Жамбыл облысының құрметті азаматы, жазушы-драматург Елен Әлімжанның комедия жанрындағы «Әйелдер бір іс бастады» драмасы облыстық қазақ драма театрында сахналанды. Аталған қойылымды Әулиеата жұртшылығымен қатар, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов арнайы келіп тамашалады.
Бүгінгі таңда ерлі-зайыптылардың арасында түрлі мәселелер туындап, оның соңы отбасылық шырғалаңға ұласып жатады. Мұндай жағдай, әсіресе жастардың арасында көп кездеседі. Орынсыз қызғаныш, беймәлім күдік те ерлі-зайыптылардың арасына от жағып, ақырында опық жегізетіні шын. Елен Әлімжан «Әйелдер бір іс бастады» драмасында осындай әрекеттерді әшкерелеп, көрерменді күлдіре отырып ойлануға жетелеуді мақсат еткен. Шығармада күйеулерін бір-біріне өзара жамандап, олардан күдіктеніп, ақыры оны тұзаққа түсіруді көксеген әйелдердің бейнесі де ашық берілген. Жалпы, байлықтың буына мастану, сол арқылы жауапкершілік сезінбестен ойнап-күлуді мақсат еткен кейбір қоғамдағы еркектердің де прототипі осы драмада бар.
«Әрине «Әйелдер бір іс бастады» комедиясы – ол менің шындықты беру тәсілім. Отбасындағы, қоғамдағы шындықты халықты күлдіре отырып жеткізіп, содан соң ойландыру. Бұл шығарманы осындай мақсатпен жаздым», дейді драматург Елен Әлімжан.
Бір қарағанда, қойылым көңілді көріністерге құрылған. Өзара көңіл көтеріп отырған Еңлікгүл, Гүлбибі және Аяжан деген үш келіншек ер-азаматтарының адалдығына көз жеткізбек болып, түрлі қулықтарға барады. Бірақ осы бір көріністің өзі бүгінгі қоғамда, әрбір отбасында кездесіп жататыны белгілі. Ал сахнадағы үш келіншектің бейнесін сомдаған Гауһар Сұлтанбекова, Индира Мұстафаева және Назым Ақылова өздеріне тиесілі рөлді лайықты меңгергенін көрсетсе, Жасұлан Қамбатыров өзі сомдаған бейнесі арқылы әрбір азаматтың өз отбасына тиісті көңіл бөлуі керектігін ұғындырады. Бұл тұрғыда облыстық қазақ драма театрының шығармашылық ұжымы осы қойылым арқылы өмірдегі отбасы құндылығын алға шығарған. Комедияның қоюшы-режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов, ал қоюшы-суретшісі Әйгерім Рамазан.
Хамит ЕСАМАН,
«Egemen Qazaqstan»
Жамбыл облысы