• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Ақпан, 2019

Жас педиатр дәрігерлердің ІІ басқосуы өтеді

513 рет
көрсетілді

Биыл 1 наурыз күні «Жастар жылы» аясында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында «Жас зерттеуші: заманауи педиатрия және балалар хирургиясы дамуының сын-тегеуріні мен келешегі» атты тақырыпта докторанттар, магистранттар мен резиденттердің халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді.

Денсаулық сақтау министрлігі, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, «Педиатрлар Одағы» қоғамдық бірлестігі мен С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың балалар аурулары кафедрасының ұйымдастыруымен өтетін жиырға Ресей, Өзбекстан, Қырғыз және өз еліміздің 100-ден астам зерттеу жұмысымен айналысатын жас педиатрлар мен балалар хирург-дәрігерлері қатысады.  

Халықаралық деңгейдегі конференцияда балалары ауруларын емдеу мен диагностикалаудың заманауи әдістері, медициналық көмек беруді ұйымдастыру аспектілері, сирек ауруларды емдеу мен диагностикалауды жетілдіру, түрлі хирургиялық және соматикалық патологиялары бар балаларды оңалту, психологиялық және медициналық-әлеуметтік бейімдеу, балалар жасындағы интенсивті терапия мен анестезиология, диагностикалау мен емдеу барысында қолданылатын заманауи медициналық технологиялар мәселелері талқыланып, ғылыми жобалар ұсынылатын болады.

Конференцияның ашылу салтанатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, еліміздің жетекші медициналық жоғары оқу орындарының ректорлары, медицина саласына еңбек сіңірген қайраткерлер жас ғалымдар алдында алғы сөз сөйлейді.

Конференция – жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру, педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы өзекті мәселелерді көтеру, дамуы мен келешегін саралау, жас мамандарды ғылыммен айналысуға шақыру, денсаулық саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда жас дәрігерлердің рөлін арттыруды көздейді.

Сондай-ақ ғылыми конференцияға ұсынылған баяндамалар үш аталым бойынша анықталып, марапатталады:

1. «Үздік баяндама» (3-орын);

2. «Үздік мақала» (3-орын);

3. «Үздік постерлік баяндама» (3-орын).

Конференция материалдары «Педиатрия және бала хирургиясы» ғылыми журналында жарияланатын болады.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ