«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы халықтың цифрлық сауатын арттыру бойынша жұмыстарын жалғастыруда. Бүгінде азаматтарға электронды үкімет порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді алуды оқытатын цифрлық ХҚО еліміздің барлық облысында ашылған. Бұған қоса халыққа қызмет көрсету орталықтарында смартфон арқылы мемлекеттік қызметтерді алуды үйрететін аймақтар ашылып жатыр. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ баспасөз қызметі хабарлады.
ХҚО мамандары қызмет алушылардың телефондарына telegram мен Mgov қосымшаларын орнатып беруге көмектесіп, түрлі анықтамалар мен қызметтерді алу ретін түсіндіріп беруде.
Бүгінде Telegram қосымшасындағы Egovkzbot арқылы 24 қызмет қолжетімді. Жүйе іске қосылған сегіз айдың ішінде 140 мың адам оны қолданып үлгеріп, 160 мың рет түрлі анықтамаға өтініш берген. Мэссенджер қолданушылары 60 мың рет мекенжай, 20 мың рет соттылықтың болу/болмауы туралы анықтамаларды сұратқан. Өз кезгінде, Mgov қосымшасы арқылы 90 мемлекеттік қызметті онлайн тәртіпте алуға болады. Смартфон иелері бұл қосымшаны былтыр 1,3 млн рет жүктеп, 3,6 млн қызмет алған.
«Онлайн болу – заман талабы. Қалтаңыздағы смартфон халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, сұранысқа ие мемлекеттік қызметтерді жылдам алуға көмектеседі. Көрсетілетін электрондық қызметтер санының артуына байланысты мемлекеттік корпорация халық арасында қызметтерді онлайн алуды үйрететін шаралар өткізіп, азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруда. Бұл қосымшаларды пайдалану үшін мобильді азаматтар базасында тіркелу міндетті. Оны ХҚО қызметкерлері жүзеге асырады. Тәртіп бойынша қызмет алушының жеке сәйкестендіру нөмірі мен ұялы телефоны байланыстырылып, базаға енгізілуі тиіс», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Аблайхан Оспанов.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін электронды үкімет порталын өз бетінше пайдалану дағдыларын 8 миллион қазақстандық игерген. Оған қоса, мемлекеттік корпорация мамандары жергілікті әкімдіктердің 3,5 қызметкеріне egov.kz порталын пайдалануды үйретіп, олар өзге 686 мың азаматты оқытқан.
Бұдан бөлек, мемлекеттік корпорация қызметкерлері апта сайын емхана, әскери бөлім, жоғары оқу орындары мен өзге де мекемелерге барып, қосымшаларды пайдалану ретін үйретіп отырады.
Бүгінде реестрдегі 752 мемлекеттік қызметтің 506-сы, яғни 67% электрондық форматта қолжетімді. Жыл өткен сайын электрондық жолмен көрсетілетін қызмет саны өсіп отырады, 2020 жылы оның үлесі 90% құрауы тиіс. Айта кетейік, бүгінде халықтың цифрлық сауаттылығының деңгейі 77% жетті. 2022 жылға қарай оны 83% дейін арттыру көзделген.