Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов жыл сайын ұйымдастырылатын халық алдында есеп беру кездесуін өткізеді. Қарағанды қаласының Кеншілер мәдениет сарайының залында жиналғандардан басқа, бұл кездесуге селекторлық байланыс арқылы шалғайдағы қалалар мен аудандардың тұрғындары – 7 мыңнан астам адам қатысады.
Кездесуге Қоғамдық даму министрінің м.а. Дархан Қалетаев, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемелекеттік инспекторы Сәлімгерей Бекбергенов қатысуда.
Есеп беру кездесуі тікелей эфирде жергілікті телеарналар мен әлеуметтік желілерде де көрсетілді.
- Менің бүгінгі есебім барлық деңгейдегі әкімдердің қорытынды кездесулерінің тізбегін аяқтап отыр. Қыстың соңғы айында халықпен 429 кездесу өткізіліп, оған 40 мың адам қатысты. Өзімнің есебімді өткен жылдың шегі емес, атқарылған жұмыстардың сапалы өлшемінің көрсеткіштері және болашаққа қойылған мақсаттарға қосымша түзету енгізудің мүмкіндігі деп білемін, - деді Ерлан Қошанов. – Бүгінгі таңда тілдесудің, ақпарат алмасудың жолдары алуан түрлі – мессенджерлер, әлеуметтік желілер, сайттар. Соның салдарынан бетпе-бет жүздесіп, диалог құру мүмкіндіктері жойылып барады. Сондықтан осы секілді кездесулер арқылы сіздермен жүздесудің баламасын көріп отырған жоқпын.
Өңір басшысы өткен жылғы есеп беру кездесуінен кейін жергілікті билік қандай жұмыстар атқарғанын баяндады. Оның айтуынша, сол жиында көтерілген 65 мәселенің 37-і шешілген. Қалғандарын шешу үшін уақыт қажет.
- Жезқазған тұрғындары дарынды балаларға арналған мектептің жоқтығы туралы айтты. Мәселе қаралды, республикалық бюджеттен қаражат бөлінді, нәтижесінде мектептің құрылысы басталды. Қарағандылықтар орталық саябақтың абаттандырылмағандығы туралы мәслекөтерген болатын. Өткен жылы саябақтың батыс бөлігін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы саябақты қалыпқа келтіруді жалғастырамыз. Өткен жылы барлығы 80 гүлзар мен облыс бойынша 2 үлкен саябақ абаттандырылды, - деп хабарлады Ерлан Қошанов.
Теміртауда ең басты мәселелердің бірі экологияға қатысты болып табылады, деп атап өтті ол. Металлургтер қаласындағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін жоспар құрылды. Тәуелсіз экологтар және жұртшылықтың қатысуымен Жасыл кеңес құрылды.
Тұрғын үй шаруашылығы және инфрақұрылым мәселелері де шешілуде. Абайда кәріздік желілерді қалыпқа келтіру жұмыстары басталды - құны 4 млрд теңгені құрайтын жоба үш жылға жоспарланған. Ал Қарқаралы ауданының Аппаз ауылында жаңа су таратқыш салынады. Нұра ауданында биылғы жылы Құланөтпес өзені арқылы өтетін көпірді қалыпқа келтіру жұмыстары аяқталады.