• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Ақпан, 2019

Қызылордалық полицейлер 13 мал ұрлығы дерегін ашты

534 рет
көрсетілді

Өткен аптада облыс көлемінде республикалық «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Бұл туралы Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шара департаменттің Криминалды полиция басқармасының жетекшілігімен жүргізілсе, іс-шараның мақсаты - мал ұрлығын жасауға қатысы бар адамдарды анықтау, оларды ұстау және қылмыстық жауапкершілікке тарту.

Іс-шараның 3 күнінде 6 мал ұрлығы қылмысы тіркеліп, сондай-ақ, бұрын жасалған 7-і мал ұрлығы қылмысы ашылды. Іс-шара барысында Жалағаш ауданында 2018 жылдың аяғынан жайылым мен қорадан мал ұрлығы қылмыстарын жасаған қылмыстық топ құрықталды.

Мал ұрлықтарын жасап, оңай пайда табу мақсатында олар түнгі мезгілде бақташысыз жайылымда жүрген малдарды атыс қаруымен атып алып, сойылған мал еттерін облыс орталығындағы жеке кәсіпкерлерге арзан бағамен сатып отырған.

Жалпы, осы мерзімде жәбірленуші 4 азаматтан арыздар түсіп, олардан 3 жылқы, 2 ірі қара малы ұрланғаны және оларға жалпы құны 1,5 млн теңге шамасындағы шығын келтіргені анықталды.

Жедел іздестіру шаралары барысында құрықталған 22-31 жас аралығындағы 6 азаматтың Жалағаш ауданының тұрғындары екені анықталып, олар өз қылмыстарын толығымен мойындаған.

Сонымен қатар олардың тұрғын үйлеріне жүргізілген тінту барысында 12 және 16 калибрлі тегіс ұңғылы аңшы мылтықтары мен мал етін тасымалдаған автокөлік тәркіленді.

Қылмыскерлер мал ұрлығы қылмысынан бөлек заңсыз қару сақтағаны үшін жауапкершілікке тартылатын болады. Ұсталғандарға қатысты тергеу әрекеттері жүргізілуде және олардың басқа да қылмысқа қатыстылығы тексерілуде.