Мемлекет басшысының 2019 жылға Қазақстан халқына арнаған Жолдауына тән басты сипат – оның тайға таңба басқандай нақтылығы. Мұнда қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін өңірде өткен жылы шұғыл жұмыс тобы құрылып, арнайы бағдарлама қабылданды. Бүгінгі күні «Нұр Отан» саяси партиясы атынан тізім бойынша сайланған мәслихат депутаттары осы істердің басы-қасында жүр. Айталық, жылдың басты құжатында халықтың әл-ауқатын көтеру, бұл үшін кез келген меншік түріне қарамастан белгілі бір кәсіпорында істейтін қызметкерлердің айлық жалақыларын өсіру басты басымдыққа ие болғаны белгілі.
Егер өңірде айлық орташа жалақылары 42 мың теңгеден кем қызметшілердің еңбекақыларын шұғыл көтеру жөнінде нақты іс-қимыл жоспары жүзеге асқан болса, бұған «Нұр Отан» партиясынан сайланған мәслихат депутаттарының қосқан үлестері мол. Сондай-ақ аймақтағы барлық кәсіпорында еңбекақы мөлшері 15-20 пайыз мөлшерінде өсті. Әлеуметтік мәні мен маңызы жоғары істің жүйелі жүргізілуі үшін тиісті партиялық бақылау механизмі енгізіліп, әріптестеріміз ортақ істің нәтижелі болуына атсалысты. Осындай түйінді бәсекелестікті дамыту мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында атқарылған қызметтерге қатысты айтуға да болады. Осы орайда жұмыс тобының құрамында болған нұротандық депутаттар өңірде коммуналдық қызмет тарифтерінің 5-10,5 пайыз мөлшерінде төмендеуіне бастамашы бола білді.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап көрсеткендей, әріптестеріміз бизнесті заңсыз қысымдар мен қылмыстық қудалау көріністерінен қорғау ісінде де табандылық пен батыл бетбұрыстар жасап келеді. Мұны «Нұр Отан» партиясы атынан сайланған мәслихат депутаттары «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Ақтөбе облыстық филиалымен бірлесе атқарып жүр.
Ақтөбе аймағында жер асты қазба байлықтарын игеріп жатқан шетелдік компаниялар жеткілікті. Республика Президенті Қазақстан халқына Жолдауында жер қойнауын пайдаланушылар қазақстандық үлестің көлемін көтеру мәселесін ұдайы назарында ұстауы керектігін тапсырғаны белгілі. Бұл көмірсутегі шикізаты мен өзге де кен орындарында отандық өндірісшілердің тауарларын пайдалануға басымдық беру деген сөз.
Жасыратыны жоқ, бұған дейінгі партиялық бақылаулар барысы бұл істің жай-күйі, яғни отандық тауарларға деген сұраныс оны пайдаланушылар тарапынан ойдағыдай бола бермейтінін көрсеткен еді. Рас, шетелдік компания өкілдерінің де айтар уәждері мен талаптары, ұсыныстары мен тілектері жоқ емес. Осындай кезде қазақстандық үлесті көтеру жөнінде шетелдіктермен бірге өткізілген жиындарда нұротандықтар білдірген орынды ой-пікірлерге зейін қоя білген жер қойнауын пайдаланушылар да бар. Соның нәтижесінде өңірде қазақстандық үлесті көтеру ісінде оң мысалдар көбірек орын ала бастады.
Қазіргі кезде «Нұр Отан» партиясы мектеп асханаларының қызметін реформалау жөніндегі бағдарламаны іске асыруда. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өткен жылы облысқа келген сапарында «Мектептегі тамақтану комбинаты» деп аталған бағдарламаға оң баға беріп кеткен еді. Мұндағы мақсат – мектеп асханаларын бизнестік буындарға бере отырып, оқушыларды сапалы да нәрлі әрі құнарлы азық-түлік өнімдерімен қамту, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып отыр. Бүгінде Ақтөбе аймағынан басталған осындай оң тәжірибелер бүкіл республика аумағына да сіңісті бола бастағаны – бәріміз үшін мерей. Әлеуметтік салмағы жоғары бағдарламаның ата-аналар мен білім беру саласы өкілдері тарапынан қолдау табуы да – нұротандықтар бастаған істің өміршеңдігін көрсетеді.
Түйіп айтқанда, «Нұр Отан» өзі құрылған күннен бастап халықтың мұң-мұқтажы мен талап-тілектеріне ортақтасып келеді. Оның Ақтөбе аймағындағы кейбір мысалдары осындай. Ал Президент Жолдауында қойылған талаптар мен міндеттерді іске асыруға өз үлестерін қосу нұротандықтардың басты парызы, төл міндеті болып қала бермек.
Айнұр БАҚТЫҒАЛИЕВА,
Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты
АҚТӨБЕ