• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Ақпан, 2019

Town hall форматындағы кездесу

408 рет
көрсетілді

Town hall – қызметкерлердің корпоративті рухын қалыптастырып, қарым-қатынасын жақсартуға бағытталған жиынның жаңа форматы. Мемлекеттік корпорацияның алғаш рет өткізген «галстуксыз» отырысына жиналғандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныстарын айтып, мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету жолдарын талқылады.

«Мемлекеттік корпорация – еліміз­дің барлық аймағын қамтыған бірегей ұйым. 18 мың жұмысшы мемлекеттік қызметтердің сапалы көрсетілуіне өз үлесін қосып жүр. Олардың әрқай­сы­сының инновациялық идеясы мен ұсынысы қашанда қолдау табады. Жүзеге асқан бірнеше жоба – осының дәлелі», деп өтті Town hall шарасының ашылуы барысында сөз сөйлеген мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов. 

Бірегей идея авторларының бірі – Әнуар Қожахметов. Ол қызмет­кер­лердің емханадан алатын еңбекке уа­қыт­ша жарамсыздық парағын онлайн форматқа көшіруді ұсынды. «Бірде досым емханадан алған сырқат пара­ғын жоғалтып, қайта алуға баратынын айтты. Ал егер сол құжат үшін мүлде емханаға барудың қажеті болмаса дегенімде, бұл бұрыннан қа­лып­тасқан дүние ғой деп жауап берді. Біз бұрыннан қалған жүйені өзгер­туден қорықпауымыз керек. Цифр­лы өмір – қағазбастылықтан арылуға көмектеседі, қарапайым қа­зақ­стандықтардың өмірін жеңіл­де­­теді», деді Ә.Қожахметов. Айта ке­те­йік, емханада берілетін сырқат пара­­ғын онлайн жүйеге ауыстыру ұсы­нысы Денсаулық сақтау минис­тр­лі­гі тарапынан қолдау тауып, бүгінде оны техникалық тұрғыда жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

Кезде­суге Индонезияда өткен Азия пара ойын­дарының жүзуден 2 дүркін жеңім­пазы Ержан Сәлімгереев те қа­тыс­­ты. Мемлекеттік корпорацияға 2018 жылы жұмысқа орналасқан спорт­шы биылғы «100 жаңа есім» жоба­сында жеңімпаз атанған. Тоғыз жасында трансформатор будкасына тоқ­қа түсіп, бір аяғы мен қолынан айы­рылған ол қайсар мінезінің арқа­­сында қиындықтарды еңсеріп, спорт­қа араласып, тағдыр тәлкегіне мойы­мады. «Спорт менің өмірімді түбе­гейлі өзгертті. Қиындықтарға тө­теп беріп, мақсатқа жету – басты мін­детім. Осы жігеріммен мемле­кет­тік кор­порацияның дамуына да өз үле­сімді қосқым келеді», дейді Ержан Сәлімгереев.

Бүгінде, мемлекеттік корпора­ция­да мүмкіндігі шектеулі 600-ден аса қызметкер жұмыс істейді. «Азамат­тар­ға арналған үкімет» еліміз бойынша мүгедектігі бар азаматтарды ең көп жұмыспен қамтыған бірден-бір мекеме. «Оларға қолдау көрсетіп, дені сау азаматтармен бір қатарда жұ­­мыс істеуге мүмкіндік беру – адами ресурс­тарды бағалай­ты­ны­мыз­дың көрі­нісі», дейді корпо­ра­ция­дағылар. 

Town hall форматында өткен ша­ра­­ға мем­­ле­­кеттік корпорацияның бас­­қарма мүше­­лері, өңірлік фили­ал бас­шы­лары, Аста­на филиал­ы­ның қыз­меткерлері, жиы­ны 500 адам қа­­тыс­­ты. Басқосу бары­сында корпо­ра­тив­тік мәдениет диаг­ностикасы жоба­сы­­ның қоры­тындысы айтылып, цифр­лы мә­де­ниет­­ті қалыптастыруға негіз бо­ла­­­тын корпоративті құндылықтар айқын­далды. Шараның мақсаты – қызмет­керлерді компанияның күнде­лік­ті жұмысына белсенді атсалысуға ынталандыру, сервистік мәдениет деңгейін жоғарылатуға жұмылдыру. 

«Егемен-ақпарат»