Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан Жастары-2018» ұлттық баяндамасының таныстырылымы өтті. Құжатта жас буынның саяси-қоғамдық үдерістерге қатысу деңгейі мен мемлекеттік жастар саясатының нәтижелілігін арттыру мәселелері қарастырылған.
Ұлттық баяндаманы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы әлеуметтік зерттеулер, ресми статистикалық мәліметтер, жастардың білім және ғылым, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтылу, кәсіпкерлік және т.б. салалардағы жағдайларды талдау негізінде әзірлеген.
− «Қазақстан жастары-2018» ұлттық баяндамасы мемлекеттік органдарға, жастар саясаты институттарына, білім беру мекемелеріне, жастар ұйымдарына, бұқаралық ақпарат құралдарына, жастар саясатын жүзеге асыру мен жастарды қолдау жұмысы маңызды болып табылатын барлық тұлғаларға арналған, – деді Қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Асхат Оралов.
Алдағы уақытта «Қазақстан жастары-2018» ұлттық баяндамасының мәліметтері жастардың дамуына жағдай жасауға бағытталған тиімді басқарушылық шешімдер қабылдау мақсатында қолданылады. Баяндама 8 бөлімнен тұрады: жастардың демографиялық сипаттамасы, жастар саясатын іске асырудағы халықаралық тәжірибе, өскелең ұрпақтың денсаулығы және бос уақыты, жастардың өміріндегі білім және ғылым, әлеуметтік-экономикалық жағдайы, қоғамдық-саяси үрдістердегі белсенділігі, моральдық-адамгершілік және құндылықтық ұстанымдары және жастар ортасындағы қылмыс.
Сонымен қатар ұлттық баяндамада тұңғыш рет еліміздің Жастар прогресінің индексіндегі орны туралы жазылған.
– Орталық құрылғалы бері өткен бес жылдың ішінде жастар ортасындағы жағдайды – жастар арасындағы діни жағдайды, құндылықты бағыттар мен нұсқауларды, волонтерлік қызметін, көші-қон көңіл-күйлерін, жастардың кәсіби бағыттарын, әлеуметтік ахуалды және жастардың, соның ішінде әлеуметтік тұрғыда әлсіз, ауылдық жастардың, моноқалалар жастарының әлеуметтік тәжірибелерін диагностикалауға және мониторингіден өткізуге бағытталған 20-дан астам кешенді әлеуметтік зерттеулер жүргізілді, – деді «Жастар» ғылыми зерттеу орталығы» ЖШС директоры Талғат Қалиев. Ал орталық директорының орынбасары Әсем Қайдарова өткен жылдың IV тоқсанында еңбек нарығындағы 15-28 жастағы жұмыс күші 2157, 7 мың адамды құрағандығын, оның ішінде жұмыс істейтін тұрғындардың саны 2079,2 мың адамға жеткендігін атап өтті.
– Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 23,7 пайызды құрайды, ал жалдамалы жұмысшылар санының көрсеткіші – 76,3 пайыз. Сонымен қатар IV тоқсанында NEET санатындағы жастардың үлесі төмендеді, яғни 7 пайызды құрады, – деді Ә.Қайдарова.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»