Жылдың көктем мезгілі жақындағанда Сыр аймағының тұрғындары абыржып, Сырдария өзеніндегі мұз қаупінің алдын алуға, дария бойындағы бөгеттерді қатаң бақылауда ұстауға жыл сайын ұмтылыс жасайды. Биылғы қыс аса суық болды. Осыған орай туындаған жағдай сырбойылықтарды тағы да қобалжытып отыр.
“Егемен Қазақстанның” Қызылорда облысындағы тілшісі Еркін Әбіл су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының бастығы Әділхан Қарлыхановқа:
– Сіз бұған не дейсіз?
– Алдымен Тоқтағұл, Қайраққұм, Шарбақ, Әндіжан су қоймаларында жиналған су көлемі жайында айтайын. Бүгінде Арнасай ойпатына секундына 150 текше метр су жіберілсе, Қызылқұм каналы арқылы 5 текше метр су алынуда. Шардара су қоймасынан 8 ақпанда шыққан секундына 400 текше метр судың 75 текше метрі Көксарай су реттегішіне жіберілсе, 325 текше метр су Сырдарияның төменгі ағысына жөнелтілген. Арыс өзені арқылы да дарияға секундына 25 текше метр су құйылып жатыр. Ал, Қызылорда су торабындағы су деңгейі 127,95 текше метрді көрсетсе, төменгі ағысқа секундына 382 текше метр су жіберілуде. Бүгінде дариядағы мұз Тартоғай елді мекені тұсына дейін ұстасып, Қызылорда су торабының жоғары 130 шақырымына жеткен. Болжам бойынша, таяу күндері сең жүруі ықтимал.
Жалпы, облыстық жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасы өкілдерінің айтуынша, аймағымызда тұрғындарды көшіруге арналған 75 жинақтау, 103 қабылдау пункттері жасақталып, 751 автокөлік нақтыланған. Облыс бойынша жергілікті атқарушы органдар резервінен 112,878 миллион теңге бөлінсе, онымен қоса 146,5 тонна жанар-жағар май, мұз жару жұмыстары үшін 247 мың дана қап қоры дайындалған.
Нақтылай айтар болсам, бүгінде дария мұзының қалыңдығы Қазалы ауданында 65 сантиметрге, Қармақшы ауданында – 35-40, Жалағаш ауданында – 30-37, Сырдария ауданында – 30-35, Қызылорда қаласында 25-30 сантиметрге жетіп отыр.
Төтенше жағдайды болдырмау мақсатында күнделікті жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Күні кеше осы мәселеге байланысты облыс әкімі селекторлық мәжіліс өткізіп, мұз қаупінің алдын алу және сірескен сеңді, бөгеттерді бақылауда ұстау үшін сала басшыларына нақты тапсырма берді.
Қызылорда.
Жанайқай
БҰЛ ҚАЙ БАСЫНҒАНДАРЫ?
Шығыс Қазақстан облысында электр қуаты тапшы ма, әлде “таз ашуын тырнаудан аладының” кері ме?
Өскемен қаласы тұрғындарының жанайқайын жеткізуге тура келіп тұр. Қала ғана емес, облыс тұрғындарын да, міне, бір аптаға жақындады, “ВК РЭК” компаниясы электр қуаты тапшы дегенді сылтау етіп, үйлердегі жарықты алты-жеті сағатқа дейін тоқтатып тастауды әдетке айналдырды. Сорақылық емей немене, мәселен, дүйсенбі күні Жамбыл атындағы драма театрында спектакльдің премьерасы болмай қалды. Балабақшаны электр қуатынан ажыратып тастау тіпті өрескел. Шалғайдағы ауылдар онсыз да биылғы қатал қыстан қысылып отырғанда, электр қуаты өшіріліп, тұрғындардың заңды наразылығын тудыруда.
Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың өтініші бойынша кеше “ВК РЭК”, жарық тасымалдаушы “КЕГОК” компаниясы, монополияға қарсы басқарма және облыстық энергетика басқармасы басшыларының қатысуымен баспасөз мәслихаты болып өтті. Жарық неге сөнеді, тұрғындар төлемдерін уақтылы төлесе де, неге жарықсыз отыр дегенге электр таратушылар тұжырымды жауап қайтара алмады. “Таз ашуын тырнаудан алады” дегендей, мұның алдында олар бағаны көтеру жөнінде талай рет мәселе көтерген, бірақ оған тиісті орындар жол бермеген еді.
– Қазір Екібастұз ГРЭС-індегі екі желі істен шықты. Ал біз сырттан қуат көздерін сатып аламыз. Бұқтырма ГЭС-і жеке меншікке өтіп кеткен, Өскемен және Шүлбі ГЭС-інің қуаты жетпейді, – деп ақталуға тырысты “ВК РЭК” президенті Галина Феофанова.
Басқарма бастығы Айтқазы Шерубаев қазіргі жағдайға алаңдаушылық білдіріп, қуат көздеріне қарыздар мекемелермен облыс әкімі Б.Сапарбаевтың әңгіме жүргізіп жатқанын, бірақ тиісті орындардың бұл іспен өздері шұғылданулары қажет екенін тілге тиек етті. Тағы бір кемшілік, жарықтың сөнетіні жайлы алдын ала хабар берілмейді. Кесте неге жасалынбайды? Аудандарға дер кезінде хабар беру жайы да айтылды. “Водоканал” 300 миллион теңге қарыз деген сөз де жалған болып шықты. Қалай дегенде де, бұл жайға нүкте қойылатын уақыт жетті. Үйлеріндегі тоңазытқышы, теледидарлары істен шығып жатса, лифтілерде адамдардың қалып қоюы сияқты оқиғалар қайталана берсе, олармен соттасатыны жайлы да сөз болды. Сондықтан қуат көздерін орынсыз өшіргенді қою керек.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,Өскемен.
Тосын табиғат
ЖАҒДАЙ ҚАЛЫПТЫ АРНАҒА ТҮСТІ
Соңғы күндері Іле ауданына қарасты Күрті қоймасындағы су деңгейі арнасына толып, сел жүру қаупі туындағандықтан жұрт әбігерге түскен еді. Осыған орай бөгеттің төменгі ағысында тұратын Ақши ауылының тұрғындары көшіріліп, қауіпсіз аймаққа орналастырылғанын хабарлаған едік. Табиғаттың тосын мінезінің алдын алуға Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Амандық Баталов басқарған Төтенше жағдайлар министрлігінің Ұзынағаштағы әскери полкі, Қарасай ауданындағы республикалық құтқару отряды, Алматы қаласындағы және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің арнайы тобы, сондай-ақ ішкі істер басқармаларының жауапты қызметкерлері мен жол-су шаруашылығы мекемелерінің ұжымдары қатыстырылып, халықты азық-түлік, жатын орынмен қамтамасыз ету шаралары шешімін тауып, халыққа қиын сәтте жағдай туғызылып, тұрғындардың қолдағы малына 70 тонна шөп Балқаш ауданынан әкелінді. Облыс әкімі Серік Үмбетов сел қаупінің алдын алу шараларын қатаң бақылауға алып, аймақтағы халықпен кездесіп, кейбір мәселелердің шешімін табуына басшылық жасады.
Қолға алынған шаралардың нәтижесінде қоймадағы су деңгейі төмендеп, Ақши ауылының тұрғындары үйлеріне оралды. Жиналған судың деңгейін төмендету мақсатында арнайы құбырлар арқылы судың бағытын өзгерту мен тау өзендерінен қосылатын су деңгейін бұру жұмысы қатаң бақылауға алынған.
Панфилов ауданындағы Үлкеншыған ауылында 2,5 шақырымдық суды бөгейтін бөгет жасалып, жағдай қалыпқа түссе, Ұйғыр ауданындағы Шонжы ауылында да арықтар тазартылып, көшелер мен ойпаңдағы үйлерді су басып қалмауы назарға алынған. Жағдай Жамбыл ауданының Тарғап ауылында да қалыпты деуге болады. Тасқыннан жапа шеккен отбасыларына жан-жақты көмек көрсетілуде.
Атқарылған шаралар мен бүгінгі жағдай Күрті су қоймасында және өзге де елді мекендерде сел тасқынынан қаупі жоқ деп бағалануда. Дегенмен жер-жерде арнайы комиссиялар жұмыстарын жалғастыруда.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.