Бейсенбі, 10 мамыр 2012 7:36
Памир тауларының шатқалдарында «И» деген бір ғана әріппен аталатын шағын тайпа өмір сүрген екен деген сөз бар. Ол тайпаның ерекшелігі сол, олар тек өз тілінде сөйлеп, өз салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын қатаң ұстанған. Осы орайда, өзін өркениетті деп санайтын кез келген қоғамның борышы бұл тайпаның барлық ерекшеліктерін сақтай келе, оның жойылып кетпеуіне жол бермеуінде екендігін айта кеткен жөн.
Бейсенбі, 10 мамыр 2012 7:36
Памир тауларының шатқалдарында «И» деген бір ғана әріппен аталатын шағын тайпа өмір сүрген екен деген сөз бар. Ол тайпаның ерекшелігі сол, олар тек өз тілінде сөйлеп, өз салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын қатаң ұстанған. Осы орайда, өзін өркениетті деп санайтын кез келген қоғамның борышы бұл тайпаның барлық ерекшеліктерін сақтай келе, оның жойылып кетпеуіне жол бермеуінде екендігін айта кеткен жөн.
2006 жылдың көктемінде Мәскеу қаласында жастардың «Еуразия шеңбері» І Халықаралық ақпараттық форумына қатысқан едім. Сондағы Ұлттар үйінде Мәскеудің ұлттық-мәдени орталығының өкілдерімен әңгіме осы мысалдан басталып еді. Ең қызығы, сол жолы мен күтпеген ерекше бір оқиға болды.
Мен сөз сөйлеп болғаннан кейін маған бір тәжік әйелі келіп, жоғарыда сөз болған тайпаның бүгінгі жалғыз өкілі екенін айтып ағынан жарылды және қазақстандықтарға қызыға да тамсана қарайтынын жасырмады.
Көзіне жас үйірілген әйел Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа ұлт мәселесінде сарабдал әрі көреген саясат жүргізіп отырғаны үшін тебірене тұрып өзінің ризашылығын білдірді.
Осы бір жағдай таяуда Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясына қатысып отырған тұста есіме еріксіз оралды. Сессияда жүзі басқа, жүрегі бір, тілі басқа, тілегі бір отандастарымыздың қазақ халқына ризашылықтарын білдіре сөйлеген сөздерін тыңдай отырып, не нәрсені болса да салыстыра бағалау керектігіне көзімді тағы бір жеткіздім. Расында, қазір Қазақстан түрлі этностардың іс жүзінде нағыз Отаны болып отыр. Тоқсаныншы жылдары Ресейге көшіп кеткен менің досым әрі бұрынғы партиялас әріптесім Евгений Близнюков маған өзінің бір хатында былай деп жазғаны бар: «…Жаңа өмірге бейімделу, үйрену соншалықты қиын болады-ау деп еш ойламаппын. Отан – кіндік қаның тамған жер ғана емес, сені асырап, өсірген орта екенін іс жүзінде түсінесің. Өткеннің бәрін кері қайтаруға болатын болса, мен ешбір ойланбас едім. Біз бұл жерде бөтен адамдармыз. Мен болсам, бәрін басқаша армандайтынмын. Бірақ, жоғалған нәрсең тек ертегіде ғана қайта оралатыны белгілі. Ең бастысы, мұнда өзіңнің ешкімге керегің жоқ екенін түсінесің…».
Шынымен де түрлі себеппен қазақ жеріне қоныс тепкен ұлттар шоғыры жергілікті кеңқолтық халықтың пейілі мен мейірімінің шуағына бөленді. Ғасырлар бойы теперіш көріп келген қазақ халқы туған жерінен қоныс аударудың, аштық пен қорлықтан зардап шегудің қалай екенін ерекше түйсінгендіктен, әрине. Иә, қазақ халқы өте көп қиыншылықтарды басынан кешірді. Бірақ олар халқымызды шынықтырды. Рас, қазақтар өз салт-дәстүрі мен тілін жоғалтып та ала жаздады. Бірақ білімге, өнерді дамытуға талпына отырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді.
Қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарының журналистеріне берген сұхбаттарының бірінде Н.Назарбаевтың былай дегені бар: «Еске алсақ, тәуелсіздігімізді жариялаған кезде, қазақтардың саны халықтың 42 пайызын ғана құрайтын. Елімізді қуаттандыру үшін ұлтына қарамастан, барлық азаматтар еңбек етті. Мұны ешқашан ұмытуға болмайды. Тәуелсіздік – Қазақстан халқының ортақ жеңісі, ортақ қуанышы. Тарихтың жазуымен, Қазақстан көпұлтты мемлекет ретінде қалыптасты. Бірақ – бұл кемшілік емес, керісінше, елімізді ұлттық оқшаулаудан қорғайтын маңызды фактор. Және еліміздің барлық азаматтары қазақстандықтардың ортақтасуға бағытталған идеясын ұстануға міндетті».
Осы ретте Қазақстан халқы Ассамблеясының соңғы сессиясының тақырыбы «Қазақстан жолы: тұрақтылық, бірлік, жаңғырту» болуын кездейсоқ дей алмайсың. Өйткені, осы үш ұғым біздің мемлекеттілігіміздің тұтастығына тірек болып тұр. Елбасы баса атап өткендей, «Тұрақтылық – біздің татулығымыз берік болуы үшін табан тірейтін тұғырымыз. Бірлік – баға жетпес байлығымыз. Жаңғырту – келер күнге, кемел келешекке жетелейтін жарқын жолымыз. Үндестігі мол үйлесімді үштаған – мерейлі мемлекетіміздің қасиетті құндылығы».
Қалай айтқанда да, кезінде тарихтың тауқыметін бірдей көрген түрлі ұлттың адамдары бүгінде Қазақстанда ортақ тағдырлас. Әрқайсымыз өзіміз үшін еңбек еткенімізбен, нәтижесінде Қазақстанның экономикасына үлес қосып отырмыз. Әрқайсымыздың жетістігіміз – республикамыздың өркендеуіне қосқан үлесіміз. Сондай-ақ, ел экономикасындағы дағдарыстар біз үшін ортақ проблемаға айналатыны рас.
Бір сәт жол басындағы мемлекетіміздің жағдайына көз жіберейікші. Қазына қалтасында көк тиын болмады, кәсіпорындардың көпшілігі көтерем малдың күйін кешіп жатты, инфляция деңгейі 1000 пайыздан асып, ауыл адамдары кәдімгі кір сабынды бір қойға сатып алуға мәжбүр болды. Бір сөзбен айтқанда, бұл кезең экономика жағдайы, адамдардың рухани дүниесі күйзелісінің ең биік шыңы болды. Осынау аса бір күрделі жағдайдан ел басшылығының жүргізген сауатты саясатының арқасында шыға алдық.
Әрине, өзге қоғамдардағыдай бізде де шешімін таппай жатқан түйткілді мәселелер жоқ емес. Әзірге шикізатқа көбірек тәуелді ел ретінде қалып отырмыз, сонымен бірге, жұмыссыздық жағдайын, жаңа жұмыс орындарын құру мәселесін де жылы жауып қоя алмаймыз. Бизнес-қауымдастығы, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер барынша әрі пәрменді қолдауды қажетсінеді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы тарифтердің өсіміне тұрақты бақылауды, сауда-саттықтағы бағаны өсіретін алыптасарлық жәйттермен күресті жүзеге асыру да күн тәртібінде. Білім беру, денсаулық сақтау саласындағы сапаны арттыру, еліміздегі демократиялық үдерістердің одан әрі дамуына мұқият назар аудару басты мәселелердің бірі болып табылады. Жан басына шаққандағы табыстың айтарлықтай өскендігіне қарамастан, инфляцияның салдарынан адамдар үшін ондай өсімнің әсері аса байқалмай отыр. Жемқорлық та белсенді жүгендеуді қажет етеді. Осы ретте, қоғамның барлық күштерін жемқорлыққа қарсы шақыратын «Жаңғырту мен жемқорлық – үйлеспес ұғымдар!» атты жалпы, республикалық ақпараттық-насихат науқанының жүріп жатқанын айтқан ләзім. Ай бойы өткізілетін бұл игі іске «Нұр Отан» ХДП бастаған қоғамдық ұйымдармен қатар, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі де белсене атсалысуда.
Мен үшін бір нәрсе айқын. Егер елімізде саяси тұрақтылық пен ұлтаралық келісім болмаса, солардан туындайтын проблема оларды шешуде мейлінше күрделі мәселеге айналар еді. Дәлірек айтсақ, мүлдем басқаша өңге айналар еді және оған нақты мысалды алыстан іздемей-ақ қоялық. Жақын шетелдерде болып жатқан жағдайларға көз жіберсек жеткілікті. Осыларды ескере отырып, өз елінің нағыз азаматы елінің тыныштығы мен өркендеуі жолында жан аямай еңбек ететін адам деп білемін.
Қазақстан – бай ел, ал байлықтың төңірегінде әрқашан қауіп-қатер қатар жүреді. Сондықтан да, тәуелсіздік тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде баянды болуы, экономикамыз әлемдік нарықтың нән құбылмалы «мінезінен» зардап шекпеуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек. Қазақстан қоғамына тән халықтың бірлігі дәл осы жерде көрінетініне күмән жоқ.
Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,
«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті.