Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігін бақылау бөлімі хабарлағандай, Майқайың кентіндегі жекеменшік үйде өрт шықты.
Оқиға орнына дереу 4 өрт сөндірушісі бар бір бөлімше жіберіледі. Үй иесі сол жерде болған және үйде газ баллондары бар екенін ескертеді. Өрттің шығуына газ баллонын ауыстыру кезінде қоспаның тұтануы себеп болған. Сондықтан жедел басқару орталығына жарылыс қаупі мүмкін екендігі хабарланады. Бір сәттік қана мүмкіндік. Осы сәтте өрт сөндірушілер кіші сержант А.Колокольников және қатардағы жауынгер Д.Макаров үйден сыйымдылығы 27 литрлік 6 баллон мен 50 литрлік 1 газ баллонын сыртқа шығарып үлгереді. Өрт сөндірушілерінің батылдығы мен бірлескен жұмыс барысында өрт сөндірілді. Жарылысқа тосқауыл қойылды. Көрші үйлерге және шаруашылық құрылыстарға тарауының алдын алды.
Департаменттің өрт қауіпсіздігін бақылау бөлімінің хабарынша, бұл күндері өңірдегі қалалар, ауылдарда, аудан орталықтарында өрт қаупінен сақтануға бағытталған профилактикалық іс-шаралар жалғасуда. Облыс бойынша рейдтерге барлығы 244 адам қатысты. Үй-үйді аралап шығумен пешпен жылытатын жеке тұрғын үй секторының 3938-ден астам отбасы қамтылды. Рейд барысында өңір тұрғындарымен кездесіп, пешті дұрыс пайдалану және тұншықтырғыш газбен уланудан қалай сақтану керектігі жөнінде ескертеді. Сондай-ақ тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардың үйлеріне арнайы белгі бергіш құрылғы датчиктер орнатуда.
Өрт қауіпсіздігін бақылау бөлімінің ұжымы Майқайың кентіндегі өрт сөндіру кезінде кіші сержант Артем Колокольников пен Дмитрий Макаров бөлімшенің қоғамдық өміріне, сондай-ақ гарнизонда өткізілетін барлық спорттық іс-шараларға белсенді қатысатынын айтады.
Жуырда орын алған өрт оқиғасында батылдық көрсеткен бейбіт күннің батырлары – өрт сөндірушілер марапатталды.
Фарида БЫҚАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Павлодар облысы