• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Ақпан, 2019

Солтүстік Қазақстанда 90-нан астам ауылды су басу қаупі бар

821 рет
көрсетілді

Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандарының айтуларына қарағанда Қызылжар өңірінде су тасқынының қаупі жоғары болуы ықтимал.

Бұл болжамды жергілікті синоптиктер де жоққа шығармайды. Өйткені, қардың көп жаууына байланысты су тасқыны орташа жылдық көрсеткіштен жоғары болатын түрі бар.Осы жағдайлар ескеріліп, биыл қарғын суға тосқауыл қою шараларын жіті  жүргізу үшін  республикалық бюджеттен 400 миллион теңгедей қаражат бөлінген.

«Мониторинг қорытындысы бойынша  90-нан астам елді мекеннің қауіпті аймаққа жататыны, ал тікелей өзен сағаларында орналасқан18 ауылдық жерлерде қорғаныс шараларын құру мүмкін емес екені анықталды. Соған қарамастан тасқынның алдын алудың, адамдарды қауіпсіз жерлерге орналастырудың  барлық жұмыстары атқарылады», дейді облыстық  төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Рамиль Камалов.

Эвакуациялық комиссияның отырысында  төтенше жағдай кезіндегі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі дайындық жайы талқыланып,  іс-қимыл жоспарына  бірқатар түзетулер енгізілді. Петропавл қаласы, Есіл, Тайынша, Аққайың аудандары су тасқыны қаупі анағұрлым жоғары аймақтарға жатқызылды.  Уәлиханов ауданындағы бөгет күрделі жөндеуден өткізіліпті. Жолдар нығыздалып, нығайтылыпты. Бұл мақсаттар үшін жергілікті қазынадан да қаржы қарастырылған. Соңғы 4 жыл ішінде 84 ауылда судан қорғаныс бекеттері тұрғызылған.

Облыстық әкімдіктің отырысында аймақ басшысы Құмар Іргебаев  айтып келмейтін апаттың алдын алу, зардабын азайту, елді мекендерді қорғау, адам, мал шығынын болдырмау, тұрғындардың қалыпты өмір сүруіне жағдай жасау мәселелерін ерекше ескертіп, тиісті орындарға бірқатар міндеттер жүктеді.

Облыстық  ТЖД қарамағында 45 техника, жеке құрамдарда 255 адам, 10 жүзу құралы бар.

«Көктем-2019» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шарасы аясында құтқарушылардың кәсіби әзірліктері тексерілді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы