• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қаржы 22 Ақпан, 2019

Ипотекалық несиелер бойынша қандай салықтық жеңілдіктер бар?

944 рет
көрсетілді

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-нан ипотекалық несие алған жеке тұлға сыйақылар бойынша салықтық шегерім қолдануына құқығы бар. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.

«2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жеке тұлға басқа банктер мен жекелеген банктік операцияларын жүзеге асыратын ұйымдардан алынған ипотекалық тұрғын үй қарыздарының сыйақылары бойынша салықтық шегерімді қолдану құқығына ие болады» делінген хабарламада.

Сыйақылар бойынша салықтық шегерім төлем көзінен салық агентімен (жұмыс берушімен) қолданатындықтан, жеке тұлғалар салықтық жеңілдікті қолдану үшін салық агентіне (жұмыс берушіге) келесі құжаттарды ұсынуы қажет:

1) жеке тұлғаның салықтық шегерімдерді қолдану туралы өтініші;

2) растайтын құжаттардың көшірмелері.

Сыйақылар бойынша салықтық шегерімді қолдану үшін мына құжаттар қажет: 

1) Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үй жағдайларын жақсарту жөніндегі іс-шараларды жүргізуге «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-мен жасалған ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты;

2) сыйақы сомалары бөліп көрсетілген ипотекалық тұрғын үй қарызын өтеу кестесі;

3) осындай қарыз бойынша сыйақының өтелгенін растайтын құжат (түбіртек).

Мұндай құжаттардың көшірмелері талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде, яғни бес жыл ішінде, салық агентінде сақталады.

Жеке тұлғаның осы салықтық шегерімін тек бір салық агентінде (жұмыс берушіде) қолдануға құқығы бар екенін ескерген жөн.

Сыйақылар бойынша салықтық шегерімді жеке тұлға өз пайдасына жұмсайды. Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үй жағдайларын жақсарту жөніндегі іс-шараларды жүргізуге тұрғын үй құрылысы жинақ банктерінен алынған ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыны төлеуге арналған шығыстар бойынша қолданады.