Дзюдодан Германияның Дюссельдорф қаласында өтіп жатқан «Grand Slam» турнирінде Қазақстанның ұлттық құрамасына әзірге жүлде бұйыратын емес.
Жарыстың алғашқы күні Отгонцэцэг Галбадрахқа айрықша үміт артқан едік. Өкінішке қарай, бұл жарыста оның жолы болмады. Олимпия ойындары мен әлем чемпионатында жүлде алған аса жеңіл салмақтағы Галбадрах германиялық Хелена Грауды жеңгенімен, келесі кезеңде қытайлық Янан Лиге есе жіберді. 60 кило салмақтағы Рүстам Ыбыраев тұсаукесер кездесуінде Ұлыбританияның өкілі Эшли Макензеден ұтылса, Мағжан Шамшадин екінші айналымға дейін жетті. Ол колумбиялық Сантяго Костаноны қапы қалдырғанымен, словениялық Давид Старкерге жол берді. 66 кило салмақтағы Ғұмар Қырғызбаевқа германиялық Себастян Сейдл сан соқытырып кетсе, Есет Қуанов Петар Задро (Босния мен Герцеговина), Даниэль Гаргнин (Бразилия) және Ахмед Әбделрахманнан айласын асырғанымен, Оңтүстік Кореяның оғыланы Лимхван Кимге әлі жетпеді. Жұбаныш бәсекесінде қандасымыз моңғолиялық Басхуу Юндонперенлейден жеңіліп, жүлделі орындар үшін таласу құқығынан айырылды.
Келесі күні тағы үш балуанымыз жарыс жолына шықты. 73 кило салмақтағы Бекәділ Шәймерденов пен Нұрлан Оразалин тұсаукесер кездесулерінде ұтылды. Бекәділ америкалық Николас Делпополодан, Нұрлан Виктор Скворцов БАӘ өкілі Виктор Скворцовтан ұтылды. 81 кило салмақта белдескен Қажымұқан Өтеулиев үшінші кезеңге дейін жетті. Ол австралиялық Оуэн Кохлан мен аргентиналық Томас Морелесті ұтқанымен, германиялық Доменик Росселге есе жіберді.
Алдағы күндері біз Ерсұлтан Мұзаппаров пен Әзиз Қалқаманұлы (90 кило), Айбек Серікбаев пен Виктор Демьяненко (100 кило) және Ерасыл Қажыбаев пен Әділ Оразбаев (+100 кило) сынды балуандарымыздың өнерін тамашалаймыз.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»