Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін ұйымдастыруды жетілдіру, басқару органдарын, күштер мен құралдарды алдағы көктемгі су тасқынына дайындау мақсатында Қостанай облысында «Көктем-2019» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулар басталды.
Алдымен облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі Талғат Кәкімов облыстық жоғары әзірліктегі шұғыл ден қою жасағының байқауын өткізді. Өрт сөндірушілер, құтқарушылар және полицейлер, қаланың коммуналдық және жол кәсіпорындарының құралымдары үлкен көпірдің атқы жағында, Ақ-Шаңырақ мейрамханасы аумағында сапқа тұрды. Бұл жерде штаттан тыс жағдайларға қажетті техника орналасқан.
Әр түрлі қызметтер мен ұйымдардың қызметкерлері облыстық ТЖ басшысының алдында 125 адам және 43 бірлік техника жауынгерлік дайындықта болды. Азаматтық қорғау полковнигі Талғат Кәкімов жасақтың су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайларға дайындығын: техника және жабдықтармен жасақталуын, апат немесе су тасқыны кезеңінде төтенше жағдай қалыптасқан жағдайда жеке құрамның лауазымдық және қызметтік міндеттерін қаншалықты білуін тексерді.
Оқу-жаттығу кезінде Қостанай қаласының маңайындағы су шаятын орындарда апаттың алдын алу жұмыстары және эвакуациялық жұмыстарға дайындық барысы қаралды.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай