• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Өнер 27 Ақпан, 2019

Әбдуәли Қайдар: «Аш жүрсем де, қалтамда ақша болса, кітап сатып алдым»

3387 рет
көрсетілді

Ғалым, ұстаз Әбдуәли Қайдар 95 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Назарларыңызға, еске алу үшін, бес жыл бұрын тоқсан жасқа келгенде берген сұхбатын ұсынамыз. 

– Он жеті жасыңызда соғысқа өзіңіз сұранып барған екенсіз. Бізге қазір айту оңай, сезіну қиын. Ол кезде халық қандай күйде еді?

– Мен 1924 жылғымын. Отан соғысы басталғанда он алты жаста едім. Маусымның үші күні радиодан Сталин сөйледі. Сталинның сөзі кеңес халқына арналған болатын. «Солдаты! Офицеры! Генералы! Адмиралы! Рабочий класс, колхозники, к вам я обращаюсь, друзья мои». Сталин «друзья мои» деп айта қоймайтын адам. Сол сөзді естігенде жылағандар да болды. Сөзінің аяқ жағында: «Біздің соғысымыз-ақ. Біз жеңеміз!» – дегенді айтты. Сол арада біз де тұрдық. Біздің ұққанымыз бір нәрсе: халық қиын жағдайға ұшыраған. Кейбіреулер үйіне қайтты. Біз көшеде асық ойнап, доп теуіп жүрген бала едік. Үйге келсек, үн-түн жоқ. Ешкім сөйлемейді. «Оу, не болды?!» деп сұрайды. Сталиннің сөзін айттық.

Соғысқа елді ала бастады. Екі айдың ішінде көп адам кетті. Әкем райфинотделда инспектор болатын. Ағамның біреуі колхозда, біреу қарапайым қызметкер болатын. Талқан-тарысын дорбаға салып, үшеуі майданға жүріп кетті. Ол уақытта Алматыға арбаменен, машинамен алып кетуші еді. Соғысқа кетіп бара жатқан адамдарды музыкамен шығарып салатын. Одан кейін ойын да тоқтады. Тамыз айының екінші жартысында мектепке бардық. Молотов атындағы орта мектептің тоғызыншы сыныбын бітірген едім. Он шақты бала жиналып қалдық. Сұрастырсақ сабақ беретін еркек мұғалімдер өздері сұранып соғысқа аттанып кетіпті. «Әкелеріміз, ағаларымыз Отан қорғап жүргенде, біздің ауылда жүргеніміз дұрыс па?» деген сөз болды. Содан ақылдасып келіп, біз де соғысқа сұрандық. Аудандық «Үлгілі колхоз» деген газет болатын. Соған барып, өзіміздің қан майданға өз еркімізбен аттанатынымызды айттық.

Аудандық әскери бөлімшеге бардық. Тұмарбеков деген адам бар еді. Сол кісі: «Сендер мылтық көтере алмайсыңдар» деп бізді соғысқа дайындайтын жерге жіберді. Онда екі ай болдық. Он екі бала едік. Арамызда бір орыс, қалғандары қазақ болатын. Газетке суретімізбен «Өз еркімен сұранғандар» деп басып жіберді. Түргенде сегіз айлық мұғалімдік курс ашыпты. Сонда оқуға түстік. Сонда оқуда жүргенде әскери бөлімшеден бізге шақырту келді. Жүгімізді алып, сонда келдік. Бізді арбамен де, машинамен де емес жаяу жіберді. Сонымен, біз қырық бес шақырым жерді жаяу жүріп келдік. Таңертең шығып, кешке Алматы маңындағы Калинин совхозының жанына келіп түнедік. Ертесі «Алматы-1»-ге бардық.

Барсақ, бізді алып баратын бір жас жігітті белгілеген екен. Барлық құжат соның қолында. Ол кетіп қалыпты. Ары күтеміз, бері күтеміз. Жоқ. Бізге күдікпен қарап, заттарымызды да ұрлатып алдық. Ертесі күні Қазақ әскери бөлімшесінен жолдама алдық. Алматыдан Ташкентке бардық. Сонда үш ай училищеде оқыдық. Радио-телеграфный курс дейді. Үш айдан кейін бізді Мәскеу қаласына аттандырды. Кремльдің үстінде аэростат деген заттар қаптап тұрды. Кремльге бомба тастатпау үшін жауып қойған екен. Сол жерде бізді екіге бөлді. Бізбен бірге нағашы ағам да болған. Сапта қол ұстасып, «өлсек, бірге өлейік» деп тұр едік, командир келіп, қолымызды айырып, екеуімізді екі жаққа жіберді. Оны Кавказ маңына, мені Калинин фронтына. Калинин фронтында «Марс» деген операция жүріп жатыр екен. Сол жерде бір рет жараландым, бір рет контузия алдым. Контузияға байланысты айтатыным. Бейтарап аралықта немістердің бір пулеметі жатыр еді. Солдаты оққа ұшқан. Соны кім алып келеді деген бұйрық келді. Жанымда бір орыс жігіті бар, «біз алып келейік» дедім. Еңбектеп барып, бір пулеметті екі дискісімен алып келдік. Содан командный пунктте комбат қарап тұр екен. Сол келіп: «Пулеметті алып келген кім?» деді. Олар бізді көрсетті. Сол үшін үшінші деңгейлі «Даңқ» орденін берді. Сол майданда жараландық. Бізді шана тектес сүйретпеге (солоска) байлап, үйретілген иттерге сүйреттіріп жіберді. Қарағайлардың арасымен ешбір жерге соқпай, иттер бізді емдеу пунктіне жеткізді. Біз есімізден айырылып қалған едік. Бізді «не жилец» деп зовқа лақтырып жіберді. Өлген адамдардың арасында жарты түнге дейін жатыппыз. Суықтан есімізді жинап, «я живой» деп айғайладық. Сонымен, бізді санитарлар жүгіріп келіп, емдеуге апарып, екі айдан кейін майданға жіберді.

– Әкеңізбен қай майданда бірге болдыңыз?

– Бір күні радиода сөйлесіп отырсам, бір қазақ баласы екен: «Мен сотый бригададанмын», - деп айтты. «Менің әкем сол бригадада еді, біліп бересің бе?» деп едім, «біліп берейін» деді. Бірақ біліп бере алмады. Әкем менен он күн бұрын майданға кірген екен...

– Калинин фронтында ғой.

– Ол кісінің аты – Тұрғанбай. «Операция «Марс». Казахи в долине смерти» деген кітапта бар. Қазақтардың қырылған жері – осы. Екі миллион қазақ шейіт болған. Бірақ әкеміз туралы «пропал без вести» деген қағаз келді. Өліп қалды деп жылап-сықтап жүргенімізде, тірі екен деген хабарды естідік. Шешеміз айтатын: «Сол немістің бір қызына үйленіп, үндемей жатқан шығар ұялып» деп. Кейін әкем қайтыс болған жерге қарындасым барып келді. Жатқан жерін көріп, сол жердегі тізімнен атын оқыпты. Бірақ алып келуге мүмкіндік болмады. Көрдіңіз бе, он күн айырмашылық. Ол кісі 12-сінде қайтыс болған. Мен 21-інде жаралы болдым. Бір соғыс осы. Калинин фронты. Одан кейін Ленинградты блокададан босатуға салды.

Волганың бойындағы бір қалаға Ленинградтан Жданов атындағы әскери-инженерлік училище көшірілген екен. Сол жерде офицерлік оқуда болдым. Майдан кезі. Оқуым біте салысымен, ұшақпен бір түнде Еуропа жеріндегі екінші Беларусь фронтына апарды. Сол жерде кішкене ерлігімді көрсеткендей болдым. Екі орден алдым. Бір жағы Австрия, бір жағы Польшаның шекарасынан өтетін өзенге көпір жасап, әскерді өткіздік. Сол арада соғыс бітті. Біздің Бас қолбасшымыз Рокоссовский: «Бізге Берлинді алуды тапсырған еді. Бірақ бізден бұрын Жуков алды. Соғыстың аты – соғыс. Жеңіс бәрімізге ортақ. Сол үшін қуанайық!» деп сөз сөйледі. Содан біз Штиттель деген қаланы тазаладық. Біздің алдымызда немістер екі сағат бұрын көшіп кеткен екен. Сол арадан елімізге қайттық. Ташкентке келдік. Ташкенттен Түрікменстанның Ленинабад қаласына апарды. Сол жерде офицер ретінде бір айлық демалыс берді.

Ауылға келсем, хәлдері өте нашар екен. Шешеміз апамызды, ағамыздың әйелін, үш баланы өзі жалғыз бағып жүр екен. Оның үстіне бір шешен отбасын асырап алған. Қорадағы тоқал тамда солар тұрады екен. «Мыналар кім?» десем, «Ол шешен деген халық. Әкеп төккесін, жаным ашып тамды босатып бердім» деді. Сөйтіп, «Үйіне қарайтын адам жоқ» деп анықтама алдым. Қазақбаев деген бастық қабылдады. Содан әскерден толық шықтым. Одан кейін әскери бөлімшеде істедім. Сол жерде істеп жүріп, соғысқа байланысты тастап кеткен сабағымды кешке оқып жүрдім. Оныншы сыныптың құжатын алып, Алматыға келіп, университетке түстім. Оны төрт жылда бітірдім. Әскерге барып келгендер жақсы оқыса, бір курс аттауға болады екен. Екінші курсты аттап, үшінші курсқа түстім. Аспирантураға түсіп, академияда Ісмет Кеңесбаевтың қамқорлығын көрдім.

– Бір курс аттап кеткенде, ауыз əдебиетінен Балтабай Адамбаев екеуіңіздің Әуезовке емтихан тапсырғандарыңыз бір хикая екен. Соны айтып бересіз бе?

– Айтып берейін. Сол кездегі ректорымыз Төлеген Тәжібаевтан бір курс аттауға рұқсат алып шығып келе жатсақ, алдымыздан Әуезов кездесті. «Ағай, біз рұқсат алып едік емтихан тапсыруға. Осы демалысты пайдаланып сіздің сабағыңыздан тапсырайық деп едік» дедік. «Жарайды. Онда жүре әңгімелейік» деп, Төлебаев көшесімен жоғары қарай жаяу жүріп сөйлестік. Алдымен Балтабай Адамбаевқа сұрақ қойды. Ол кейін әдебиетші болды. Одан кейін мен жауап бердім. Біздің жауабымыз ұнаған болуы керек. Өзіміз дайындалып жүрген болатынбыз. «Сендердің дайындықтарың жақсы екен» деді. Үйінің алдына келдік. Опера театрына қарама-қарсы тұратын. Сол кезде Балтабай мінезі жеңілдеу еді. «Ағай, есік алдыңызға келгеннен кейін сіздің үйіңізге кіріп, көріп кетейік» дегені. «Ой, бәрекелді! Кәне, жүріңдер!» деп үйіне кіргізді. «Әй, Валя, шәй қой, қонақтар келді», – деді. Кабинетіне кіргізіп, кітаптарын көрсетті. «Мынау шығыстануға байланысты, мынау Еуропа елдерінің әдебиеті, мынау Далаға байланысты» деп ретімен таныстырып жатты. Өзінің жазған еңбектерін көрсетті. Дастархан әзір болды. Дәм таттық. Бұны кейін ешкімге айтқан жоқпыз. Әуезовпен осылай таныстық.

– Сурет салып, мандолинада ойнайды екенсіз. Бұларды қай уақытта үйреніп жүрсіз?

– Бұл – бала күнімнен келе жатқан машықтарым ғой. Әскерден кел геннен кейін, оныншы сыныпты бітірді деген құжат керек болды. Ол құжатсыз оқуға алмайды ғой. Мектепке барсам, «қалай болар екен» деп қиналдым. «Бұл мен оқыған мектеп. Оныншы сыныпты балалармен отырып, оқып шығайын. Сонан кейін беретін шығарсыздар. Менің салған суретім әлі тұр екен» дедім. Әскерге кетердің алдында Амангелдінің портретін салып кеткен болатынмын. «Ойбай-ау, мына суреттің авторы сен бе?». «Иә, менмін». «Онда алдық» деп мені оқуға алды. Әкем маған кішкене күнімде домбыра мен мандолина алып берген. Мен мандолинаны көбірек ұнаттым. Радиодан скрипкада ойнаған музыканы естісем, соны аяғына дейін тыңдап болмай кете алмайтынмын. Сөйтіп, сабақтан кешіккен уақыттарым да болды. Мандолинада әжептеуір ойнаушы едім. Академияда да ойнап жүрдім. Қазір қойдық қой.

– Отыз жыл басшылықта өткен уақытыңызда ғылыммен айналыса алмай қалдым деп ойлайсыз ба? Кедергісі болды ма?

– Болды. Көп жазуға мүмкіншілік болған жоқ. Өйткені, жиналыс. Партия жиналысы, профсоюз жиналысы, ғылыми Кеңестің отырыстары көп болатын. Отыз жылымның көпшілігі соған кетті. Маған орныңызды босатыңыз деп екі академик келді. Жабайхан Мүбараков пен Зәки Ахметов. «Сендер немістен де ұқыпты екенсіңдер. Немістер айтқан уақытында келетін. Мен: «тоғызыншы майда мені директорлықтан босатыңыздар» деп арыз жазып ем, сендер жетінші майда келдіңдер» деп әзілдеп, орнымды босатып бердім. Орнымды босатқаннан кейін, бес жылдай «Құрметті директор» болдым. Сол кезде: «Зейнетке шықсам, қолым босайды. Жиырма бес кітап жазамын» деген уәде бергенім рас. 25-ке жеткен жоқ. 12-13 кітап жаздым.

– Бізде бір адамдардың еңбегін асыра бағалайды. Кей адамдардың еңбегі көзге көрінбей, өз бағасын алмай қалып жатады. Еңбекті əділ бағалау деген қандай болады?

– Сұрағың менің айта жүретін бір сөзіме тура келіп тұр. «Қазақ бір-бірін мақтаса – алты қырдан асырып жібереді, даттаса – жеті қабат жердің астына батырып жібереді». Осы екі бағалау Конфуцийдің теориясына қарсы. Ол тек қана мақтау үшін оның жақсы жағын да, жаман жағын да тексеріп, екі жағын таразылап отырып, ағын айтқан. Кейде қатар жүрген жолдастар онша бір елден ерекше қызмет ете алмайды. Ол қартайғанда немесе дүниеден өткенде жер мен көкке сыйғызбай, «ұлы адам» еді деп мақтайды. Ұлы адам болу деген М.Әуезов сияқты адамдардың маңдайына жазылады. Елдің бәрі ұлы бола алмайды. Осы мінез халқымызда менталитет ретінде сақталған. Бұрын да солай болған, қазір де солай. Біреулерді қазір мақтап жатса, мен оған сын көзбен қараймын.

– Шəкірттеріңіз қандай? «Ұстаздың бақыты шəкірті өзінен озғанда» деп жатады.

– Шәкірттің бәрі бірдей ойдағыдай болмайды. Ойдағыдай дейтін себебім, қорғап, үлкен мәртебеге қолы жеткенше осы алды-артыңа түседі. Одан кейін әрең амандасатын жағдайға келеді. Өзім болдым дейді. Ондайлар болды. Бір заманда менің директорлық орныма таласқан шәкіртім болды. Мен оны кешірдім. Жастықпен істедің дедім. Шәкірттерімнің ішіндегі өте алғыры да сол. Сексен шәкіртім бар. Он алтысы ғылым докторы. Қалғаны кандидаттар.

– Өзіңіздің докторлығыңызды кандидаттықтан кейін араға он бес жылдай уақыт салып қорғапсыз. Төрт-бес жылда қорғап жататын еді. Ұзақ уақыт қорғамай жүруіңіздің себебі бар ма?

– Менің ғылыми нысаным – ұйғыр тілі. Өскен ортамда ұйғырлар көп болды. Ұйғыр мектебінде оқыдым. Сергей Ефимович Маловтың айтқаны бар: «Түркологияда мықты болу үшін оны зерттеуші-ғалым алдымен ұйғыр тілін білуі керек» деп. Ұйғыр тілі осыларға кілт ретінде қолданылатын көне тілдердің бірі. Содан мен «Парные слова современного уйгурского языка» деген тақырыпта диссертация қорғадым. Ол тақырыпты маған Кеңесбаев берген. Бұл – үлкен мәселе. Түркологияда бірінші орында. Содан кейін Севортянға хат жаздым. «Осындай еңбегім бар еді. Доктор болуға лайықтымын ба? Жоқ па, әзірге болмай ма?» деп, ол кісі жазған еңбегіме пікірін білдіріп, «бірінші оппонент болуға дайынмын» деп хат жазды. Менің жетекшім Константин Кузьмич Юдахин. Мен Маловтан кепілдеме алып, ол кісіге шәкірт болған едім. Қазақша, орысша, қырғызша, өзбекше, немісше судай еді. 1500 бет докторлық жұмыс жаздым. Бүкіл Шыңжаңды зерттеген ғалымдардың еңбегін қарадым.

Кеңесбаевты ертіп Бішкекке бардым. Юдахин: «1500 беттік еңбекті оқып отыруға менің күшім жетпейді. Бұны Батманов деген академик бар. Соған тапсырайық. Ол рұқсат берсе, қорғауға болады», – деді. Жұмысымды Батмановқа апарып бердім. Ол кісі қарап шығып: «Бұның 1000 бетін алып қорғауға болады, 500 беті артық» деді. Бұны кімге ұсынамыз дегенде: «Севортянның пікірі жақсы еді. Сол кісіге берсек» дедім. «Севортян түркологияда бірінші адам. Өте қатал кісі. Турасын бір-ақ айтады» деді. Алматыда қорғауға болмайды. Бакудегі Шералиев деген академикке өтініш айттым. Ол кісі Севортяннан кейінгі екінші оппонент болып, докторлықты Бакуде қорғадым. Қорғауға бір күн қалғанда үстімнен арыз түсті. Ол әдебиетшіні бір заманда өзім қолдап ем. «Қайдаров Лениннің сөзін дұрыс аудармаған. Ондай адамға қорғатуға бола ма?» деп отыз екі беттен тұратын телеграмма жазып жіберіпті. Содан ғылыми Кеңес жиналып мәселені шешті. Жұмысты жақсы деп бағалап, қорғап шықтым. Кейін шәй ішіп отырғанда Севортян: «Егер қарсы болмасаңыз мен сіздің жетекшіңіз болайын», – деді. «Сіздің жетекшілігіңізді қуана қабылдаймын», – дедім.

– Түркологияда қазақ тілінің орны қандай? Зерттелуі қай шамада?

– Мен директор болғандығымнан айтып отырған жоқпын. Сол жылдары жұмысымыз жанданғандай еді. Кітаптар шығардық. Конференциялар өткіздік. Қазақстан қазіргі түркі тілдерін зерттеуде үшінші орында. Бірінші орында Мәскеу, Петербор, үшінші орында Қазақстан, төртінші Әзірбайжан. «Сендер үшінші орындасыңдар» деген сөздер бар. Қазақ тілі өзіміздің мінез сияқты. Еркін. Айтуға, тілдің икеміне байланысты анау-мынау қиыншылықтар жоқ. Бұл тіл ноғайларға жақындау. Қазақ халқы көп халықтармен араласқан. Моңғолдармен, парсылармен бірге тұрған уақыттар болды. Тілімізде парсы тілінің элементтері басқа түркі тілдеріне қарағанда көп. Оны зерттеп жүргендер аз. Бір заманда чуваштар Каспийдің бойында тұрған. Олардың тілі өзгеріп кеткен. Бірақ бір буынды түбірлері қазақ тілімен бірдей. Аяқ жағындағы қосымшалары арқылы өзгеріп отырған. Осындай жағдайлар бар.  «Қазақтар ана тілі әлемінде» деген еңбегім негізгі жұмысым. Ақсақалдармен  сөйлесіп отырғанда тыңдап көріңіз, қазақтар әдеби тілдің нормасын онша сақтамайды. Басқа сөздерді қолданады. Осының бәрі этнография. Яғни реалды өмірде қолданып жүрген заттардың атауын басқа сөздермен алмастыру. Бұл этнолингвистикада жаңа сала болып есептеледі, үш томдық еңбек жаздым. «Адам. Қоғам. Табиғат» осы үшеуі қазақ тілін түгел қамтиды. Түркологияда этнолингвистикамен тек қана Мәскеуде шұғылданады. Онда Лев Толстойдың немересі бар.

– «Өмірде көрген құқайларым» деген жазбаңызды кей адамдарға деген өкпе-назыңыз деп түсіндім. Тоқсанға келген ақсақал соларды кешірді ме екен?

– Кешірдім. Бала күнімде ойнап жүріп, Финка деген балаға қолым тиіп кетсе керек. Соны жүрегінде сақтап жүр екен. Бір күні жұдырығымен қойып қалды. Оған жауап қайтаратын жағдай болмады да, үйге барып, тамның көлеңкесінде жылап отырдым. Сонда әкем қайдан көріп қойғанын: «Әй, балам, сен таяқ жеп кеп отырсың ғой. Неге жылайсың?» деді. «Анау Финка мені ұрып кетті» дедім. «Сен Финкаға тиісіп пе едің?». Бұрын бір сондай жағдай болғанын айттым. «Сен өмірде өзіңе тиіспеген адамға тиіспе. Екіншіден, өзіңнің әлің жетпейтін адамға тиіспе. Ал енді тиіскен екенсің, таяқ жеп қалсаң, ол бір жерде ебін тауып ұрып кетсе, онда жылама» деді. Осы өсиет өмір бойы менің ойымда сақталды. Өзім тиіспеймін. Тиген адамды аямаймын. Ғылымда да солай. Ғылымда да сен алған тақырыпты басқа біреу алмасын. Басты принцип – осы. Біреудің тындырған ісі онша табысты болмаса, сонда ғана кіріс. Мен ешкімнің тақырыбын қайталамадым. Бірақ мына «Қос сөз» Кеңесбаевтың тақырыбы. Ол кісі докторлығын қорғады. Мен кандидаттығымды қорғадым. Жер бетінде барлық халықтар қос сөзді пайдаланады екен. Осыған көзім жеткеннен кейін қос сөзді жинай бастадым. Содан кейін жетекшіме айттым. «Әй, қос сөзді мен де жинап жүрмін» деді. Одан кейін кілт тоқтаттыМ.Арасында кездескен фактілерді жинап жүрдім. Қызы «Папамның қос сөз туралы қолжазбасы» деп әкеп берді. Оған көңілім толмай, жинауды қайта бастадым. Сөйтіп, мендегі материал көп болды. Ол кісі материалдарын лаборанттарға жинаттырыпты. Олар қанша жинаса, солай ғана болып қалды. Зерттемей қалуға болмайтын жағдай еді.

Мен лексикологпын. Мына еңбектерім осы салаға жатады. Ғылымда бір салаға бейімделу керек. Әр салаға барған болмайды. «Халық даналығы» деген еңбегімде теория жағына көп бармаймын. Мақал-мәтелдердің пайда болуы, қолдану айтылады. Студент кезімде көп ғалым «шәкірт бол» деді. Балақаев, әдебиетші Белгібай Шалабаев. Өзі майдангер.

– Сіздің жазғаныңыздан оқыдым. Белгібай Шалабаевтың емтиханда қоятын тұрақты бір сұрағы болыпты ғой. «Белинскийдің жазғандарынан тəлім алған қазақ сыншыларынан кімді білесің?» деген. Сол сұраққа жауап бергенде əуелі өзін бірінші атаған дұрыс екен. Осындай мінездер ұстаз-ғалымдарда көп болады ғой деймін...

– Ол кісі сол мен емтихан тапсырып отырғанда «шәкіртім бол» деді. Бірақ мен онша оған мән бермеппін. Қай салаға баруың өзіңе байланысты. Өзіңнің талабың ғой.

– Құжат бойынша туған күніңіз желтоқсанда болғанымен, анаңыз «мамырдың соңы, не маусым айының басында дүниеге келдің» деп отырады екен, жарықтық. Сол есеппен алсақ, тоқсанға келіп қойыпсыз. Құтты болсын, ата! Тоқсанға келген ақсақалға өмір деген не екен?

– Жақсы, сыйлас адамдармен өткізген уақыт.

– Бақыт деген ше?

– Өзіңнің орындалған арманың.

– Байлық деген ше?

– Көп кітаптарымды Түркі академиясына тапсырдым. Аш жүрсем де, қалтамда ақша болса, кітап сатып алдым. Байлығым сол болды.

– Қандай өкінішіңіз бар?

– Мен соғысты көргендігімнен бе, анау-мынау қиындыққа мойынсұнбаймын. Үш қызым бар. Бәрі қызметте. Бәйбішем медицина ғылымдарының кандидаты. Менің осы уақытқа дейін жетуіме осы кісі көп еңбек сіңірді. Бәріне шүкір! Аса өкінетін дүние жоқ сияқты...

– Әңгімеңізге рахмет. Әлі жазатын, ғылымға сіңіретін еңбегіңіз бар. Аман жүріңіз!

Сұхбаттасқан Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ

 «Қазақ əдебиеті». №25(3397). 2014 ж.