Төтенше жағдайларды ескерту және жою жөніндегі комиссияның Ақтөбе облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен отырысында көп қабатты тұрғын үйлердің өртке қарсы жағдайы қаралды.
«2018 жылы облыс бойынша тұрғын үй секторында 475 өрт тіркелсе, соның 75-і көп қабатты үйлерде орын алған. Негізгі себептері – отты абайсыз пайдалану және қысқа тұйықталу. 2019 жылы қаңтар айында тұрғын үй секторында 17 өрт орын алды, оның біреуі көп қабатты үйде»,- деп жеткізді төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықов.
Тексерістер Ақтөбе қаласындағы көп қабатты үйлерде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бірқатар проблемалардың барын көрсетіп отыр.
Облыс әкімі тек көп қабатты үйлердегі ғана емес, басқа да барлық тұрғын үй нысандарындағы, адамдар көп жиналатын жерлердегі өрт қауіптілігін төмендету үшін түбегейлі шараларды қабылдауды тапсырды. Соның ішіндетұрмыстық газдың жарылуын болдырмау үшін тұрғын үйлер мен пәтерлерде газоанализатор қондырғысын қондыру жұмыстарын жандандыру мүмкіндігін зерттеуді тапсырылды.
Айта кету керек, өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында өңірде 2017 жылдан бері 72 елді мекеннің қорғалуын қамтамасыз етеін 11 өрт бекеті құрылды. Биылға Хромтау ауданының Ақжар, Шалқар ауданының Шілікті, Мұғалжар ауданының Құмсай мен Мұғалжар, Әйтеке би ауданының Әйке және Мәртөк ауданының Родниковка ауылдарында тағы алты бекет құру жоспарланған.
Орташа алғанда өрт бекетін құруға өрт автокөлігін есептегенде 21 млн теңге керек. Өңір басшысы жоғарыда аталған аудандардың әкімдеріне ақшалай қаражаттың уақытында бөлінуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Бұдан өзге, отырыс кезінде судағы қауіпсіздік ережелері талаптарының сақталуын бақылау мәселесі қаралды. Осы жылы жағажайлардағы барлық қауіпсіздік нормаларының сақталуы қатаң бақылауда. 20 мамыр, суға шомылу маусымы басталғанға дейін барлық жағажайлар мұқият тексеріліп, ережені қасақана бұзғандар қызметін жүзеге асыру құқығынан айрылады. Жағажайлар шомылу маусымы бойына қоғамдық бақылауда болмақ. Сол үшін қоғам белсенділері, блогерлер мен БАҚ өкілдері қатарынан арнайы топтар құрылуда. Сондай-ақ, облыстың барлық елді мекендерінде былтыр басталған коммуналды (тегін) жағажайлар ашу жұмысы жалғасатын болады.
«Жағажайларды шомылу маусымына күні бұрын дайындау және жабдықтау – адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі. Бұл сұраққа жауапкершілікпен қарауларыңызды сұраймын, әсіресе жекеменшік жағажайлардың басшылары. Материалдық-техникалық базаны нығайтыңыздар. Сіздердің табыстарыңыз алдымен, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кетуі тиіс. Біз өткен жазда оырн алған оқиғалардың қайталанбауы үшін барлық қажетті шараларды қолдануға тиіспіз», - деді облыс әкімі.
Сонымен бірге, облыс әкімі құтқарушыларды даярлау жұмысын күшейтуді, мектеп жасындағы балаларды жүзуге және судағы қауіпсіздік шараларына кең ауқымды үйретуді кеңінен ұйымдастыруды тапсырды.