Балық шаруашылығы – Маңғыстаудағы байырғы шаруашылықтың бірі. Ашқұрсақ кезеңдерде, алмағайып замандарда күнелту қамын күйттеген тұрғындардың теңіз жағалауында балық аулап, оны өңдеп, ас ретінде, сондай-ақ оның майын, сүйегін тұрмыстың өзге де қажеттіліктеріне жаратқаны мәлім.
Арнайы балық консервілеу зауыттары, балық өңдеу кәсіпорындары жұмыс істеп, сол кездің өлшемімен заманауи ау-құралдары, қайық-саймандары түгел қазақ балықшылары су жануарын аулаудың, кәдеге жаратудың әдіс-тәсілін толық меңгерді. Бұл өткеннің әңгімесі. Бүгінде Маңғыстауда балық шаруашылығы қалай қолға алынуда?
Балық шаруашылығын дамыту, яғни ізі бар байырғы шаруаны қайта жандандыру талай жылдан бері айтылып келеді. Қазіргі таңда аталған салаға жан бітіп, қан жүгірген сыңай байқалады. Өңірде өндірістік балық аулау аймағы Каспий теңізінің Түрікмен шекарасындағы Сүйе жерінен Прорва жеріне дейінгі ұзындығы 1350 шақырымды құрайды. Теңіз жағалауы бойынша 6 балық шаруашылық ауданы 35 учаскеге бөлінген. Оның ішінде 27 учаске 20 табиғат пайдаланушыға бекітілген болса, 8 учаске резервте тұр. Балық аулауды дамыту мақсатында 2018 жылы облысқа 1859,1 тонна балық аулауға квота бөлінді. Балықшылар бүгінге дейін 1741,3 тонна балық аулауға рұқсат алған болса, қазіргі таңда нақты ауланғаны 1667,7 тоннаны құрап отыр.
Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен Маңғыстау облысы секторында бекіре өсіретін шарбақты балық шаруашылығын жүргізуге 2 учаскеге конкурс өткізіліп, бекітілді. Бұдан үш жыл бұрын бекітілген нысанның бірі – Кендірлі шығанағында орналасқан «Caspian Riviera» ЖШС. Ауданы 3500 гектар, ұзындығы 5,3 шақырым, ені 6,6 шақырым аумақта шарбақты балық шаруашылығының құрылысы жүріп жатыр.
Екіншісі – Ақшұқыр ауылына жақын теңізде 20 шақырым қашықтықта, ауданы 324 гектар, ұзындығы 1,8 шақырым, ені 1,8 шақырым жер телімі «Caspian Sea Farm» ЖШС-іне бекітілген. Осында жоспарланған жылдық балық өнімділігі жылына гектарына 6 тоннаны құрайды. Маңғыстау облысында тауарлы бекіре балықтарын шығаратын «Kazakh osseter» ғылыми өндірістік кәсіпорны» ЖШС қызмет етеді.
Серіктестікте 2018 жылы 7 тонна бекіре тұқымдас орыс, сібір леногі, шоқыр қортпа, гибрид тұқымды балықтар өсірілді. Жеке кәсіпкердің Қаракөл көлінен қуаты жылына 30 тонна тоғандық сазан балығы шаруашылығын дамыту жобасы инвест жоба ретінде қаралып, жер телімін беру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, соңғы жылдары өңірде балық шаруашылығымен айналысатын бригадалар саны 127-ден 148-ге артты. 2017 жылы облыста 1139 тонна балық ауланса, өткен жылы облысқа 1 859 тонна балық аулауға квота бөлініп, 1 668 тонна балық ауланған. Маңғыстауда балық шаруашылығын жандандыру бағытында Түпқараған және Қарақия аудандарының басшылығына балық қабылдау пункттерін, өңдеу, консерві цехтарын құру жұмыстарын ұйымдастыру жұмыстары жүктелген.
Балық аулауды, сонымен қатар балық кәсіпшілігін дамытуда жүзеге асырылуы тиіс жұмыстар аз емес. Биылдан бастап өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін, сондай-ақ суүсті және суасты шағын отандық кемелердің, өзге де құралдардың, мұз үстімен жылжитын құралдардың Қазақстан Республикасының аумақтық суларына (теңізіне) және ішкі суларына шығуына рұқсаттамалар беру қағидаларына өзгерістер енгізілетін болады. Бұл жаңалық Каспий теңізіндегі балық өндірісін жолға қоюға өз септігін тигізетін болады.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Маңғыстау облысы