Бейсенбі, 23 тамыз 2012 7:31
– Біздің емхана күніне 500-дей адамды қабылдай алады, – деп бастады әңгімесін Екібастұздағы аурухананың бас дәрігері Марат Біләлов. – Жалпы құны 120 миллион теңге тұратын заманауи медициналық технологиялық құрал-жабдықтары сатып алынды. Мысалы, Жапония, Италия, Голландия, Ресейден әкелінген биохимиялық клиника, иммунды ферменттік талдау зертханасы, функционалдық диагностика сияқты қазіргі таңда дамыған елдер ғана пайдалана алатын құрал-жабдықтар бар. Ал, әйелдер денсаулығын қарауға арналған маммография кабинеті Баянауыл ауданының да тұрғындарына қызмет көрсетеді.
Бейсенбі, 23 тамыз 2012 7:31
– Біздің емхана күніне 500-дей адамды қабылдай алады, – деп бастады әңгімесін Екібастұздағы аурухананың бас дәрігері Марат Біләлов. – Жалпы құны 120 миллион теңге тұратын заманауи медициналық технологиялық құрал-жабдықтары сатып алынды. Мысалы, Жапония, Италия, Голландия, Ресейден әкелінген биохимиялық клиника, иммунды ферменттік талдау зертханасы, функционалдық диагностика сияқты қазіргі таңда дамыған елдер ғана пайдалана алатын құрал-жабдықтар бар. Ал, әйелдер денсаулығын қарауға арналған маммография кабинеті Баянауыл ауданының да тұрғындарына қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, бұрынғы ескі емхана ғимаратын да 54,3 миллион теңге жұмсап күрделі жөндеуден өткіздік. Қазір онда балалар кеңесі мен қалалық балалар стоматологиясы орналасқан. Орталық емханада 332 дәрігер еңбек етуде. Жыл сайын тұрғындар денсаулығы жақсаруда, бұл ауру-сырқаудың азаю көрсеткіштерінен байқалып отыр. Соңғы 5 жылда өлім-жітім мың тұрғынға шаққанда 9,6-дан айналып, 15 пайыз төмендеді. Туу 16,6 деңгейге жетті, табиғи өсім 30 пайызға дейін көбейді. Нәрестелер өлімі азайып келеді. Өткен жылы мың баланың 8,0-і ғана шетінеді. Сонымен қатар, білікті дәрігерлер, жаңа технологиялық құрал-жабдықтар арқасында туберкулез, онкология аурулары бойынша көрсеткішті төмендетуге қол жеткіздік. Медициналық қызмет сапасын жақсарту мақсатында емханада ішкі аудит комиссиясы құрылды.
– Жас мамандардың жағдайы қалай?– Өз басым жас маман дәрігерлер аурухананың, емхананың болашақ иелері деп ойлаймын. Жаңа бағдарламаларды жүзеге асыратын, жаңа технологиямен жұмыс жасайтын осы жастар ғой. Оларға жол ашық. Емханада бұл күндері 12 жас дәрігер еңбек етуде. Қала әкімдігі әрқайсысына 500 мың теңге көлемінде көтерме ақы төледі, әр жылдары келген 24 маманға пәтерлердің кілттері тапсырылды. Бүгінгі күндері елімізде халық денсаулығын сақтау барысында атқарылып жатқан істер көз алдымызда. Яғни, дені сау қоғамда мемлекеттің де экономикасы дамып, адамдар да жақсы өмір сүруге қол жеткізеді. Денсаулық жақсы болса, көңіл де тыныш. 2010 жылы 30 дәрігер мен 34 медициналық бике Алматы, Астана, Семей қалаларында қайта даярлау курстарынан өткен болса, өткен жылы 29 дәрігер мен 83 медбике білімдерін жетілдіріп қайтты.– Қалаға қарайтын ауылдық аумақтар да бар ғой. Олар қызметпен қалай қамтылып отыр?– Дәрігерлер бригадасының шалғай ауылдарға жиі шығуы, тұрғындарды медициналық тексеруден өткізуі өзінің нәтижелерін беруде. Емхана бойынша ауылдықтарды қабылдайтын дәрігерлер бар, олар кезексіз қабылданады. Қалаға қарасты Төртүй ауылдық дәрігерлік амбулаториясы, Тай, Бәйет ауылдарында стационарлық дәріханалық пункттер ашылды, қызмет көрсету кестеге сәйкес «Керей-Фарм» серіктестігінің жылжымалы дәріханалық бөлімшесімен жүзеге асуда. Ауылдықтар қалаға келмей-ақ қажетті дәрі-дәрмектермен қамтылуда. Төртүй ауылдық аумағына санитарлық автокөлік бөлінді. Қала әкімдігі, облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен өткен жылы Атығай ауылындағы медициналық бөлімшенің құрылысы аяқталса, қазіргі кезде Бәйет ауылында жаңа бөлімшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.– «Дөңгелекті емхана» ауылдарға барып жүр ме?– Былтыр Елбасы Жолдауын және «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында облыстық денсаулық сақтау басқармасы емханаға «Камаз» автокөлігі негізіндегі жылжымалы диагностикалық медициналық кешенді табыс етті. Кешен Екібастұз, Баянауыл және Ақтоғай аудандарының ауылдық аумақтарын аралайды. Дәрігерлерге арналған «Газель» автокөлігі де берілді. Кешен барлық қажетті диагностикалық құрал-жабдықтар – УДЗ, рентген, клиникалық-биохимиялық зертханамен жабдықталған, сонымен қатар, стоматолог, гинеколог, окулист, терапевт кабинеттері бар.– Жаңа бағдарламалар аясында емханада қандай өзгерістер бар?– Емханадағы педиатрия және терапия бөлімшелерінде екінші медициналық бикелер, әлеуметтік жұмыскерлер бар. Біз кеш бастасақ та, отбасылық дәрігер принципі бойынша (ЖТД) бөлімшелік қызмет жұмысын, 4 жалпы тәжірибелік дәрігер бөлімшесін ұйымдастырдық. Жалпы, өз басым дәрігер ретінде алғашқы медициналық көмектің дамуын тек қана осы отбасылық дәрігерлер қызметімен байланыстырамын. Күндізгі емделу орындарында 25 төсек-орын бар. Және «үйден емделу» стационарлық жүйесін ұйымдастырдық, мұнда ауыр науқастар, қарт емделушілер тиісті медициналық көмекті ала алады. Елімізде бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің енгізілуіне байланысты тұрғындарға медициналық көмек көрсету барысында емделуші алғаш рет өз дәрігерін, емханасын таңдауға мүмкіндік алды. Мысалы, шамамен 300-ге жуық адам біздің емханамызға қаланың басқа емханаларынан келіп тіркелді. Сонымен қатар, дәрігер қабылдауына тікелей келу және телефон арқылы науқастардың жазылу жүйесі енгізілді. Тіркеу орны алдын ала жазылу үшін көп арналы телефон байланысымен жабдықталды. Емделушілермен дәрігерлердің қабылдау кестесінің өзгерісі туралы хабарлау үшін «кері» байланыспен қамтамасыз етілген. Жазылу және емделушілерді қабылдау жұмыс кестесіне сәйкес жедел медициналық жәрдемді қажет ететін жағдайларды санамағанда 8.00-ден 20.00-ге дейін жүргізіледі. Алдын ала жазылу үшін маманның қабылдау уақыты мен күні, науқастың төлқұжат мәліметтері көрсетілген журналдар енгізілген. Тіркеу орнының құрамында дәрігерлердің қабылдауы, профилактикалық және скринингтік тексерілу, зертханалық тексерулерді жүргізу сұрақтары бойынша түсіндірулер беріледі. Әрі 70 жастан асқан қарт адамдарға арналған тіркеу орны жұмыс жасайды. Оларды қабылдауға арнайы кабинеттер және екі терапевт дәрігер бөлінді. Аурудың алдын алу мақсатында емханада диабет, гипертония, жүктілер, отбасын жоспарлау, ана мен бала бөлімдері жұмыс жасайды.
Әңгімелескен
Фарида БЫҚАЙ,«Егемен Қазақстан».Екібастұз.