Жамбыл облысының Байзақ ауданы Сарыкемер ауылының тұрғындары әлі күнге ауызсусыз күнелтіп келеді. Ауданда талай жобалар қолға алынып, іске асырылғанымен, дәл осы су мәселесі шешілмей-ақ қойды. Бүгінгі таңда ауыл тұрғындары үшін ауыз су талай жылдан бері түйіні тарқамаған көкейкесті мәселеге айналды. Шағын да емес, аудан орталығы саналатын Сарыкемер ауылының өзінде қазіргі кезде 30 мыңнан астам халық тұрады. Яғни, облыстағы ауқымды ауданның бірі.
Бір айта кетерлігі, өңірде 10 аудан болса, орталықтандырылған ауыз су жүйесі 9 ауданда толығымен шешімін тапқан. Тек қана сарыкемерліктер ауыз сусыз отыр. Еліміз азаттық алғалы бері отыз жылға тарта уақыт өтсе де, бұл мәселе әлі күрмеулі күйінде.
Сарыкемер ауылына арнайы атбасын бұрып, жергілікті тұрғындармен кездескенімізде бәрінің басты мұңы ауыз су екенін байқадық. Тіпті бұл мәселенің көпшілік тарапынан көтеріліп жүргеніне де 15 жылдай уақыт болыпты. Бүгінге дейін жергілікті тұрғындардың бәрі де есік алдынан құдық қазып алып, содан шыққан суды ішуге мәжбүр. Су тереңнен шыққан сапалы су болса бір сәрі. Өкінішке қарай, олай болмай тұр. «Су есік алдынан 5-6 метр тереңдіктен шығады. Бірақ талай жылдан бері мұндағы халық құм, қиыршық тас аралас суды ішуге мәжбүр. Бәріміз де суды қайнатып, ыдыс түбіне тұндырып барып ішеміз. Бұл − денсаулыққа зиян. Бір сөзбен айтқанда, 30 жылға тарта уақыт бойы халықтың көрген күні осы. 2013 жылы болуы керек, ауылымызға ауыз су тартыла бастап еді, соңы аяқсыз қалды. Оның себебі қарапайым халыққа белгісіз», дейді ауыл тұрғыны Қыдырәлі Оралов.
Көпшіліктің айтуынша, келмеске кеткен Кеңес өкіметінің кезінде бұл ауылда ауыз су болған екен. Орталықтандырылған су құбырлары жүйелері арқылы халық тіршілік нәрін татып отырған. Алайда Кеңес өкіметінің құлауымен бірге әлгі су құбырларының да тозығы жетіп, ақыры іске жарамсыз болып қалған. Содан бері сарыкемерліктер таза су көрмегенін айтады. Осы ауылда 30 жылдан бері тұрып келе жатқан Мекиа Раджамов та мұндағы көпшіліктің басты мәселесі басқа емес, тап осы ауыз су екенін жеткізді. «Ауылдың кіреберісінде тереңнен шығып жатқан таза су бар. Ол бір нүктеде ғана. Ол жерден бүкіл халықтың су ішуі мүмкін емес. Арасында болмаса, халық та ол жаққа көп бара бермейді. Дүкеннен кейде ішуге, тамаққа пайдалануға литрлеп таза су сатып аламыз. Бірақ үнемі сатып ала беру мүмкін емес. 30 мыңнан астам тұрғынның бәрінің жағдайы бірдей емес. Кейде есік алдындағы құдық суынан шай қайнатқанда шәйнектің аузына құм толып, су ақпай қалады. Бәрінен де балаларға обал. Біраз жыл бұрын ауылымызға ауыз су тартылмақшы болып, жұмыс атқарылды. Сонда тиісті басшылар келіп, орталықтандырылған су жүйесін іске қостық деп лентасын да қиған. Бірақ үш-ақ күн су болды. Одан кейін тағы тоқтап қалды. Сондықтан ауыл халқына таза су керек», дейді ол.
Күн тәртібіндегі күрделі мәселеге республикалық бюджеттен қаражат бөлінсе, құба-құп. Нақты айтсақ, аталған ауылға құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін 3 миллиард 816 миллион теңге қажет екен. Жергілікті халық ендігі жерде таза су мәселесінің шешілуіне үмітті. Егер биылғы бюджетте осы мәселе қаралып, тиісті шешім қабылданса, талай жылғы түйінді мәселенің нүктесі қойылмақ. «Сарыкемер ауылының халқына орталықтандырылған ауыз су жүйесі керек. Бұрын су құбырлары ескі жүйеге қосылған болатын. 2013 жылы бұл мәселені шешуге қаржы бөлінген. Алайда, прокуратура органдары ауылда жерасты су қоры жоқ, сондықтан қаржы бөлу негізсіз деген қорытынды шығарып, қаражатты кері қайтарды. Енді аудан, ауыл халқының атынан айтарым, осы мәселеге республикалық бюджетті нақтылау кезінде қаражат бөлінсе құба-құп болар еді. Жалпы, Сарыкемер ауылындағы су құбырларының ұзындығы 116,6 шақырымды құрайды. Аудан орталығына ауыз су тарту мәселесіне орай, өткен жылы жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, өткізілді», дейді аудан әкімі Рахматілда Рахманбердиев.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, былтыр Қостөбе, Көктал, Талас, Сеңкібай, Байзақ және Сарыкемер ауылдарының су жүйелеріне жобалау сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Барлық әзірленген құжаттар республикалық бюджеттен қаражат қарастыру үшін еліміздің Инвестиция және даму министрлігіне тапсырылды. Ал кезінде жерасты су қоры жоқ делінген Сарыкемер ауылы бүгінде жерасты су қорлары анықталған 6 ауылдың қатарында тұр.
Шынында да көпшіліктің күрделі мәселесі шешімін тапса игі. Қиын түйінді тарқатуға қаражат қолбайлау болғанымен, тұрғындардың ауыз суға деген үміті әлі сөнбеген. Сонымен қатар, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунованың Елбасына жазған бюджет жобасына жүргізілген алдын ала бағамдаудың негізгі қорытындылары туралы ақпаратында халық саны 30 250 адамды құрайтын Сарыкемер ауылы сумен жабдықталмағаны көрсетілген. Бұл да халықтың көңіліне демеу болып отыр. Ал аудан әкімі Р.Рахманбердиев ауыл тұрғындары атынан Парламент Сенатының депутаттары Абдалы Нұралиев, Мұратбай Жолдасбаев және Қожахан Жабағиев, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаев сияқты бірқатар халық қалаулыларының атына осы жобаның құрылысын қолдап, республикалық бюджеттен қаражат бөлуге ықпал етулерін сұрап хат жазыпты. Әлі де болса әліптің артын бағып отырған қарапайым тұрғындар жақсылықтан үмітті. Әзірге бір игілігі болар деп үміттенген халық құм, қиыршық аралас суды тұндырып ішіп, өмір сүріп келеді.
Байзақ ауданы сулы, нулы жер болғанымен, ауданда ауыз су мәселесі тек Сарыкемерде емес, бірқатар ауылдарда да бар. Бүгінге дейін аудандағы 43 елді мекеннің 20-сы ғана ауыз сумен қамтылған. Бір таңғаларлығы, тұрғындар саны Сарыкемер ауылынан әлдеқайда аз Түймекент, Қызыл Жұлдыз, Дихан, Абай сияқты ауылдарда бұл мәселе оң шешілген. Ал өткен жылы аудандағы 4 ауылға ауыз су жүйесі 1 миллиард 498 миллион теңгеге жүргізілді. Сонымен қатар, былтыр 6 ауылға су тарту үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалған. Биыл Талас ауылына құрылыс жұмыстарын бастауға республикалық бюджеттен 218 миллион, облыстық бюджеттен 24 миллион, барлығы 242 миллион теңге бөлінді. Алайда ауылдарды ауыз сумен қамтудағы ең үлкен жоба Сарыкемер ауылы екен.
Ширек ғасырдан астам уақыт бойы шешілмей келе жатқан мәселенің мәнісі осы. Күн сайын құмды суды ыдысқа тұндырып ішіп, әупірімдеп күн кешіп келе жатқан көпшіліктің көкейкесті мәселесі алдағы уақыттарда шешімін табады деген үміт бар.
Хамит ЕСАМАН,
«Egemen Qazaqstan»
Жамбыл облысы
Байзақ ауданы
Сарыкемер ауылы