Ақпан айының ортасында «Нұр Отан» партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракциясы жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысында кәсіпкерлікті қолдау мәселесі талқыланған болатын. Отырыс аясында Ұлттық экономика министрлігінің департамент директоры Асланбек Жақыпов жыл басынан бергі ішінара тексерістердің орнына жаңа бақылау институты енгізілетінін хабарлаған-ды. Бақылаудың мақсаты - кәсіпкерлерге көмек көрсетіп, кеңес беру. Осыған байланысты министрлік бизнеске арналған қоғамдық қабылдаулар өткізуді жоспарлаған болатын.
Осылайша, Алматыда басталған үш күнгі қоғамдық қабылдау барысында бизнес өкілдері мемлекеттік органдармен бір алаңда өздерін толғандырған мәселелер бойынша пікір алмасты. Ұлттық экономика министрлігінің департамент директоры Асланбек Жақыпов осы кездесуде кәсіпкерлер тарапынан айтылған көптеген сауалды тыңдап, ұсыныс-пікірлеріне назар аударды. Отырыстың өзекті тақырыбына айналған жер бөлу, сәулеттендіру, салық, жарнама мәселесі мемлекеттік органдардың назарына алынды.
«Атамекен» ҰҚП Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі директоры Айтуар Қошмамбетовтың айтуынша, 2014 жылдан бергі аралықта кәсіпкерлерді толғандырған мәселелердің арнайы тізбесі жасалған. Олардың қатарында сыртқы жарнама төлемақысы, сауда нүктелеріне тұтынушылардың қолжетімсіздігі, қала бойынша салық көлемінің жоғарылығы, автотұрақ, т.б. мәселелер бар. Бүгінгі күнге дейін жарнама орналастыруда түйткілді жайттар көп. Осы орайда жүргізілген келісімдер бойынша кәсіпкерлердің ерікті түрде рұқсат алып, салық төлеуіне орай арнайы хат жолданатын болады. Бизнес саласының жұмысына бірқатар кедергі келтіріп отырған қаладағы автотұрақтардың қолайсыздығы да өзекті жайт. Осы бағытта да қолға алынған шаралар өз шешімін тауып келеді. Ал Кәсіпкерлер палатасына соңғы үш жылда белгіленген салық көлемін төмендетуге байланысты түскен өтініштерге орай тиісті органдар тарапынан арнайы жұмыстар жүргізілуде.
Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры, сарапшы Гүлнар Құрбанбаеваның айтуынша, бүгінде кәсіпкерлік саласында мемелекеттік бақылау органдары тарапынан кететін кемшіліктер жеткілікті. Сонымен қатар жер бөлу, техникалық рұқсат құжаттарын беру, тоқсандық есеп өткізу кезіндегі жиі болатын өзгерістер, салықтың көбеюі, жарнамаға салынатын айыппұлдар кәсіпкерлердің наразылығын туғызуда. Ал кәсіпкерлерге жүйесіз, орынсыз салмақтың түсуі көлеңкелі бизнеске жол ашатыны сөзсіз. Соның салдарынан бюджет салықтан қағылып, тұтынушы сапасыз тауарға тап болады. Мұның сыртында әлеуметтік мәселелер де жеткілікті.
Ал Қазақстан кәсіпкерлері форумы директорының орынбасары Гүлнар Қуанғанова бүгінгі бизнестің тынысын дөп басқанда мемлекеттік қолдау кімдерге жасалады, субсидиялар кімдерге беріледі деген сауалдар мазалайтындығына тоқталды. Себебі, субсидиялардың қолжетімсіздігі туралы мәселе соңғы уақытта кәсіпкерлерді жиі толғандырып келеді.
Кәсіпкерлер мен бизнес өкілдерінің ашық алаңы көкейде жүрген әрі шешімін таппай келген бірқатар мәселенің оң шешімін табуына ықпал етіп, тиісті органдар қаперге алмай отырған жайттарға қозғау салды.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
АЛМАТЫ