бойлы адам болды. Көп адам ол кісінің командирлік даусынан, жүріс-тұрысынан қаймығатын. Біз де басқа жұрт қатарлы ол кісіден қаймығып тұратынбыз. Есенәлі аға бізден бір жыл бұрын бітірген курстың басшысы болды. Мен оқу орнын 1982 жылы бітірген болсам, ол 1981 жылы бітірген тыңдаушылар курсын басқарды. Осы курс түлектері арасынан қазіргі күні елімізге танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, генералдар шықты. Олардың арасынан А.Н.Ақпанов, Т.К.Акимжанов, А.В.Глушков, Г.Б.Жәшібеков, Т.А.Құлыбаев, С.Оспанов, Н.А.Рақымберлин, О.И.Суваналиев, тағы басқаларды атап өтуге болады.
Бұл курстың ерекшелігі – онда спортшылар, спорттың алуан түрінен спорт шеберлері көп-тұғын. Олар бүкілодақтық жарыстарға қатысып, ылғи жеңімпаз атанып, жүлделі орындармен оралып жүрді. Нағыз сен тұр мен атайын деген, сайдың тасындай қабілетті жігіттерден құралған, беделі зор курс болды. Осындай тыңдаушыларды бір қолға бағындырып, ұстай білу оңай шаруа емес. Оларды басқару үшін курс басшысының білімі де, беделі де зор болуға тиіс. Ал Есенәлі аға мінезі қатаң болса да, дәл сондай, әділдігімен де, адалдығымен де барша жұртты мойындатқан, білікті басшы болды. Оны курстағылар қатты сыйлап, құрметтейтін.
Жоғары милиция мектебінде әскери тәртіп болса да бірлі-жарым тәртіп бұзушылық болып тұрады. Мысалы, қалаға рұхсат сұрамай кетіп қалу, не болмаса, рұхсат сұрап шықса да, сол жолда біреумен ілінісіп қалу, не кешігіп келу, оқуда үлгермеу деген сияқты. Есенәлі аға осындай тәртіп бұзушыларды ешкімге айтпай, жоғары жаққа мәлімдемей, оқудан шығарып жіберейік не басқа да жаза қолданайық демей, бәрін өз қолымен жөнге салатын. Тәртіп бұзушыларды қалың омбы қармен жүгіртіп, не қар күретіп, қара жұмысқа салу арқылы тәрбиелейтін. Тәртіп бұзудың салдары не болатынын сол арқылы жете ұғындыратын.
Есенәлі аға парасат-пайымы жоғары, үлкендігін де, басшылығын да өз орнымен қолданатын, қажет жерде ақыл-кеңесін аямай, қолынан келгенше көмек қолын да созатын кісі еді. Қарағанды жоғары милиция мектебін бітіріп, сол жерде оқытушылық жұмысқа кіріскен кезімде бір шаруамен Есенәлі ағаға барғаным есімде. Сол кезде ол менің барған мәселеммен ғана шектелмей, жұмысқа орналасуыммен құттықтап, батасын беріп, жай-жағдайымды сұрап, біраз әңгімелескен-ді. Бұл да мен секілді жас маманға қанат бітірген үлкен қолдау, үлкен көмек болды. Есенәлі ағаның адамгершілік, азаматтық қырларын оның жеке көмекшісі, хатшысы болып, жақын араласқан, заң ғылымдарының докторы, профессор Арыстан Нөкешұлы Ақпанов та жиі айтатын.
Есенәлі ағаның жұбайы Тілеулес Жұманбайқызы да өте мейірімді, қарапайым, көпшіл, барынша аңқылдаған, ақкөңіл, жүзі жарқын адам болды. Ол адамдарға ақ ниетпен, жатырқамай, жақсы көріп қарайтын. Есенәлі аға мен Тілеулес Жұманбайқызын да осындай асыл мінездері бір-бірімен қауыштырған болса керек.
Заманымыздың заңғар жазушысы Ғ. Мүсірепов айтқандай, «Қазақ әйелін жан жолдасым дейді. Бұл үлкен сөз». Сол айтпақшы, Тілеулес апамыз да Есенәлі ағамызбен жаны мен жаны үндес, ойы, арманы үйлес, егіз адамдай болды. Ол өзінің еңбек жолын қарапайым тракторист-механизатор болып бастады. Сол кезде жас тракторшы қыздың еңбек жетістіктері мен даңқы бүкіл Ерейментау ауданына белгілі болған. Оның фотосуреті аудандық Құрмет тақтасынан түспеген. Осы таңғажайып қыз өзінің туған совхозында да үлкен беделге ие болып, стажы көп механизаторлардың өздері ақыл сұрау үшін үздік тракторшы қызға жүгінген екен.
Тілеулес апамыздың еңбегі сол заманның үлгісіне сай бағаланған. Әйгілі тракторшы қыз Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталып, Коммунистік партия қатарына қабылданған. КПСС XXII съезіне делегат болып, 1961 жылы Қазақстанның бірінші әйелдер съезіне Целинный өңірінен қатысқан ең жас өкілдердің бірі болған. Жергілікті және орталық баспасөз де ол туралы зор құрметпен жиі жазатын. Қазақстанның белгілі мүсіншісі Лия Колотилина атақты тракторшы болған қарапайым қазақ қызы Тілеулес Жұманбайқызының бейнесін мәңгі есте қалдыру үшін мүсінін керемет сомдады. Қазіргі кезде қоладан жасалған сол «Дала қызы» атты мүсін ерен еңбектің еңселі ескерткіші ретінде Алматы қаласында Әбілхан Қастеев атындағы музейдің төрінде тұр.
Тілеулес апа 1961 жылы агроном болу үшін ауыл шаруашылығы техникумының сырттай оқу бөліміне түскен. Жетпісінші жылдары ол Қазақ ұлттық университетінің биология факультетін бітіріп, кейін көп жылдар бойы Қарағанды университетінде оқытушылық қызмет атқарды. Өмірдегі орны мен бақытын тың игеру жерінен тапқан асыл ана отбасылық өмірде Талғат, Алмагүл, Марат, Болат сынды ұл-қыздарын дүниеге әкеліп, Есенәлі ағамен бірге оларға тағылымды тәрбие берді, нағыз азамат болып өсіп-жетілуіне өз ықпалын тигізді.
Соның ішінде өзімізге жақсы таныс Талғат Есенәліұлы тергеу саласында біраз жыл жұмыс істеп, оның қыр-сырын жете меңгерген кәнігі маман болып шықты. Практиканы теориямен ұштастырып, РФ ІІМ Бүкілресейлік ғылыми-зерттеу институтының адъюнктурасын бітірді, заң ғылымдарының докторы, профессор атанды. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде, Парламент Сенатының аппаратында, тағы да басқа органдарда жауапты жұмыстар атқарды. Қазір де Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары – Қазақстан Республикасы Үкіметінің Парламенттегі Өкілі қызметін абыроймен атқарып жүр. Осының өзі Талғат Есенәліұлының бойына ата-анасының жақсы қасиеттері толық дарығанын көрсетеді. Қыздары Алмагүл − математика ғылымдарының кандидаты, Мәскеуде Д.И.Менделеев атындағы Химия-технология академиясында ғылыми қызметкер. Ұлы Марат – темір жол саласында Жолаушылар тасымалдау АҚ Астана учаскесінің басшысы. Әулеттің кенжесі Болат – әке жолымен әскери салада, егемен еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аянбай еңбек етіп жүр.
* * *
Шәкірттің – жақсы ұстазы, отбасының – өнегелі басшысы, балаларының – үлгілі ата-анасы болу әркімнің қолынан келе бермейтін ауқымды міндет. Есенәлі ағамыз бен Тілеулес апамыз осы абыройлы міндеттің үдесінен шығып, артына лайықты із қалдыра білді. Шәкірттердің де, айнала ортасының да жадында жақсы ісімен, абзал атымен қалған осындай асыл жандарды, жақсы ұстаздарды қалай ұмытуға болады. Есенәлі аға мен Тілеулес апамыздай ел игілігі жолында еңбек еткен абзал адамдар көбейе берсін!
Нұрлан ӘБДІРОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор