Елорда әкімі Бақыт Сұлтановтың тұрғындар алдындағы алғашқы есебі түрлі әлеуметтік түйткілдерге қатысты өрбіді. Оның ішінде көп балалы аналардың жағдайы, баспана мәселесі мен қала инфрақұрылымының қонақтар мен тұрғындарға қолайлылығы және қауіпсіздігі туралы кеңінен ақпарат берілді.
Көп балалы аналарпәтерлі болады
Астана қаласының әкімі алғашқы сөзді жуырда күллі қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырған қайғылы жағдайға қатысты мәселеден бастады. Бас қаладағы бес бүлдіршіннің қазасы көп балалы аналардың мәселесімен қатар, басқа да қордаланған әлеуметтік проблемаларды көрсеткенін айтқан Б.Сұлтанов қауіпсіздік тұрғысында жедел шешілуі тиіс түйткілдер бар екенін, басты міндет – осы кедергілерді жою және мұндай қайғылы жағдайлардың қайталануына жол бермеу екенін жеткізді. Осы орайда ол астаналықтарды алаңдатқан баспана мәселесін шешу жолдары қарастырылып жатқанын атап өтті. Шаһар басшысының айтуынша, алдағы уақытта көп балалы аналарға пәтерлер жалға берілмек. Сонымен бірге жалға берілген пәтерді бірте-бірте сатып алуға мүмкіндік жасалатын болады. «Яғни, енді ай сайынғы маңдай термен тапқан қаржыны пәтер иесінің қалтасына салмай, оны түбінде меншігіне өтетін өз шаңырағына құятын болады», деді Б.Сұлтанов.
Сондай-ақ қала маңындағы ескі үйлер сүріліп жатыр. Оның орнына заманауи талапқа сай, көп қабатты, айналасында мектебі мен балабақшасы, емханасы мен дәріханасы және тағы да басқа әлеуметтік нысандары қамтылған пәтерлер салынуда. Бұл көп балалы аналардың пәтермен қамтылуын ғана емес, бүгінге қажетті жағдайлармен қамтамасыз етуге жол ашады.
Әкімнің айтуынша, өзекті мәселелердің бірі – көп балалы отбасыларға арналған атаулы әлеуметтік көмек. Осы санаттағы 10 мың отбасының шамамен 4 пайызы ғана есептеу әдістемесінің ерекшеліктеріне байланысты атаулы әлеуметтік көмек алады. «Бұл өте төмен көрсеткіш. Қаншама қаражат бөлінгенімен, тиесілі ақшаны оларға жеткізе алмай отыр. Мұндай жайт қалай орын алды? Біз мән-жайды мұқият зерделеп шықтық. 25 мың отбасының әрқайсысын қарастырдық», деген қала басшысы бұл Елбасының тапсырмасы екенін, көп балалы немесе аз қамтылған отбасылар ғана емес, мүгедектер, зейнеткерлер, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері және өзге де санаттағыларды әлеуметтік тұрғыдан қорғау негізгі міндет екенін, аталған мәселе шешілетінін атап өтті.
«109 нөміріне хабарласыңыз!»
Б.Сұлтанов есептік кездесуінде бұрынғы қызметін де еске алып, цифрларды сөйлеткеннен гөрі, қала экономикасы оның тұрғындары екенін, сондықтан маңызды екі құжатты әзірлеуге кіріскенін айтты. Біріншісі, 2050 жылға дейін Астананы дамыту стратегиясы. Екіншісі, қаланы дамытудың ыңғайлы жоспары. Осы ретте әкім ел Президенті халықпен кері байланыс орнатуға айрықша басымдық беріп отырғанын атап өтті. Аталған үдеден шығу үшін жыл басынан бері аудан әкімдері мен қала әкімінің орынбасарлары 33 есептік кездесу өткізгенін, жеке кездесулер тиімді формат болмайтындықтан, «iKomek» қызметі іске қосылғанын жеткізді. Яғни кез келген қала тұрғыны «109» нөмірін теріп, жеке проблемасын айта алады. Бұл ретте былтыр 1 млн өтініш түсіп, 100 пайыз орындалған көрінеді. Б.Сұлтанов қала тұрғындарының әкімдік қызметіне қатысты пікірлерін ашық білдіруге болатынын, барлық мәселенің шешімі қаралатынын атап өтті.
Астанада ағымдағы жылы әлеуметтік сала қызметкерлеріне 2 мың тұрғын үй сертификаты берілмек. Былтыр елордада 2,3 млн шаршы метр тұрғын үй, яғни 23 мың пәтер салынды. «Нұрлы жол» бойынша бас қала барлық өңірлердің алдында. «110 мың шаршы метр – бұл 1419 пәтер. Көп қабатты 15 үй салынып жатыр. Бұл – шамамен 4,5 мың пәтер, оның 3106-сы ағымдағы жылы пайдалануға беріледі», деді қала әкімі. Б.Сұлтановтың айтуынша, 228 апатты үй сүріліп, шамамен 3,5 мың отбасы жаңа пәтерге ие болды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 1875 отбасы 27 млрд теңге несие алады. Аталған бағдарламаның қолжетімділігін арттыру мақсатында жаңа жылдың алдында білім, денсаулық сақтау және полиция қызметкерлеріне тұрғын үй сертификаты түрінде 1 миллион теңгеден 100 субсидия берілген болатын. Биыл тағы 2 мың сертификат беру жоспарланып отыр.
Білім саласы басымдыққа ие
Астана әкімі алданған үлескерлер мәселесі де назарда екенін атап өтті. «Бұл мәселе менің жеке бақылауымда. Біз ведомствоаралық комиссия аясында қабылданған шаралардың нәтижесінде қалада проблемалы нысандардың саны 68-ден 29-ға дейін қысқарды. Нәтижесінде 10344 үлескердің проблемасы шешілді. Ал қалғаны бойынша Жол картасы әзірленген, жоспарға сәйкес 2022 жылға дейін қалған проблеманы түбегейлі шешу көзделіп отыр.
Есептік кездесуде 90 мың студент білім алып жатқан қала ретінде студенттердің тұрғынжайы да сөз болды. Бүгінде елордада 32 жатақханада 14 мың студент тұрады. Тағы 11 мың студент жатақханаға мұқтаж. Қазір астаналық жоғары оқу орындарына жатақхана салу үшін 15 жер телімі бөлінді. Жатақхана құрылысы мемлекет-жекешелік әріптестігі аясында салынады. Әкімнің айтуынша, колледж студенттері үшін тұрғынжай мәселесі жергілікті бюджеттен мемлекеттік тапсырыс беру арқылы хостелдерге орналастыру есебінен толық шешілді. Жан басына қаржыландыру үшін бюджеттен ай сайын 19 млн теңге бөлінеді. Бұл жатақхана салуға кететін қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Астана әкімі сондай-ақ қалада халық саны өскен сайын қосымша мектептер құрылысын салуға, балабақшада орын тапшылығын жоюға басымдық берілетінін айтты. Қазіргі уақытта балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс көлемі 40 пайызды құрайды. Сонымен қатар 4 жаңа балабақша салынбақ. Оның бірі көру қабілеті бұзылған балаларға арналады. Мектептер бойынша 2023 жылға дейін 161 мың оқушы орнына жаңадан тағы 120 мың оқушы орны қосылады. Яғни екі есе артатын болады.
Шаһар басшысы биыл тағы педагогтерге арналған 1 мың тұрғын үй сертификаты берілетінін, 300 орынға арналған жатақхана құрылысы аяқталуға жақын екенін жеткізді. «Міне, осы жерде кадрға қатысты жекелеген жайттар бар. Бүгінде педагогикалық ЖОО-лар танымалдыққа ие еместігі ешкімге құпия емес. Мұғалімдердің жұмысы барынша күрделі әрі жалақысы төмен. Бала кезімде ер-азамат мұғалімдер көп болатын және балалар оларға мүлдем басқаша қарайтын. Бүгінде мұғалімдердің жалақысы мен мәртебесін жүйелі түрде арттыру туралы шешім қабылданды», деді Б.Сұлтанов. Қазір мемлекет-жекешелік әріптестігі арқылы жан басына қаржыландыруды енгізу айтарлықтай қаражатты үнемдеуге жол ашты. Бұл қаражат мұғалім жалақысын көтеруге жұмсалады. Сондай-ақ Б.Сұлтанов Елбасының білім мекемелерін видеокамералармен жабдықтау тапсырмасына тоқталды. Жыл соңына дейін бұл шаруа толығымен атқарылмақ.
Қала басшысы сонымен қатар «Астана жастары-2019» жол картасы, көп балалы отбасыдан шыққан балаларға арнайы білім грантын бөлу, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, қауіпсіздік, жол қозғалысы мен жолаушы тасымалдау және басқа да қаланың күнделікті тіршілігіндегі өзекті мәселелерге тоқталып, тұрғындарды толғандырған сауалдар бойынша жеке қабылдаулар өтетінін жеткізді.
Думан АНАШ,
«Egemen Qazaqstan»