• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Ақпан, 2019

Алаң идеялар мен жобаларды тоғыстырады

633 рет
көрсетілді

Бүгінде стартап академиясы деген ұғым тілдік қорымыз бен қолда­ны­сымызға әлдеқашан еніп кеткен. Жоғары оқу орнында студенттерге бизнес жүргізуімен кәсіпкерлік дағдыларды үйрететін бастапқы мектепті жаңа­шыл бастама деуге болады. Оны белгілі бір жоғары оқу орны көлемімен шектемей, қайта өңірлік және республикалық деңгейге дейін көтеріп, стартап-жобаларды нақты іске асыратып алаң ретінде қолданған дұрыс. 

Осы орайда өңірдегі стартап академия Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ерденбековтің бас­тамасымен ашылғанын айта кет­кен жөн. Мұнда тігін цехы, био­ло­гия­лық зертхана, мүсін жасау шеберханасы және аспаздық бөлмелер жабдықталған. Қазіргі кезде стартап академия өздері ойластырған жобаларға сәйкес өңірдегі бренд та­уарлар түрін көбейтіп, оны тиімді пайдалану жолдарын белгіледі. 

Соның бірі – тары. «Біздің қазіргі мақсатымыз осы стратегиялық дақыл­дан жаса­латын өнім түрлерін көбейту. Бұл өздігінен пайда болатын іс емес. Сон­дықтан стартап-алаңынан осы жобаны іске асыруға икемі бар болашақ кәсіпкерлерді әзірлеуді, оларға бизнес­тің қыр-сырын таныстыруды көздеп отырмыз», дейді жоба иесі, университет ректоры Б.Ерденбеков. Оның айтуынша, стартап академияда идеялар мен жобалар бір-бірімен тоғысып жатуы тиіс. «Бұл бағытта біз кем дегенде студенттеріміздің елу пайызын осы алаңнан тәжірибе жинақтайтындай іс-шаралар кешеніне белгіледік. Қазіргі істің барысы жақсы әрі оң нәтижеге қол жеткізе алатынымызды көрсетеді», дейді ректор. Ақтөбеде стартап ака­де­мия­ның ашылуы биылғы Жастар жылымен тұспа-тұс келіп отырғаны да істің өміршеңдігін танытады. Бір сөзбен айтқанда, стартап жобалар кәсіпкерлікті дамытудың негізі десе де болады. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті бұл ілкімді істі жалаң бастамағанын да айтуға тиіспіз. Мысалы, айтулы жоғары оқу орны 2017 жылдың ая­ғын­да «Стартап-2017» байқауын өткізіп, болашақта басталатын істің алдымен әліппесін ашқан. Алғашқы байқау тек сөз жүзінде қалмай, нақты істің атқарылуына септігін тигізгені бүгінгі оң қадамдарға бастама болған. 

Осы байқауда бас бәйгені иеленген «Ақылды балабақша» жобасы бүгінде «Зерек» атты балаларды дамыту орталығына айналған. Әрі мұны уни­верситет ұжымының әлеуметтік ба­ғыт­­тағы стартаптарды дамыту ісіндегі тұңғыш табысы деп те бағалаған орынды. Өткен 2018 жылы да университетте стар­тап академияны ашу үшін жан-жақты ұйымдастыру жұмыстары жүргі­зіл­ген. Соның нәижесінде жастарды әлеуметтік пайдалы жұмыстарға тарту жөнінде лайықты қадамдар жасалған. Осы жылы республикада өткізілген «Жас проджэкт» байқауына аталған оқу орнынан 11 өтінім беріліп, оның ішінде 6 стартап грант иегері атанғанын атап айтуға болады. Сондай-ақ аталған университет студенттері жеті миллион теңгені ұтып алғаны республикадағы өңірлік жоғары оқу орындары ара­сын­да­ғы жоғары көрсеткіш. 

Университеттегі стартап-жобалар Ақтөбе об­лыс­­тық кәсіпкерлік басқар­ма­сымен бірлескен түрде жү­­зеге асырылып келеді. Мұндай жұмыстар оқу ор­ны­­ның өңірдегі интеллектуалды ресурстарды шо­ғыр­­лан­дыру орталығына айналуына мүмкіндік береді.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Egemen Qazaqstan»

АҚТӨБЕ