• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
25 Ақпан, 2019

Музыканттарды қанаттандырған форум

699 рет
көрсетілді

Халықаралық дирижерлер форумы Қостанайда екінші рет өтті. Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның концерт залын үш күн бойы классикалық музыка мен ән-күй тербеді.  

Өнер отауында елімізге ғана емес, одан тыс жерлерге аты мәшһүр белгілі дирижерлері: «Астана Опера» теа­тры бас дирижерінің орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Вокалдық өнер және дирижерлау» кафедрасының доценті Ерлан Бейсембаев, Н.Тілен­­диев атындағы мемлекеттік акаде­мия­­­­­лық  фольклорлық-ака­де­миялық «Отырар сазы» ор­кестрінің дирижері Жалғас­бек Бегендіков, Қазақ ұлт­тық­ өнер университетінің про­­фес­­соры,  «Дарын» жастар­  сый­лы­ғының лауреаты, Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­­рат­кері Дәурен Ғылымов, Гне­син атындағы «Душа Рос­сии» орыс халық аспаптар ор­кестрінің бас дирижері Вла­димир Шкуровский бас қос­ты. Алғашқы күні қонақтар Ө.Сұлтанғазин атындағы Қоста­най мемлекеттік педагоги­калық университетінде студенттермен кездесті. Онда өнер жайлы кеңінен әңгіме өрбіді. 

Негізі биылғы дирижер­лер форумы облыстық филар­­мо­ниядағы камералық оркестрдің 15 жылдығына арналып ұйым­дас­тырылды. Сондық­тан фо­рум­ның алғашқы күні қос­та­найлықтарға камералық ор­­кес­трдің концерті ұсынылды. 

– Қостанайда түрлі саланың – клас­­сикалық, орыс және қазақ ұлт аспаптары оркестрлерінің ди­рижерлері бас қосып отырмыз. Қос­танай облыстық филар­мо­ниясының бұл форумы өте маңызды шара дер едім. Өнер бөліскенде дамиды. Мұн­да әр дирижер өз тәжірибесін, өзінің жаңалығын көрсетеді. Осындай кездесулерден жаңа бастамалар, жаңа байланыстар пайда болады. Бүгін Мәскеуден Владимир Шкуровский Қазақстанға келді, ал біз ертең Ресей­ге барамыз, осылай тәжірибе алмаса­мыз. Бұл форум Қостанайдағы өнер ұжымын, ондағы талантты му­зы­­канттар үшін де пайдалы, оларды ізденістерге итер­ме­лейді, – деді бел­гілі дирижер, Қа­зақ­станның еңбек сіңір­ген қай­раткері Абзал Мұхит­ди­нов. 

Көрермендер қашанда өнер­ге сусап отырады. Камералық, орыс­ ұлт аспаптары, қазақ ұлт­­­­ ас­пап­­тары оркестрлерінің орын­­­­дауында клас­сикалық және орыс,­ қа­зақ ком­по­зиторларының және халық шығар­малары орын­далды. Ең бастысы, ди­ри­­­жерлер форумы облыстық фи­лар­­мо­ниядағы таланттарды қанат­тан­дырғаны анық. 

– Дирижерлер форумының жақ­сы әсері мол. Біздің музыканттар бір серпіліп қалды, өнер шеберлерінен олардың үйренері көп. Сонымен қатар біздің филармония оркестрлерінің репертуары жаңарып, қызықты шығар­малармен толыға түс­ті. Өнердің өрінде жүрген дирижерлердің келуі біздің ұжым үшін шеберлік мектебінен бір де кем емес. Ал қостанайлық өнер- сүйер қауымның қуанышы бір бөлек, – дейді облыстық филармонияның директоры Назымбек Молдахметов. 

Дирижерлердің былтыр өткен алғашқы форумында қостанайлықтар Өзбекстанның халық әртісі Фарух Садықов­тың, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Арман Жү­де­баевтың, Қазақ ұлттық өнер уни­­верситетінің профессоры Әнуар Нүсіпбаевтың, ре­сей­­лік атақты дирижерлер Сергей Безбородов пен Вла­ди­мир Лав­ришиннің өнерін тама­шалаған еді. Олармен филармония ұжымында кеңесті әңгімелер өткізілген болатын. Мұндай пікір алмасулар биыл да өтті. 

Форумның қорытынды кон­цер­тінде облыстық мәдениет бас­қармасының басшысы Ерлан Қал­мақов форумға қатысқан, қонақ бол­ған өнер шеберлеріне облыс әкімі атынан алғысын жеткізді.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ, 

«Egemen Qazaqstan»

ҚОСТАНАЙ