Әртүрлі жағдайларға байланысты кейде көшеде бағдаршамдар жұмыс істемей қалады. Мұндайда екі жақтан келген көлік иелері бірінші болып өтуге тырысып машиналарын жол ортасына сұғындырып жібереді. Оның арты – құлақ тескен айқай, қызылкеңірдек дау.
Міне, осындай жағдай Қызылорда қаласындағы Жібек жолы мен Сұлтан Бейбарыс көшелерінің қиылысында болған. Осы кезде бір азамат полиция қызметкерлері жеткенше жол ортасына шығып көше қиылысындағы ретсіздікті өзінше реттеген. Былай қарағанда, ниеті жақсы болғанымен заң жүзінде азаматтың жасаған әрекеті дұрыс болмай шықты.
Бұл жөнінде түсінік берген Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі: «Көше қиылысына жаяу жүргіншіге шығуға тыйым салынады. Өйткені ол өзінің қауіпсіздігімен қатар көлік құралдарының көше қиылысынан өтуіне қауіп туғызады. Аталмыш оқиға бойынша бағдаршамның жұмыс істемей қалғаны туралы хабарлама тіркелген уақытта патрульдік полиция бекетіне жіберілді. Уақтылы аталған көше қиылысына реттеуші қойылды. Бағдаршамның жұмыс істемеуі және көше бойынша кептеліс болған кезде тиісті орындарға хабарласуы тиіс», деді.
Ел іші болған соң елгезек адамдар көп. Полиция келгенше жол қозғалысын реттемек болған әлгі азаматқа әкімшілік хаттама толтырылған. Машиналар жұлдыздай ағып өтіп жатқан қиылыста отпен ойнауға болмайды. Жол реттегіш азамат өз қателігін кеш түсінген сыңайлы.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Egemen Qazaqstan»
Қызылорда облысы