Туризмді әлемдегі ең табысты бизнестің бірі деуге болады. Оның маңыздылығы жыл санап артып келеді. Аталған сала көп елдерде ішкі жалпы өнімнің қалыптасуына, қосымша жұмыс орнын құруға, сондай-ақ сыртқы сауданың белсенділігіне ықпал етеді. Жалпы, туризм саласы басқа да салалардың дамуына мол мүмкіндік береді. Мәселен, туристік агенттіктер, мейрамханалар, санаторийлер, тамақтану орындары, көлік байланысы және т.б.
Бүгінгі таңда Сайрам ауданында 8 туристік нысан орналасқан. Оның 6-уы қонақүй, «Манкент» шипажайы және жеке меншіктегі емдік-сауықтыру орталығы. Сонымен қатар ауданда «Сиқым баба» кесенесі мен «Жаныс баба» мавзолейі бар.
Түркістан облысының және Шымкент қаласының жұртшылығы Сайрам ауданындағы Ақсу өзенінің бойынан орын тепкен жазғы демалыс орындарына жиі келеді. Қазіргі таңда ондай орындардың 14-і маусымдық үлгіде жұмыс істейді.
Ауданда туристік маршрут дайындалған. Аталған маршрутқа «Манкент» шипажайы, «Сиқым баба» және «Жаныс баба» кесенелері енгізіліп отыр. Туристік маршруттардың бойында инфрақұрылымды жетілдіру мақсатында Сайрам ауданы бойынша «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында 11 қызмет көрсету нысаны орналасып, қызмет көрсетуде.
Ағымдағы жылы туризм саласын екі бағытта дамыту жоспарланып отыр. Біріншісі − сауықтыру туризмі. Аудан Шымкент қаласына жақын орналасқандықтан және «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі аудан орталығына жақын болуына байланысты, ойын-сауықтыру және емдік-сауықтыру туризмі жақсы дамып отыр. Осы жылы Ақсу ауылдық округіне қарасты «Ақсукент 2» ауылында 3 қабатты оңалту, сауықтыру орталығын іске қосу жоспарланған. Жобаның құны 500,0 млн теңгені құрайды.
Екіншісі − тарихи-мәдени ескерткіштер. «Сайрамда бар сансыз баб, Отырарда отыз баб, Түркістанда түмен баб, баптардың бабы Арыстан баб, ең үлкені Хален баб» екені баршамызға мәлім. Осы тұста тілге тиек еткен жөн, 2017 жылы туристік маршрут дайындалып, оған жоғарыда аталған үш нысан енгізілген. Осы бағытқа Қарамұрт ауылдық округінде орналасқан, Қытай тарихнамасында «садағы мен семсері» қолынан түспеген қаһарман қолбасшы болған Хален баб және Көлкент ауылында орналасқан Қазақ ханы Абылай ханның бекінісі болған «Ханқорған төбесін» туристік маршрут тізіміне енгізіп, оларды жан-жақты насихаттау, жарнамалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Дәурен ДҮЙСЕБАЕВ
Түркістан облысы, Сайрам ауданы