• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Ақпан, 2019

Тұғыры биік тұлға

2363 рет
көрсетілді

Ширек ғасырдан артық уақыт бұрын қазақ халқы ата-бабамыз армандаған тәуелсіздікке ие болды. Еліміз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басқаруымен демократиясы тұрғылықты, нарықтық қатынастары дамып келе жатқан, әлемдегі елдердің арасында өзінің бөлек орны бар мемлекетке айналып отыр. Сол қиын-қыстау кезеңдерде егемендігіміздің алғашқы жылдарынан бастап еліміздің экономикасының дамуына, әлеуметтік жағдайлардың қалыптасуына өзінің қомақты үлесін қосқан алдыңғы буын ағалардың бірі, тіпті бірегейі, тұлғалы азамат Хамит Қошанұлы Рақышев еді. Өкінішке қарай, ол өмірден ерте озды. Ортамызда жүргенде биыл 70 жасқа толатын еді.

Белгілі мемлекет және қоғам қай­раткері Хамит Рақышев Алматы облысы, Қаскелең ауданы Абай ауылында шаруа­ отбасында дүниеге келген. Әкесі Қошан Рақышев ауылдағы кеңшарда жұмысшы, малшы, шешесі Мағрипа үлкен отбасының ұйытқысы болған. Олар сегіз баланы дүниеге әкелген ардақты жандар еді. Рақышевтар әулеті ел арасында өздерінің еңбектерімен, халыққа жасаған қызметтерімен, орнатқан дұрыс қарым-қатынастарымен сыйлы отбасы. Хамит Қошанұлы 1973 жылы Ал­матыдағы құрылыс техникумын бітіріп, туған ауылы Абай атындағы совхоз­да құрылысшы болып жұмысқа қабыл­данады, көп ұзамай шебер қызметіне бекітіледі. Содан кейінгі жылдары аға инженер, аға прораб болып, өзін жан-жақты дайындалған іскер маман екенін көрсетеді. Алғыр азаматтың ерекше қа­білетін байқаған аудан басшылары оны Абай атындағы құс фабрикасы ди­ректорының орынбасары қызметіне тағайындайды. Ол 1981-1983 жылдары Қаскелең ауданы Ленин кеңшары тұтынушылар қоғамы төрағасының орынбасары, Үлкен Алматы кеңшары тұтынушылар қоғамының төрағасы, Іле аудандық тұтынушылар қоғамы төрағасының орынбасары болды. 1983 жылдан бастап Хамит Қошанұлы Ша­мал­ған кеңшары тұтынушылар ода­ғының төрағасы, 1984-1986 жылдары Жамбыл ауданының тұтынушылар ода­ғының төрағасы қызметтерін атқарды. Осы кездерде Хамит Қошанұлы ха­лық­т­ың бел ортасында болып, өзінің ұйым­дастырушылық қабілеттерін көр­сетіп, елі үшін аянбай еңбек ететін жан екенін таныта білді. Үлкен жүректі азаматтың істеген жақсы істерін, елге жа­саған қамқорлықтарын сол кездерде бірге қызмет істеген аға буын өкілдері әлі күнге дейін естерінен шығармай, толғаныспен айтатынын өз құлағыммен естіп жүрмін.

Қасиет қонып, құт дарыған Жам­был ауданында қызметте болғанда Хамит Қошанұлы облыс, республика бас­шыларының көздеріне ілініп, келешек өміріне үлкен жолдама алған еді. 1986 жылы абзал азамат Сарыарқаның төсінде жайғасқан, жаңадан құрылып, қарқындап дамып келе жатқан қазақтың киелі мекені Жезқазған облысында тұтынушылар қоғамының төрағасы болып сайланды. 1988-1990 жылдары Жезқазған облыстық атқару ко­митеті төрағасының орынбасары қыз­метін атқарды. 1990 жылы Алматы қаласындағы Республикалық орталық партия комитетінің демалыс үйінің директоры қызметіне жұмысқа жіберіледі. Содан соң Қазақстан Республикасының Президенті мен Министрлер Кабинетінің сауда бөлімінің басқарушысы лауазымына тағайындалады. Қазақстан Республикасы бас тексеруші инспекция­сы­ның мемлекеттік инспекторы қыз­метін атқарады. 1993 жылы Хамит Қо­шанұлы ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шешімімен Қазақстан Республикасының жаңадан құрылған Сауда-өнеркәсіп палатасы Президиумының төрағасы қызметіне тағайындалды. Жаңадан тәуелсіздік алған мемлекет үшін аталған палатаның алдында көптеген жауапты міндеттер, халықаралық деңгейде шешетін күрделі мәселелер тұрған еді. Осы қызметте атпал азамат 14 жылдан астам уақыт қызмет етіп, өмірінің соңына дейін бар­лық күш-жігерін аямай тер төкті.

Мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев Хамит Қошанұлымен жас кезінен бірге өскен. Оның айтуынша, Хамит замандасы жас кезінен өте зерек, алғырлығымен көзге түскен. Өсе келе туған ауылының көркейіп, дамуына өзінің қосқан шексіз үлесі бір төбе. Оның достарының, жер­лестерінің арасында шоқтығы биік, бе­делді, үлкен абырой иесі болғанын ешкім есінен шығарған емес. Талантты азамат екеуі жас кездерінен бастап ауыл­да спортпен айналысып, әсіресе, волейбол секциясында бірге дайындалған, алғы шепте болса, табиғи қайсар міне­зіне сай Хамит командада үнемі шабуыл­шы шебінде атойлап жүрген. Кейінгі жылдары Хамит досының Ал­матыда «Динамо» спорт қоғамында волей­бол секциясында жаттығуларын жал­ғастырып, команда құрамында үлкен жетістіктерге жеткенін, оның спорт шебері болғанын мақтанышпен есіне ала­ды. Амангелді Смағұлұлы Хамит екеуі сол кездерде Еуропада екі дүркін жеңімпаз болған алматылық «Буревестник» волейбол командасының құрамында ойнау­ды армандаған да. Хамиттің велосипед спортымен де айналысып, жүлделі болғаны да замандастарының есінде. Амангелді Шабдарбаевтың ұйым­дас­тыруымен Хамит Қошанұлын еске алу мақсатында ол оқыған мектепке және кезінде отбасы тұрған көшеге оның атын беру ұсыныстары мемлекеттік органдарға тапсырылды. Күні бүгін ол ұсыныс қолдау көріп, іске асса нұр үс­тіне нұр болар еді. 

Кезінде Жезқазған облыстық тұ­тыну­шылар қоғамын Хамекеңнен соң бас­қарған, Арқадан шыққан еліміздің бе­делді азаматы Сенбай Жаппаров біздің кейіпкеріміз туралы жазылайын­ деп жатқан жаңа кітапқа бірінші болып өзінің естеліктерін жазып та берді. Сенбай Жаппаров «Алаштың абыз ақсақалы, кемеңгер қариясы бол­ған Бұқар жырау Қалқаманұлының «Жақ­сының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген даналық сөзі өз­дері өмірден өтсе де өнегесі мен жаса­ған жақ­сылықтары өлмейтін Хамаң се­кілді жақсы адамдарға арнап айтылған сияқты» дейді жүрек толқынысын сез­діре отырып. «Баяғыда үлкендеріміз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп жатушы еді. Көзін көріп, өзін біліп, ақыл-кеңесін тыңдап, ағалық және азаматтық қамқорлығына бөленіп өмірде өнеге алған адамның жақсы қасиеттерін еске түсіріп, хатқа басып, ес­телік қалдыруды өзімнің аға алдын­дағы адалдық мен бауырлық борышым деп санаймын» дейді ол ақжарма көңілмен ақтарыла сыр шертіп.

Хамит Қошанұлы Жезқазған облысы тұтынушылар одағының төрағасы болып қызметке келген кезде өлкенің шал­ғайда жатқан, жаңадан құрылған облыс болғандықтан ба, әйтеуір, өндіріс пен өнеркәсіптің өркендеуіне көптеген кедер­гілер туындай бергені ақиқат еді. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей Хамит Рақышев өзінің білікті басшы, шебер ұйымдастырушы екенін танытып, бірден тізгінді қолға алып, жұмысты ширатып жібереді. Әсіресе ол кісі саланың өндірістік материалдық базасының дамуына, қарқынды жұмыс жасалуына ерекше ықпал етеді. Оның Югославияда жасалған шұжық дайын­дайтын цехтың бір емес бақандай үшеуін Жезқазғанға алдыртуы сол кезде таңғаларлықтай оқиға демеске және амалың жоқ. Өндіріс саласына өзге де жаңа технологиялар біртіндеп енгізіл­гені әлі күнге дейін елдің есінде, оның бәрін Хамаңның есімімен байланыстыру дәстүрі сақталынған.

Ол өз қызмет жолында Арқада бол­сын, Алматыда жүрсін қазақтың ал­ғыр азаматтарына қолдау жасап, аға­лық қамқорлығын аямаған. Хамаң шә­­­­­­кірт­терінің біразы қазіргі кезде рес­пуб­ликамыздың орталығынан бастап, елі­міздің барлық түкпірінде беделді де белсенді қызметтер атқару үстінде. Бір сөзбен айтқанда, аз уақыт ішінде Хамит Қошанұлы көп іс тындырған бірегей азамат. «Сарыарқа азаматтары Хама ағасын әркез сағынышпен естеріне алады» деген Сенбай замандасымның сөзі де әркез құлағымда тұрады. 

Сол 80-жылдардың аяғында Ақадыр ауданында қызмет істеп жүрген ке­зімде мен де Хамит Қошанұлымен ал­­­ғаш таныс­қанмын. Кеңпейілді, үл­кен жү­­­­ректі азамат алғашқы кездесу­ден кейін-ақ мені өзінің бауырына тартып,­ ағалық ақылын айтып, үне­мі із­деп жүрді. Кездескен сәтімізде ай­рыл­­мастай қауышып қалушы едік. Ерек­­­ше жаратылған жанның бойынан қайталанбас кісілік қасиет, тектілік се­зім, жүзінен жан тазалығының ша­па­ғат нұры төгіліп тұратын. Оның ма­ған деген ыстық ықыласы, көрсеткен аға­лық қамқорлығы, әрбір кездесулерде айтқан ақыл сөздері әлі күнге дейін құ­лағымнан кетер емес. Хамаңдай көңілі дархан мінезді жандар, бәлкім, келешекте кездеспейтін шығар. Дегенмен, осындай айтулы тұлғамен таныстырып, жанына жақындатқанына мен Аллаға шүкіршілік етемін.

Өткен жылдың желтоқсан айын­да Хамит Қошанұлының өмірлік жа­ры Балжан апаймен кездескенде Хамит ағаның 70 жылдығына деректер жиын­тығымен арнайы кітап шығару туралы арамызда келелі әңгіме болған. Осыған орай Хамаңмен қызметтес, мүдделес-үзеңгілес болған мемлекет және қоғам қайраткерлері, туыстары, достары, әріптестері, Сауда-өндірістік палатасының облыстардағы филиалдарын басқарған азаматтар өз­де­рінің Хамит Қошанұлы туралы­ жазған естеліктерін Алматыға жібе­ре бас­тады. Олардың ішінде М.Бияров, А.Абдрахманова, Н.Төреханова, С.Ордабеков, Р.Аппазов, Т.Ко­но­нова және басқа да азаматтар бар. Текті аза­­мат туралы барлық жүрекжарды ес­телік-мақалалар, ән сазы мен өлең шумақтары «Дәуір» баспаханасында жинақталып жатыр. Еліміздің сауда палатасын 14 жылдан артық уақыт басқарып, мекеменің абыройын биікке көтерген Хамит Қошанұлы Рақышев ТМД елдерінің арасында жоғары дең­­­­­­гей­ге шығарып, әлем көлемінде де есте қаларлықтай істер атқарған. Оған дәлел Хамит ағамыздың пікірімен Ресей және басқа да алпауыт мемлекеттердегі әріп­тестерінің санасқаны. Өзі басқарған ұжымда да беделі өте жоғары болған. 

Хамаң хал­қы­мыздың, жеріміздің тарихын терең біл­ген. Замандастары оны әркез мақ­тан тұтатын, елдегі же­тіс­­­тіктерді зор қуа­нышпен айтып жүре­тін. Алматы облысының Жамбыл ауда­нындағы Самсы елді мекенінде жаугершілік заманда елін, жерін жаудан қорғаған, одан азат етуде ерлік көрсеткен, қаһарман Сәмен батырға арнайы ескерткіш орнатылды. Оның айналасы безендіріліп, бау-бақшаға айналды. Бұл істің де ұйытқысы, бас демеушісі және негізгі ұйымдастырушысы Хамит Қошанұлы еді. Өзі туған Абай ауылының өркен­деуіне атсалысып, туыстарына, жерлес­теріне, әсіресе, қарт азаматтарға өзінің қамқорлығын шексіз жасаған. Ауыл мешітіне, мектепке мейлінше көмек көрсетті. 

Хамит Қошанұлының тұғыры биік тұлғалы бейнесі отбасының, туыс­та­рының, достарының, әріптестерінің, жалпы халықтың, бәріміздің есімізде мәңгі сақталады.

Әділ ШАЯХМЕТОВ, 

генерал-лейтенант, Орталық Азиядағы есірткіге қарсы күрес орталығы директорының орынбасары

АЛМАТЫ