Бүгін облыс әкімдігінің мәжіліс залында өңір басшысы Алтай Көлгінов пен ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайымның қатысуымен жиын өтті.
Өңір басшысы кәсіподақ ұйымының облысымыздың әлеуметтік ахуалын тұрақтандыруда маңызды қызмет атқаратын, жергілікті билік, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы әлеуметтік әріптестік қалыптастырып, еңбек қоғамын дамытудағы ерекше рөлін атап өтті. Осы бастаған жұмысты кеңейтіп, алға қойған міндеттерді орындау мақсатында республикалық салалық кәсіподақ ынтымақтастығын арнайы меморандуммен бекітетіндігін жеткізді.
Бас қосу барысында Бақытжан Әбдірайым кәсіподақтар федерациясы 22 ірі салалық кәсіподақтар мен 16аумақтық кәсіподақтар бірлесіп, 2 миллионға астам жұмысшы азаматтардың құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ететін ұйым екендігін айтып өтті. Сондай-ақ еңбек қатынастарын тұрақтандыруда, еңбек адамдарының құқықтарын сақтаудағы кәсіподақтардың маңыздылығын атап өтті.
Жиналыстың күн тәртібіне сәйкес «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» қойылған міндеттерді орындау жөнінде, әлеуметтік мәселерді, еңбек қатынастарын реттеу мақсатында екіжақты меморандумға қол қойылды.
Сондай-ақ жиын барысында ел бойынша қолға алып жатырған көп балалы, аз қамтылған отбасыларына қолдай көрсету жайы да талқыланды. Бас қосуға қатысқан Бақытжан Әбдірайым еңбек етіп жүрген көп балалы аналарға үстеме ақы төлеуді және олардың жұмыс уақыттарын мүмкіндігінше қысқарту шаралары қаралып жатырғанын мәлімдеді.
Федерация төрағасы жиынға қатысушыларға жаңадан сайланған облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Амангелді Таспиховты таныстырды. Осы күнге дейін аталған қызметті атқарған Ербол Салықовтың жұмысына оң баға беріп, осы салаға сіңірген еңбегі үшін алғысын білдірді.
Облыс әкімі өз кезегінде өңір дамуына қосқан өлшеусіз үлесі үшін Ербол Салықовқа ризашылығын білдіріп, алғыс хатпен марапаттап, жаңадан сайланған облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасының жұмысына сәттілік тіледі.