• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Ақпан, 2019

«Әзірет Сұлтан» қорық-музейі туристік орталықтармен меморандум жасады

871 рет
көрсетілді

«Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайту және бірлесе дамыту мақсатында бірқатар туристік орталықтармен келісімге келді. Бұл туралы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музей директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы, «Turkestan Tour» туристік агенттігінің директоры Ибрагимова Меруерт Абилаятқызы және «Тұран-Саяхат» туристік фирмасының директоры Усентаев Мақсат Фазылбекұлы меморандумға қол қойып, Түркістан қаласына келуші туристер санын арттыру және оларға жағдай жасау бойынша келісті.

- Жыл басынан бері еліміздегі көптеген туристік агенттіктермен меморандум түзе отырып, Түркістан қаласын насихаттау және дәріптеу, келушілер санын арттыру бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынған. Осы орайда, шетелдік туристік орталықтармен де байланыс орнатылып, келіссөздер жүруде. Мемлекет басшысының Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесін беру туралы шешімі тарихи оқиғаға айналғаны белгілі. Елбасының Түркістан облысына сапары барысында «Әзірет-Сұлтан» музей-қорығын ЮНЕСКО-ның бірегей ескерткіші ретінде қалпына келтіру жоспары бекітілді. Алдағы уақытта, Түркістанға келушілер көптеген тарихи мәліметтер мен нысандарды көретін болады. Олардың қатарында Күлтөбе қалашығы, Хан ордасы, Хан мешіті және көне Түркістан көшесі сында көптеген тарихи орындар бар. Сонымен қатар, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты 99 тарихи-мәдени, рухани ескерткіштер де келушілер назарына ұсынылады»,-деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы.

Айта кетсек, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне қарасты тарихи орындарды анықтау және қайта жаңарту жұмыстарына арналған жобалар ежелгі римдік Помпей қаласының музейі, Осман империясының «Топкапы» сарайы, Иерусалим қаласы сияқты әлем ескерткіштерінің тәжірибесіне сүйене отырып, әзірленді. Оларға жыл сайын осы елдердің экономикасына үлкен кіріс әкелетін миллиондаған туристер барады.

Осы орайда 2023 жылға қарай Түркістанға келетін туристердің саны 5 млн аса адамды құрайтын болады, олардың келу уақыты да 3 сағаттан 4-5 күнге дейін ұлғаймақ.

Осы ретте аталған компания басшылары да шетелдік туристермен қарым-қатынас жасай отырып, Түркістан қаласының тарихи-мәдени келбетін бірлесе таныстыруға күш салуға уағдаласты.