• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2019

Шымкентте тағдыр тоғыстырғандар тарихқа тағзым етті

546 рет
көрсетілді

Шымкентте қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен  1 наурыз – Алғыс айту күні қарсаңында «Тарихқа тағзым» күні аталып өтті.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында депортация жылдары Қазақстанға қоныс аударған этностар туралы «Тағдыр тоғыстырған» атты кітап, фото, тарихи құжаттар көрмесі ұйымдастырылды.

Көрмеге оқушылар, студенттер, жалпы жастар буыны өкілдері қатысып, Қазақ жеріне күштеп қоныс аударылған этностардың бастан кешкендерін, мұнда жергілікті халық тарапынан қандай қолдауларға ие болғандығы жөнінде деректермен танысты.

Көрмеге өңірлік қоғамдық-саяси тарихы мемлекеттік архиві, Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі, қалалық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасы, білім мекемелері және этномәдени бірлестіктер 200-ге тарта тарихи-мәдени дүниелерді жұрт назарына ұсынды.

Сонау тар заманда  Қазақ жеріне күштеп қоныс аударылған әзербайжан этносының үшінші ұрпағы Арзу Гурбанова қиын-қыстау кезеңде ата-бабалары қазақтың дархан даласына тап болып, осы бейбіт күнге есен-аман жеткендігін тебірене сөз етті.

«Тұтастай алғанда ХХ ғасырдың басынан бастап, Қазақстанға 5,6 миллион адам күштеп қоныс аударылды. Қазақ отбасыларының өздері ауыр экономикалық жағдайларды бастан кешіп, бұрын-соңды болмаған репрессияға ұшырап жатса да, қоныстанушыларға қолдау көрсетті. Қазақ жерінен пана тапқандардың арасында біздің аға ұрпақ өкілдері де бар. Жергілікті халық бас сауғалап келгендердің тілін түсінбесе де өз бауырындай қарап, барымен бөлісті. Мейірім жылуын берді. Қазір де түрлі этнос өкілдеріне ұдайы қамқор көзбен қарап, бәйтеректей сая болып келеді. Қазақ халқының жақсылығын этностардың бүгінгі ұрпақтары ұмытпауы тиіс»,  дейді әзербайжан этносының өкілі.

Басқосуда мұнан өзге түрік, иран, корей, шешен секілді бірқатар этнос өкілдері азапты жылдарда пана болған қазақ еліне ақеділ алғысын айтып, патриоттық тақырыпта жыр оқыды.

Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazaqstan»

Шымкент