• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Ақпан, 2019

Қазақстан мен Үндістан арасындағы экспорт көлемі бір жыл ішінде 30%-ға өсті

915 рет
көрсетілді

Бірлескен Қазақстан-үнді жобаларының арасында елімізде авиациялық хаб құру, машина жасау, мұнай өңдеу және химия өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастық сынды маңызды дүниелер бар. Бұл туралы Energy Prom хабарлады.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Үндістанмен тауар айналымы 1,2 млрд долларды құрады. Сондай-ақ импорт 14%-ға өскен. 

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Қазақстан Үндістанмен, сондай-ақ Египетпен, Израильмен, Сербиямен және Сингапурмен еркін сауда аймағы туралы келіссөздер жүргізетінін хабарлады. Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы Қазақстан Вьетнаммен, ал 2018 жылы Иранмен еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қойған болатын.

Өз кезегінде, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев қазақстандық делегацияның Үндістанға сапары нәтижесінде, Petrotech-2019 халықаралық конференциясына қатысу және сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту және тереңдету мәселелерін талқылау қорытындысы бойынша Үндістан Қазақстан аумағында карго-тасымалдау үшін авиациялық хаб құру мүмкіндігін қарастыратынын хабарлады.

Сонымен қатар, ONGC Үнді компаниясы Қазақстанның ірі мұнай өндіру кәсіпорнын сатып алуға мүдделі. Сондай-ақ Қазақстанда машина құрастыруды бастағысы келетін компаниялармен келіссөздер жүргізілуде. Ал химия өнеркәсібі секторында Үнді инвесторлары азот тыңайтқыштарын өндіруге қызығушылық танытып отыр.

Өткен жылы Қазақстанның Үндістанға экспорты 30,1%-ға артып, 954,1 млн долларды құрады.

Негізгі экспортталатын тауар – мұнай (741,6 млн АҚШ доллары),  химиялық радиоактивті элементтер және олардың қосылыстары (90,3 млн АҚШ доллары) және ұнтақ түріндегі күміс (67,6 млн АҚШ доллары).

Үндістаннан келген импорт өткен жылдың қорытындысы бойынша 14,2%-ға артып, 242,8 млн АҚШ долларын құрады.

Негізгі импортталатын тауар – дәрілік заттар (66,6 млн, жылына 13%), дәмді, хош иісті қоспалары бар шай (32,6 млн АҚШ доллары) және телефон аппараттары (11,1 млн АҚШ долларын құрап,  бір жылда 64,4 есе өсті).

5 жыл ішінде (IV тоқсан 2013 — III тоқсан 2018) Қазақстан экономикасына  Үндістан 100 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салды. Үнді инвестицияларының негізгі салалары – энергетика, қаржы және фармацевтика.

Биыл  Қазақстанда үнді капиталының қатысуымен 560-қа жуық заңды тұлғалар мен филиалдар тіркелген. Соңғы жылдары біздің елімізде SB PNB, Siva Swathi Textiles, Sava Health Care және т. б. сияқты компаниялар табысты жұмыс істеуде.