«Қазақстан Еуропалық Одақ - Орталық Азия форматында сындарлы және сенімді диалогты дамытуға үлкен мән береді. Бүгінгі күні Еуропалық Одақ Орталық Азия елдерінің гүлденуі мен бірлігіне мүдделі және біздің сенімді серіктесіміз болып табылады», - деп атап өтті Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушысы Бейбіт Атамқұлов Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша Арнайы өкілі Петер Бурианмен бүгін өткен кездесуінде.
ЕО Арнайы өкілінің Қазақстанға сапары Еуроодақтың Орталық Азия бойынша жаңа Стратегиясының қабылдануы қарсаңында құжаттың басым бағыттарын өңір елдерімен ақылдасу мақсатында өтуде. Соңғы екі жыл бойы Қазақстан аймақтағы көршілес елдермен бірге құжатты дайындау шеңберінде сапалы әрі мазмұнды идеялар мен ұсыныстар жолдаған болатын.
П. Буриан қазақстандық тарапқа жаңа Стратегияның мазмұнына қатысты конструктивті ұсыныстары үшін алғысын білдірді және оның тиімді іске асырылуы барлық мүдделі тараптарға тиесілі екендігін атап айтты.
Кездесу барысында адами капиталды дамыту, құқық үстемдігін және сапалы мемлекеттік басқаруды қамтамасыз ету, шағын және орта бизнесті дамыту, жалпы цифрландыру, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, энергия тиімділігін арттыру, жасыл технологиялар, қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын тиімді пайдалану және қауіпсіздік сияқты бағыттардың жаңа Стратегияда қамтылу маңыздылығы атап өтілді.
Министрдің міндетін атқарушы болашақ Стратегияны имплементациялау тетігіне басты назар аудара отырып, даму жобаларын тиімді іске асыруды және ресурстарды тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар нақты ұсыныстарды жеткізді. ОА елдерін дамытуға жәрдемдесуге бағытталған Еуроодақтың айтарлықтай аймақтық жобалық қызметті жүзеге асыратынын ескере отырып, жаңа Стратегия шеңберінде аймақтағы ЕО жобалық қызметінің ауқымын сақтау қажеттілігі туралы айтылды.
Ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарының бірі ретінде ағымдағы жылы ЕО қаражаты есебінен Қазақстанның жоғары оқу орындарында Ауғанстан қыздарын оқытудың бірлескен бағдарламасын іске қосылуы атап өтілді. Тараптар білім беру жобасының Ауғанстандағы әйелдер мен балалардың жағдайын жақсартуға, сондай-ақ жалпы осы елдегі жағдайды реттеуге ықпал ететініне келісті.
Аймақтық ынтымақтастық мәселелерін талқылай келе, тараптар Орталық Азиядағы соңғы жылдары жоғары динамикамен ерекшеленіп келе жатқан саяси және экономикалық процестерді атап өтті. Бұл өз кезегінде өзара тиімді серіктестіктің барлық спектрі бойынша жаңа перспективалар ашатын болады.
ҚР-ЕО екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылау аясында, Арнайы өкіл П. Буриан Қазақстанның сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету, қазақстандық экспортты ұлғайту, экономиканың басым секторларына еуропалық инвестицияларды тарту, біздің азаматтарымыз үшін ЕО визалық режимін жеңілдету мақсатында диалогты дамыту ниеті туралы хабардар етті.
Тараптар Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы Келісімнің (КӘЫК) күшіне ену перспективаларын талқылады және оның өзара мүдделі көптеген салаларда екіжақты ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сонымен катар, Министрдің міндетін атқарушы сұхбаттасын ҚР сыртқы саясатының экономикалық құрамдас бөлігін күшейту жөніндегі сыртқы саяси ведомствоның жаңа міндеттерімен таныстырды. Атап айтқанда, Қазақстан еуропалық векторында, ең алдымен, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталғаны туралы атап өтілді.
2018 жылы тауар айналымы 37,7 млрд АҚШ долларын құрады, 2018 жылдың бірінші жартысында Қазақстанның экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 12,3 млрд долларға жетті. Бүгінгі таңда Қазақстанда еуропалық компаниялардың қатысуымен шамамен 3 млрд АҚШ доллары көлемінде 24 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. ЕО Қазақстанның сауда серіктестері арасында біздің тауар айналымының жалпы көлемінде шамамен 50% үлеспен көшбасшылықты сақтап отыр. Осы көлемді сақтап қана қоймай, оларды ұлғайту бағытында жұмыс істеу қажеттілігі атап өтілді.
Кездесу соңында тараптар ағымдағы жылы өте мазмұнды болатын ЕО-ОА желісі бойынша алдағы іс-шаралар кестесін талқылады.
Жалпы алғанда, келіссөздер Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қалыптасқан стратегиялық қатынастар деңгейіне тән сенімді және дәстүрлі достық атмосферасында өткізілді.
П. Буриан сапарының бағдарламасына сәйкес Парламент Сенаты мен Мәжілістің тиісті комитеттерінің басшылығымен кездесулер көзделген.